«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Аялдауға не үшін тыйым салынды?

2016 жылғы 28 Сәуір
- Ақтөбе облысы
9375 просмотров

Ақтөбеде «Аялдауға тыйым салынады» деген жол белгісі кәсіпкерлерге кедергі келтіруде

Ақтөбе облысы Өңірлік кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені Кәсіпкерлердің құқын қорғау жөніндегі кеңес мүшелерінің талқысына салды.

ӨКП директорының орынбасары Мирлан Бейсенғалиевтің айтуынша, Палатаға кәсіпкерлерден «Аялдауға тыйым салынады» деген жол белгісін орнатқан мемлекеттік органдардың әрекетіне қатысты бірнеше мәрте арыз-шағым келіп түскен.

Мәселен, гүл сатумен айналысатын Ольга Демчуктің жеке кәсібінің жанына 2015 жылдың желтоқсан айында жол белгісі орнатылысымен, сауда бірден күрт төмендеп кеткен. Кәсіпкер жұмысшыларын жұмыстан босатуға мәжбүр болыпты.

Бірнеше азық-түлік дүкендерінің иелері тауар тасымалдауда проблемалар туындағанына шағымданған. Мирлан Бейсенғалиевтің сөзінше, бұрынырақ ӨКП-ға Стрелковая бригада көшесі 101-де және онымен қиылысатын көшелерде жұмыс істейтін 53 бизнес субъектісінен ұжымдық шағым келіп түскен.

«Олардың коммерциялық нысандары үйлердің бірінші қабаттарында немесе жолдың бойында орналасқан. Тұрақ орны болмағандықтан, Ақтөбе қаласы ІІБ тарапынан орнатылған жол белгісіне бола, көлік иелері көліктерін тұрғын үйлердің аулаларына қоюға мәжбүр. Орын алған жағдайға байланысты, жеткізушілер мен тапсырыс берушілер жүкті тиеп-түсіру жұмыстарын жүргізе алмайды. Тапсырыс берушілердің де көліктерін қоятын орын жоқ. Осы жайттарға байланысты тапсырыс берушілер мен жеткізушілердің көбі бизнес субъектілерімен әріптестік орнатудан бас тартады. Ол өз кезегінде табыс деңгейіне әсер етеді», – деді директордың орынбасары.

Осыған орай, ӨКП сарапшылары жол белгісін орнату Құрылыс және Санитарлық нормалар мен ережелерінің талаптарына қайшы келеді деген байлам жасап отыр. Ақтөбе қаласы ІІБ тарапынан берілген жауапқа сәйкес, 3.01-01-2008 жылғы ҚР Құрылыс нормалары мен ережелеріндегі құрылыс нормаларына сәйкес базарлардың, сауда үйлерінің, дүкендердің және басқа да халық көп баратын орындардың алды нысан иесінің меншігіндегі жер теліміне салынған тұрақтармен қамтамасыз етілуі тиіс. Палатаға өтініш білдірген кәсіпкерлер өз есебінен тұрақтар салуға дайын.

Тіпті, Палата Ақтөбе қаласының әкімдігіне Әбілқайыр хан даңғылының бойындағы  №68 үйдегі «Махараджи» дүкеніне қарама-қарсы орнатылған «Тоқтауға тыйым салынады» деген белгінің орнына «Аялдауға тыйым салынады» деген белгі орнатуға көмектесуін сұрап, хат жазған. Алайда, бұған да рұқсат етілмеген.

Кәсіпкерлер мен Кәсіпкерлердің құқын қорғау жөніндегі кеңес мүшелерінің пікірлері тыңдалған соң, іс материалдарын қарап, шешім қабылдау, сондай-ақ жол белгілерін орнатудың заңдылығын тексеру үшін Ақтөбе қаласының прокуратурасына жіберу туралы ұйғарым жасалды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер