«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Онлайн кәсіптік-бағдарлық жұмыс

2016 жылғы 11 Мамыр
- Жетісу облысы
13130 просмотров

Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжінде өткен мамандықтарды таныстыру рәсіміне мыңдаған оқушы қатысты

Алматы облысындағы Кәсіпкерлер палатасы Панфилов аудандық филиалы Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжімен бірге оқу орнының кәсіптік-бағдарлық жұмысының таныстырылымын ұйымдастырды. Колледж Дуальды оқыту жол картасының қатысушысы екенін айта кету керек. Шараның басты ерекшелігі ретінде кәсіптік-бағдарлық сабақтың онлайн тәртіпте өткені болды. Осының арқасында таныстырылым рәсіміне Алматы облысындағы барлық оқушылар  қатысуға мүмкіндік алды. Нақтырақ айтсақ, ұстаздар мен студенттер «Информатика», «Мектепке дейінгі білім беру», «Аударма ісі», «Туризм және қонақүй ісі» мамандықтары бойынша білім алудың артықшылықтары мен оқу жағдайлары  туралы әңгімеледі.

Палатаның Панфилов ауданы филиалының маманы Несіхан Жазықбаева бұл таныстырылым түлектерге болашақ мамандығын таңдауға жол сілтейтінін айтты. «Кәсіптік-бағдарлық жұмысты атқару Кәсіпкерлер палатасы жолға қойған бағыттардың бірінен саналады. Біз оқушыларға мамандық таңдауда көмек береміз, оқу орны мен бизнес арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтамыз. Дуальды оқыту жол картасының арқасында көптеген түлектер өз мамандықтары бойынша жұмысқа тұрып жатады», – деді Н.Жазықбаева.

Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Сара Темірбаева оқу орнының тарихы мен болашағы туралы айтып берді.

«Колледжіміз 1977 жылы құрылған. Бүгінгі таңда біз 11 мамандық бойынша 1300-ден астам студентті оқытамыз. Бізде ең заманауи материалды-техникалық база бар. Зертханалар, шеберлік және компьютерлік сыныптар бар. Түлектердің 80%-ы мамандық бойынша жұмысқа тұрады. Бұған серіктестермен тығыз байланыс орнатудың арқасында қол жетіп отыр», – деді ол.

Мәселен колледж серіктестерінің бірі  – «Жаркент Арасан» шипажайы. Әр жылы студенттер онда тәжірибеден өтіп, өз кәсіптік машықтарын арттырады.

Онлайн-таныстырылымның басты нәтижесі ретінде оқушылардың айтқан жағымды пікірлері болды. Мысалы, Алакөл, Талғар аудандары және Қапшағай қаласының оқушылары колледжде «Аударма ісі және қонақүй ісі» мамандықтары бойынша білім алуға қызығушылықтарын білдірді. Панфилов ауданындағы ӨКП филиалы мамыр айының соңында түлектер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап кезекті мамандықтар жәрмеңкесін өткізуді жоспарлап отыр. Әлеуметтік маңызы бар шарада кәсіпорын өкілдеріне болашақ қызметкерлерді таңдауға қолайлы жағдай туындайды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер