ЭКСПО 147 млн евроны демеушілерден алмақ
Қазақстан тек демеушілерді күтіп отырған жоқ, көрмеге отандық компанияларды да тартып жатыр
Көрменің тіркеу құжатнамасына сай, ЭКСПО-2017 көрмесі 147 миллион евро соманы демеушілерден алуды жоспарлап отыр. Қазір қазақстандық және шетелдік компаниялармен 100 миллион евроға келісімшарттар мен меморандумдарға қол қойылды. Бұл туралы бүгін Астананы дамыту мен ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық жөніндегі жиында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов айтты. Бұл жиын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен өтті.
«Бұрын қабылданға шараларға қосымша бюджеттік шығынды оңтайлы жұмсау үшін осындай жұмыстар атқарылып жатыр. Ол радиобайланыс, кеңсе техникасы, тексеру құрылғыларын орнатуға аутсорсинг тартуға қатысты болып тұр», – деді Есімов. Оның айтуынша, осының бәрі дайындыққа кері әсерін тигізбеуге, шараны өткізу сапасына әсер ететін қаржыны үнемдеуге үлкен көмек.
Дегенмен, Есімов өзі басқарып отырған ұлттық компанияның қаржылық қиындығы бар екенін де атап өтті.
«2015 жылғы шілдеде жасалып бітуі тиіс жобалық-сметалық құжатнаманың жоқтығынан қиындықтар туып жатыр. Бас жоспарлаушы ол құжатнаманы осы айдың соңында беруге уәде беріп отыр. Алайда, бас мердігер компаниялармен бірлесе отырып жедел шешімдер қабылдап, бұл жағдайдың құрылыс екпініне әсер етпеуіне бар күшімізді салып жатырмыз», – деп баяндады Есімов.
Қазақстандық тауар өндірушілердің қатысу көлемін есептей келе Есімов көрменің құрылысына «256 отандық компания» қатысып отырғанын хабарлады. 35 млрд теңгеге келісімшарттар жасалып, 30 мың адам жұмысқа тартылып, көрсетілген қызмет ауқымы мен жеткізілген тауар мен материалдар ақысы 255,8 млрд теңгеге шығып отыр. «Аталған шаралардың жүргізілуі – көрменің жобасы нағыз дағдарысқа қарсы жасалып жатқан шаруа екенін дәлелдейді», – деді Есімов.
Оның үстіне, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов «көрмені өткізу – туризмді дамытып, қызмет көрсету саласын жетілдіре түседі» деп қосты.
Көрмеге қатысушылардың павильондарын салу қарқынды түрде жүзеге асып жатыр. Тақырыптық павильондарды жобалау биылғы жылдың тамыз айының соңына дейін аяқталып, қыркүйектен бастап жөндеу жұмыстары басталады.
Көрменің басты нысаны – Қазақстанның павильоны орналасатын бөлік те кестеге сай жасалып жатыр. «Өзіңіз мақұлдаған жұмыс құжаты – Көрменің басты нысаны – жобалаушылардың айтуынша, 11 мамырда дайын болады. Содан кейін оның нақты жүзеге асуын бастаймыз», – деп түйіндеді сөзін А.Есімов.
83 ел мен 14 халықаралық компания ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатынын растаған. Көрмеге 5 миллион адам келеді деп күтілуде, оның 85%-ы қазақстандықтар болмақ.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: