«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тараздық жігіттердің жетістікке жету жолдары

2016 жылғы 25 Сәуір
- Жамбыл облысы
9972 просмотров

Ірі кәсіпорындардың жас та табысты мамандары колледж студенттеріне өз ісінің шебері болудың қыр-сыры туралы ойларымен бөлісті

Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасы корпоративтік басқару шеңбері аясында  республикалық «Өз ісінің үздігі»,  «Еңбек адамы» байқауларының жеңімпазы және «Болашақ» бағдарламасы бойынша өндірістік тәжірибеден өткен түлекпен Тараз химия-технология колледжінің студенттерінің кездесуін өткізді.

Екі күндік шараның алғашқы күнінде «Казфосфат» ЖШС бас энергетигінің орынбасары Дмитрий Попов пен «Амангелді ГӨЗ» аға операторы Дәулет Егембердиев студенттер алдында сөз сөйлеп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Жастар еңбек жолын Жаңа Жамбыл фосфор зауытының цехында жас маман болып бастаған Дмитридің табысқа қол жеткізу туралы тарихын тапжылмай отырып тыңдады. Ол алты жыл ішінде қатардағы электр жабдықтарының маманынан зауыттың бас энергетигіне дейін қызмет баспалдақтарынан өтіп үлгерген. Екі бірдей жоғары білім мен магистр дәрежесінің иегері тағы да бір магистратураны тауысып, доктарантураға түсуге ниетті екен. Дмитрий халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша 2014 жылы Берлин техникалық университетінде және Германиняның ірі кәсіпорындарында баламалы энергия көздері тақырыбында тәжірибеден өткен.

Дәулет Егембердиев бұл күнде «Амангелді ГӨЗ»-де аға оператор, №1 ауысым технологы болып еңбек етеді. Ол – 2015 жылы республикалық  «Өз ісінің үздігі» байқауында «Үздік технолог» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. «Сіздердің ең үлкен байлықтарыңыз ол – уақыт»,– деді студенттермен өткен кездесуінде сөйлеген сөзінде Дәулет Егембердиев. – Уақыттарыңызды әлеуметтік желі де немесе интернетте отырып босқа өткізесіздер ма жоқ әлде пайдалы іске жұмсайсыздар ма ол өздеріңізге байланысты.

Сонымен қатар, республикалық  «Еңбек адамы» байқауының жүлдегерлері Нұрбол Тұрымбетов пен Ілияс Сыриев те жастар алдына шығып, жетістікке жетудің жолдары туралы өз ойларымен бөлісті. Екі жас та «Химия саласының үздік жас маманы» аталымдары бойынша жеңімпаз атанған.

Айта кету керек, «Еңбек адамы» байқауы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жастар ісі комитетінің және Қазақстан ауыл жастары мен еңбекшілері қауымдастығының бастамасымен дарынды, шығармашыл, белсенді жастарды анықтау мақсатында ұйымдастырылған.

Нұрбол Тұрымбетов  еңбек жолын аппаратшыдан бастап  «Казфосфат» ЖШС өндірістік-технология бөлімінің басшысына дейінгі қызметтерді абыроймен атқарып келеді. Ал, Ілияс Сыриев  «Қаратау» тау-кен кешенінде маркшейдер болып жұмыс істейді. Нұрбол мен Ілияс мақсатқа жету жолында тек өз күшіңе сену керек деген қағиданы ұстанатындықтарын айтты.  

«Біз бұл кездесулерге әдейі ірі компаниялардың басшыларын емес сол компанияларды табысты жұмыс жасап жүрген жас мамандарды шақырдық. Жас айырмашылықтарың 5-6 жас қана. Олар да осыдан аз уақыт бұрын өздерің секілді студент болып, колледж қабырғасында білім алған. Сендер осы жастарға қарап бой түзесе екен дейміз. Себебі, олар оқу бітіргендеріне аз уақыт болса да қызмет баспалдағында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді. Сондықтанда олар өз тәжірибелері арқылы сендерге толайым табысқа қол жеткізу үшін сапалы білім керек екендігін көрсете білді деп ойлаймын», – деді Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Бағила Абдулдаева жастармен болған кездесуді қорытындылаған сөзінде.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер