«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Диқандар суға мұқтаж

2016 жылғы 11 Мамыр
- Қарағанды облысы
10554 просмотров

Кеңгір ауылының шаруалары 10 жылдан астам уақыттан бері ауылшаруашылық дақылдарын өсіруге арналған суармалы жерлерді сумен қамтуда қиындық көріп келеді

Егер бұл мәселе шешімін табар болса, өңірдегі нарық жергілікті ауыл шаруашылық өнімдерімен толығып, азық-түлік бағасының артуына жол берілмес еді әрі жаңа жұмыс орындары ашылар еді.

Осыған байланысты Жезқазған қаласы Кәсіпкерлер палатасы Кеңгір ауылының шаруаларын «Жылу және электр желілері» ЖШС кәсіпорнының су құбырына қосу арқылы Кеңгір су қоймасының аяқ суымен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты бастама көтеріп отыр.

«Біздің ұсынысымызды кәсіпорын басшылығы қолдады. Бүгінде техникалық шарттар мен су құбырына рұқсат алу мәселесіне қатысты кәсіпкерлер мен қызмет көрсетуші кәсіпорын арасында келісім жасалған. Күзге таман қаладағы базар сөрелерінен Кеңгір ауылы шаруаларының ауыл шаруашылық өнімдерін көре аламыз деген сенімдемін», – деп мәлімдеді Жезқазған қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Жүрсінбек Лекеров.

Филиал басшысының айтуынша, бір кездері бұл елді мекенде ауыл шаруашылығы гүлденген, алайда 2000 жылдардың басында суару жүйесі жарамсыз боп қалған. Оны қалпына келтіре қоятын инвестор болмағандықтан, шаруалар ауыл шаруашылық өнімдерін егуді азайтқан. Ұзақ жылдар бойы Жезқазған өңіріне кіретін Жезқазған қаласы мен Сәтбаев қаласының, сондай-ақ Ұлытау ауданына кіретін көптеген елді мекендердің тұрғындары шеттен келетін жеміс-жидектер мен көкөністерді қанағат тұтып келеді. Айта кетерлігі, бұл өңірдің жері қуаң болғандықтан, ауылшаруашылық жерлерін суару мәселесі өзекті болып тұр.

«Сумен барлығы 65 гектар жерді қамтамасыз етуіміз қажет. Алайда, қазірше кәсіпкерлер аздан бастауды жөн көріп, 5 гектарды суаруға шешім қабылдады. Осы аумақты ғана техникалық тұрғыдан меңгере аламыз. Картоп өсіруден бастауды жөн көріп отырмыз. Өйткені картоп түгелдей шеттен әкелінеді. Шығынды екі кәсіпкер көтеріп отыр, егер барлығы біз ойлағандай болса, келесі жылы олардың қатарына тағы алты кәсіпкер қосылады, соған сәйкес суармалы жер телімдерінің де аумағы арта береді», – дейді Ж.Лекеров.

Филиал директоры жер иелері пайдаланған судың ақысын тариф бойынша төлейтіндіктерін, ал су құбырларын жүргізуге кеткен шығынға несие қаражаты қажет болмағандығын да айтып өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер