«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтөбелік 55 жоба өңірлік картаға енді

2016 жылғы 05 Мамыр
- Ақтөбе облысы
3608 просмотров

Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар үшін қолайлы әрі қолжетімді

Интерактивті карта (businessmap.kz порталы) әрбір кәсіпкерлік субъектісіне қысқа және ұзақ мерзімді перспективада өз қаражатын экономиканың қай саласына салып, оны қалай молайтуға болатыны жөнінде бағыт-бағдар береді. Бұл дегеніңіз, кәсіпкер бизнеске салатын қаражатын қай саладан қандай мерзімде қайтара алатындығын алдын ала жоспарлап, одан әрі өз кәсібін дамытуға мүмкіндік алады.

«Картаға әзірге өңіріміз бойынша  инвестицияны қажет ететін 55 жоба енгізілді. Бұған қоса Кәсіпкерлер палатасы әлі де инвестициялық жобаларды іріктеу жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде», – дейді Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы жобаларды сүйемелдеу бөлімінің бастығы Дидар Боранқұлов.

Ал жобаларды іріктеу барысында оны жүзеге асырылуы үшін қажет инвестицияның көлеміне, болашақ өндірісте қолданылатын заманауи және инновациялық құрал-жабдықтар мен технологиялардың болуына, сондай-ақ өндірістің экспорттық әлеуетіне баса мән беріледі.

Карта бірнеше құрылымдық бөлімдерден тұрады. Соның бірі – Палата сарапшылары тарапынан жүргізілген, кәсіпкерлер мен бизнес-құрылымдар және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысқан сауалнамалар мен талдаулардың нәтижесінде, Ақтөбе облысындағы бизнесті жүргізуге байланысты жағдайға баға беріліп, олардың қорытындылары тұрақты түрде жарияланып отырмақ.

Дидар Боранқұловтың айтуынша, бұл Картада әрбір өңірдің немесе облыстың экономикалық мамандануы, экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіштері, сол өңірдегі бизнес-ахуалдың деңгейі, кадрлық жағдайы, шикізат қорларымен жүзеге асырылып отырған инвестициялық жобалар және іске қосылған өндірістер туралы ақпараттар бар. Мұндай деректер картаны қолданушыға немесе ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге аса қажет екені даусыз.

Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасында инвестиция тарту мәселесі де назардан тыс қалмаған. Осы орайда, аймақтық кәсіпкерлер палатасы бөлімі жетекшісінің ойынша, Картада берілген Ақтөбе облысының индустриялдық дамуы, мамандануы, шикізат қоры, логистикалық орталығы, кәсіпкерлік субъектілерінің белсенділігі, инвестицияны қажет ететін жобалар саны және басқа да экономикалық ахуалы туралы ақпараттар инвесторлардың дұрыс шешім қабылдауына септігін тигізеді. Мәселен, Қазақстанның ірі өнеркәсіптік орталығы саналатын Ақтөбе облысында еліміздегі хром кенінің барлық қоры, никельдің 55, титанның 40 және фосфориттің 34 пайызы шоғырланған. Сонымен қатар, көліктік-жағрапиялық тұрғыда тиімді орналасуы, өнімді сыртқы нарықтарда саудалауда бәсекеге қабілетін күшейтуде. Жергілікті шикізатты қолданудың арқасында металл өңдеу, химия және тамақ өнеркәсібі қанат жаюда. Ауыл шаруашылығы да өздігінше өркендеп, шаруалар төрт түлік малын өсіріп, басым көпшілігінде ет пен сүтін өткізуде.   

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер