Мұнайшылар қаласы қандай мамандарға мұқтаж?
Жаңаөзен бизнес-ортасы әлеуметтік жұмыс орындарын ашуға құлық танытпай отыр
Бұл проблема Маңғыстау облысы әлеуетті жұмыс берушілердің «Жаңа серпін» орталығы» КММ өкілдерімен Кәсіпкерлер палатасының Жаңаөзен қалалық филиалы алаңында өткен кездесуі барысында айтылды.
Кездесуді ашқан «Жаңа серпін» орталығы» КММ директорының орынбасары Нұрбек Сұлтан жиналғандарға әлеуетті жұмыс берушілер мен олардың болашақ жұмысшыларына өзара тиімді мүмкіндіктер ұсынатын орталықтың мақсаттары мен міндеттері туралы айтып берді.
Оның айтуынша, бос орындарға жұмысшылар алу үшін кәсіпкер кәсіпорын атауын, қажетті мамандар санын, әр бос қызмет орнына қойылатын біліктілік талаптарын, жалақы мөлшерін көрсетіп, ерікті түрде өтініш қалдырады. Бұдан кейін, сұраныс негізінде «Жаңа серпін» орталығы жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыс берушіге қажетті кадрларды іріктеп алады, олар болса, кәсіпорынға барып сұхбаттасудан өтеді.
Сонымен бірге, «Жаңа серпін» орталығы директоры орынбасарының айтуынша, егер үміткерлер арасында кәсіпкерге қажетті мамандар болмаса, онда мемлекет есебінен біліктілікті арттыру және біліктілікті қайта көтеру курстары бойынша оқыту жүзеге асырылады.
«Бұл үшін «Жаңа серпін» орталығы, сіздің кәсіпорныңыз бен жұмысшы арасында үшжақты әлеуметтік келісімшартқа отырады, оған сәйкес біз жұмысшыны оқытуды, оқыту кезінде жол ақысын, жатын орны мен тамағын төлеп беру міндетін мойнымызға аламыз; сіз оқыту аяқталған соң оны жұмысқа қабылдауға міндеттелесіз. Сонымен бірге, оқытатын орын мен оқыту ұйымын таңдау сіздің еншіңізге беріледі, біз өз тарапымыздан оқу орнын таңдау мен іріктеуге көмек береміз», – деді ол.
Кездесуге қатысқандар қажетті мамандарды дуальды оқыту тәсілімен, мәселен, Ресейден, жоғары білікті мамандарды шақыру арқылы өз кәсіпорны базасында оқыту мүмкіндігі туралы біле алды. Мұнда да, оқытушыға кететін шығынды «Жаңа серпін» орталығы өз мойнына алады, яғни жұмыс беруші үшін бұл мүлдем тегін.
«Сіздер үшін әлеуметтік жұмыс орындары және жастар тәжірибесі деген тиімді нұсқалар да бар, – деді Н.Сұлтан. – Бірінші жағдай (ред. – әлеуметтік жұмыс орындары), егер сізде штаттық бірлік ашып, жалақы төлеуге қаражат болмаған жағдай туындаса, сіз бізге өтінім бересіз, ал біз жұмыспен қамту орталықтарында тіркеуде тұрған жұмыссыздар қатарынан қажетті жұмысшыны іріктеп береміз. Бір жылға жасалатын үшжақты келісімшарт бойынша, мемлекет жұмысшы еңбекақысын минималды еңбек ақының 35%-ы мөлшерінде төлеп береді. Бұл жұмыс беруші бір жылдан соң, штаттық бірлік ашады деген шарт арқылы жүзеге асады. Екінші жағдайда, біз сіздің өтінішіңіз бойынша дипломы бар, бірақ жұмыс өтілі жоқ маманды жастар тәжірибесі арқылы жібереміз. Үшжақты келісім жарты жылға жасалады, бірақ маманның еңбек ақысы мемлекет есебінен төленеді», – деп түсіндірді орталық директорының орынбасары.
«Жаңа серпін» орталығы» ККМ функцияларының жұмыспен қамту орталықтарынан айырмашылығы қандай деген кәсіпкерлер сұрағына спикер жұмыспен қамту орталықтарының бюджеті шектелгендігіне байланысты олар жұмыссыздарды білім алуға шетелдерге жібере алмайды деп жауап берді. Оның айтуынша, «Жаңа серпін» орталығы» облыс әкімінің бастамасымен бір жыл бұрын құрылған. Орталықты құрудағы мақсат жұмыспен қамту орталықтарындағы олқылықтардың орнын толтыру болғандықтан, қажетті мамандарды оқытуды қаржыландыруға қатысты проблемалар жоқ.
Кездесу барысында Жаңаөзен қаласының жұмыспен қамту орталығы бетпе-бет келіп отырған проблеманың ұшы көрінді: ірі, орта және шағын жекеменшік кәсіпорындардың барлығы да арзан жұмыс күшін мемлекет есебінен тарту мүмкіндігін пайдаланып қалуға асықпайды екен. Негізінен, әлеуметтік жұмыс орындарына өтінімдер балабақшалар, мектептер, коммуналды қызмет көрсету орындары секілді түрлі бюджеттік мекемелерден келіп түседі.
Қызықты әрі пайдалы кездесуден мұнайлы қаланың бизнес-қоғамдастығы өкілдері өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: