«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Білімдінің өрісі кең

2016 жылғы 25 Сәуір
- Астана қаласы
11948 просмотров

Осы жыл басталғалы бері Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының «Бизнес-мектеп» жобасы аясында 200-дей адам білім алды

Кәсіпкерлік қызметінің негіздері мемлекеттік және орыс тілдерінде өтетін «Бизнес-кеңесші» курсында оқытылады. Екі күндік тренинг елорда халқының көңілінен шықты. Дәрісті тыңдаушылардың жасы мен әлеуметтік санаттары әртүрлі: колледждер мен ЖОО студенттері, академиктер мен ғылым докторлары, зейнеткерлер.

Бұл жолы білім алушылар қатарында мүмкіндігі шектеулі жандар да болды. Көру, есту қабілеттері нашар болғанмен, олар қоғамдық өмірден шет қалмай, белсенді өмір салтын ұстануға тырысады. Кәсіпкер Эмин Әскеровтің қамқорлығының арқасында балалар оның тоқылған бұйымдар жасаумен айналысатын «Green Tal» әлеуметтік шеберханасына барып, жұмыс істей алады.

«Кәрзеңке, жеміс салатын ыдыстар, құмыралар тоқудың негіздерін үйренудеміз. Дайын өнімдерді сатамыз», – дейді көру қабілетінен айырылған 26 жасар Фархат Катренов.

Келешекте Фархаттың кәсіпкер атанғысы келеді. «Өмір бойы жалғыз еңбекақыға қарап отырмаймыз ғой!», – дейді ол. Кәсіпкердің де міндеті балалардан жеке бизнесмендер дайындап шығару екен. Сондықтан, ол Астана қ. Кәсіпкерлер палатасына келіп, балаларды «Бизнес-кеңесші» курсына өзі жаздырыпты.

Екі күннің ішінде бизнес-тренер Азамат Оңайбаев оларды кәсіпкерлік әліпбиімен таныстырды. Оның айтуынша, жұмыс барысында ол балалардың ерекшелігін ескерген, сонымен қатар, топта оларды басқалармен тең дәрежеде жұмыс істетуге тырысқан. Инклюзивті тәсіл өз жемісін берді. Барлығы риза.

«Өте жақсы оң әсерлер! Қажетті әрі пайдалы ақпарат, басы артық ештеңе жоқ. Барлығы қысқа әрі нұсқа. Алған біліміміз болашақта қажетімізге жарайтынына сенімдімін!», – деп ой бөлісті Ақжігіт Әбішева.

Ол курсқа есту қабілеті нашар сіңілісі Жұлдызды ерте келген. Жұлдыз үшін жеке іс ашу идеясы көптен бері ойында жүр екен.

«Басында кеңес беру қызметін көрсетпек болдым, мен – бухгалтермін. Алайда қазір тігін шеберханасын ашқым келеді, өйткені Жұлдыз тігінмен айналысады әрі бос уақытын сонда өткізер еді. Осы екі күннің ішінде өз идеямды жүзеге асыруға бұрынғыдан да жақындай түстім. Өйткені, кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шараларымен таныстық. Кейбір қорқыныштар, сенімсіздік біртіндеп кетті. Жақсы әзірленген бизнес-жоспарың, сенімің мен бастапқы капиталың болса, барлығын жүзеге асыруға болатынына сенімдімін», – деді Ақжігіт екі күннің қорытындысын шығара келе.

Естеріңізге сала кетсек, «Бизнес-мектеп» жобасы «Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасының «Кәсіпкерлік әлеуетті арттыру» атты төртінші бағыты аясында жүзеге асырылуда. Бизнесті дамыту мен жүргізуге қаржылық емес қолдау көрсету операторы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы.

«Бизнес-кеңесші», «Бизнес-өсу», «Жобалық оқыту» курстарында экономиканың барлық саласында әрекет етуші шағын және орта бизнес субъектілері тегін оқытылады.

         

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер