«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Студенттерді су жаңа тракторлар тосып тұр

2016 жылғы 05 Мамыр
- Жетісу облысы
8227 просмотров

Жетісу аймағындағы жекелеген аудандарда дуальды оқыту жүйесі сәтті енгізіліп жатыр

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының Ұйғыр ауданындағы филиалы Шонжы политехникалық колледжінің базасында Білім беру басқармасының әдістемелік кабинетімен бірлесе отырып, өндірістік оқыту сабағының таныстырылымы мен «Кадрларды сапалы даярлау шарты ретіндегі әлеуметтік серіктестік» тақырыбында семинар өткізді. 

Облыс бойынша 18 колледж аталған бағдарламаның қатысушылары екенін айта кету керек. Шонжы политехникалық колледжі Дуальды оқыту жол картасы бағдарламасының сәтті сынақ алаңдарының бірінен саналады. Оқу орны осымен екі жыл бойы аудандағы жетекші кәсіпорындармен ынтымақтаса жұмыс жасап отыр. Мәселен, колледж серіктестерінің бірі «ҚазРосАгро» ЖШС-мен бірлесе «тракторшы-механизатор» мамандығы бойынша мамандар даярлауды қолға алып, ол бойынша 25 адам білім алуда. Кәсіпорында тәжірибеден өткен 5 студент егістік басында өз кәсіптік машықтарын көрсетті. Білім алушылар соңғы үлгідегі  заманауи тракторда жүріп өтіп, жүргізу қабілеті мен техниканы басқара алатынын көрсетті. Бұл дегеніңіз, студенттерге ерте өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігін ұсынудың маңыздылығын айқындайды.

Естеріңізге салсақ, бұрынғы бағдарлама бойынша студенттер оқу-өндірістік тәжірибеден тек соңғы курста өтетін, ал дуальды оқыту бойынша олар екінші курстан бастап-ақ тәжірибе жинай бастайды.

«Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – дуальды оқытудың маңызды факторларының бірі. Кез келген кәсіпкер болашақ маманды су жаңа суперзаманауи техникаға отырғызуға бара бермейді. Ең бастысы, кәсіпорын барлық студенттерге жұмыс ұсынуға дайын. Бұл бизнес пен білім беру саласының өзара әрекеттестігінің тамаша үлгісі», – деді Өңірлік кәсіпкерлер палатасы Адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева.

Сонымен бірге, «Су құбыры» МКК өкілдері кәсіпорынның материалды-техникалық базасымен, тәлімгерлік ұйымымен таныстырды. Аталған компания да колледждің әлеуметтік серіктесі болып саналады және келесі жылы тәжірибеден өтушілерге шәкіртақы беруді жоспарлап отыр.

Семинарда дуальды оқытудың осы және өзге де мәселелері талқыланды. Шараға Балқаш, Жамбыл, Еңбекшіқазақ және Райымбек аудандарынан келген оқу орындары директорларының орынбасарлары қатысты. Олардың колледждерінің ешқайсысы Дуальды оқыту картасының қатысушысы болып саналмайды. Сондықтан да карта тұсаукесері оларды Жол картасына қатысуға ынталандырды. Олар бизнеспен өзара тиімді әріптестік жасаудың оң нәтижелер беретіне көз жеткізді. Оқу орындарының өкілдері қызығушылықтарын жасырмай, бағдарламаны жүзеге асыру мәселелерін тағы бір мәрте саралауды жоспарлап отыр.

Сонымен бірге, қатысушылардың айтуынша, бүгінде дуальдық оқыту жүйесін енгізу заңнамалық базаны жетілдіруді, салықтық жеңілдіктер мен тәуелсіз сертификацияны қажет етіп отыр. Бұл мәселелердің барлығы түзетілуі қажет және бұдан кейін де Жол картасы қатысушыларының ортаға салар тақырыбына айналуы тиіс. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер