«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Өндіріс пен оқу мүддесі тоғысқанда...

2016 жылғы 29 Сәуір
4304 просмотров

Бүгінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бастамасымен, Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, Дуальдық оқыту жүйесін енгізудің Жол картасы әзірленген. Аталған маңызды құжат үш жүзден астам колледж бен 1137 кәсіпорынды қамтып, оның аясында 17500 маманды дайындау жөнінде келісім жасалған.

Теория мен тәжірибені, сапалы оқу саласы мен еңбек көрігі қызу қайнаған өндірісті ұштастыруды мақсат тұтқан дуальдық оқыту жүйесі жайлы «Атамекен»Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Адами капиталды дамыту департаменті директорының орынбасары Ләззат Шонаевадан анығырақ сұрап білуге тырыстық. Палата іргетасы қаланғаннан тиісті бағытты мықтап қолға алған сарапшы өзекті мәселенің қыр-сырына әбден қанық.

 - Ләззат Жаббарқызы, елімізде дуальдық оқыту тәсіліне қаншалықты назар аударылуда? Осы орайда Ұлттық кәсіпкерлер палатасы атқарған жұмыс көлемі қандай?

 - Қазіргі таңда ел Үкіметі дуальдық білім беру жүйесін дамытуға айрықша көңіл бөліп, кәсіпорындар мен колледждер арасындағы ынтымақтастық нығайып, қарым-қатынас жандана түсуде. Республикадағы 807 колледждің 314-і «Атамекен» ҰКП пен Білім министрлігінің Жол картасынан көрініс тауып, жалпы санның 39 пайызымен шұғылданудамыз. 11 саладағы 95 мамандық пен 180 біліктілік жағы қамтылуда.

Сұранысқа ие жұмыс орындары жайы айқындалып, жұмыс беруші жақтың колледждерді қамқорлығына алуы жөнінде 60 келісімшарт жасалды. Сервис пен қызмет саласы кәсіпкерлерінің қауымдастығы – Қызылорда индустриалдық-техникалық колледж және «Қазфосфат» ЖШС – Тараз химия-технология колледжі тараптарынан 2 консорциум құрылды.

Мәселен, «Базис А» құрылыс компаниясы және Астана мен Алматыдағы 3 колледж құрылыс мамандықтары бойынша өзара мәмілелерді бекітті. «Базис А» компаниясы колледждерге қамқорлық көрсете отырып, тығыз қарым-қатынаста студенттерді өзінің құрылымдық бөлімшелерінің құрылыс алаңдарында өндірістік оқытуға жәрдемдеспек. Оқытып қана қоймай, жалақы төлеп, арнайы киіммен қамтамасыз етпек. Өндірістік-оқу жоспары да бірлесе жасақталуда.

Қазақстанның 15 өңірінде 50 оқу орталығы құрылып, бесеуі салалық оқу кластеріне кірді. Ұлттық палатаның белсенді атсалысуы арқасында, 34 оқу орталығы ашылды. Өндіріс орындарының тапсырысы ауқымында 5120 адам қайта даярлауға ілігіп, үш мыңға жуық адам біліктілігін арттырды. Сонымен қатар, 7826 жан жұмысқа орналасты.

 Отандық кәсіпкерлер қауымының бұл салаға инвестиция құюға құлшынысы байқалады ма? Өздеріне керек кадрларды дайындауда бизнес құрылымдарының ықыласы қаншалықты дәрежеде?

 - Ірі жүйе құраушы кәсіпорындар мұның көкейтесті дүние екенін жақсы түсініп отыр. «Қазэнерджи», «Қазақмыс», «Қазфосфат», «Степногорск» еуропалық шина компаниясы, «Борусана макина» тараптарында біліктілікті жоғарылату, шеберлікті шыңдау орталықтары құрылған. Өндірісте мұқтаждық сезілген кәсіптік кадрлардың көкжиегін кеңейтуде колледждер ашылып, техникалық білім беру ұйымдарымен байланыс реттелді. Бұл жерде шағын және орта бизнесті ортақ іске жұмылдыру, оларға жәрдемдесу мәселесі туындауда. Тәлімгерлік қызметінің де өрісін ұзартқан абзал.

 - Заңнамалық тұрғыда қолдау бар ма? Қаржыландыру тетіктері, білім ордаларындағы оқу бағдарламасы мен кәсіпорындардың талап-шарттары үндестік табуда ма?

Қазіргі кезде ҚР «Білім туралы» Заңына «дуальдық оқыту» ұғымы енгізілген. Дуальдық оқытуды ұйымдастыру ережесі түзіліп, бекітілген. Мемлекеттік мекемелермен тізе қосқан райда, мемлекеттік жалпыға міндетті техникалық кәсіптік білім беру стандарты жасақталуда. Мамандарды даярлау ісіне жұмыс берушілер де етене араласып, өндіріс алаңдары бой көтеріп, қажетті дағды-машықтар үйретілмек. Колледжде оқыту шығыны, өндірістік оқыту мерзімі мен күнтізбелік кезеңі тек жұмыс берушінің келісімі шеңберінде ғана анықталады. Өткен уақытта Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 100-ден астам нормативтік-құқықтық акт қабылданып, қарастырылды.

Жастарды өндірісте тәжірибеден өткізуде отандық өндіріс нысандары оларды қабылдауға  қауқарлы ма?

 - Иә тарқататын түйткілдер баршылық. Мысалға, техникалық кәсіптік оқу нүктелері мен өндіріс ошақтары толықтай жабдықталған деп нық сеніммен айту қиын. Бұл тұста кәсіпорындар қажетті қорды өздері белгілегендері жөн. Әлбетте, қосымша жұмыс күшін тартып, болашақ тұрақты еңбеккерлерін мұқият іріктеу үшін қолайлы ахуал жасауға мүдделік танытқан дұрыс. Содан ескірген техникалық ресурсты жаңартуға қызығушылық та оянады. Жастарды тәжірибеден өткізудің тағы бір қыры – оқу бітірген соң «екі қолға бір күрек» таба алмай жұмыссыз жүріп қалатын жастарға қатысты. Мұндай оқу орындарының түлектері Жұмыспен қамту орталығы арқылы 6 айға дейін мерзімге өндірісте машықтанып, оқуда білгендерін істе сынауға жіберіледі. Содан көбінесе жұмыс беруші жақ өздеріне ұнаған жанды тұрақты жұмысқа қабылдап, жағымды жаңалықтармен қуантып жатады.

 Осы тұстан қайырсақ, биыл қай жұмыс бағытына басымдық беріп отырсыздар?

 - Ағымдағы жылы біліктілікті арттырып, оны лайықты түрде куәландыруға ерекше көңіл бөлудеміз. Бірақ, бірден ескерте кетерлігі, дуальдық оқыту арқылы кадрдың ой-өрісін байытуда кәсіп иелері лезде пайда көремін деп ойламауы керек. Бұл шаруа бір жылға дейін созылуы мүмкін. Белгілі бір шығындардың да болуы ғажап емес. Түптеп келгенде, барлығы кәсіпкердің таңдауына байланысты. Кімді жұмысқа алады, келісім баптары, жұмыс орнындағы жағдай бар... Нәтижесінде солардың ішінен тұрақты жұмыскерін таңдап ала алады.

1254 келісімшарт кәсіпорындарда тәжірибелік оқудан өтуге қажет өндірістік алаңқайлар анықталды. Соңғы 2 жылда қол қойылған уағдаластықтар қатары 2,5 есеге, Жол картасына қатысушы кәсіпорындар саны 2 есеге өскені біраз жайды аңғартуда. 

 - Әңгімеңізге рахмет! Еңбектеріңізге жеміс тілейміз!

Сұхбаттасқан Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер