«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ҰКП денсаулық сақтау жүйесіндегі стратегиялық мәселелерді шешуге қатысуға дайын

2016 жылғы 22 Сәуір
9131 просмотров

Астанада Ұлттық денсаулық сақтау палатасының кезектен тыс съезі өтті

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева съезді аша отырып, Ұлттық палатаның салалық қауымдастықтармен «Денсаулық» бағдарламасының шеңберінде өзара қарым-қатынас орнату тақырыбында баяндама жасады.

«ҰКП 2016 жылдың басынан бері салалық ұйымдармен бірлесе отырып, бірқатар мәселені шеше алды. Палатаның «Денсаулық» бағдарламасына ұсынған МЖӘ пилоттық жобаларын енгізу туралы ұсыныстары, медициналық ұйымдарды аккредиттеу қызметтерінің жартысын нақты ортаға беру сияқты ұсыныстары қабылданды. Сондай-ақ, ҰКП 7 отандық өндірушімен, 4 медициналық техника шығаратын кәсіпорынмен, 5 логистикалық қызмет көрсететін компаниямен ұзақ мерзімді шарт жасады. Қазір 7 компания жаңа ұзақ мерзімді шарт жасауға ұсыныс білдірді. Денсаулық сақтау министрлігі мен бизнес-қауымдастықтың бірлесе күш жұмсауының арқасында «СК «Фармацея» ЖШС-дан қазақстандық сатып алу үлесін ақшаға шаққанда 16-дан 23%-ға арттыруға мүмкіндік туды», – деп мәлімдеді ол.

Сонымен қатар, Якупбаева міндетті медициналық сақтандыруды енгізу, денсаулық сақтау саласындағы МЖӘ және басқа да стратегиялық бағыттарды дамыту мәселелерін де қозғап өтті. «ҰКП базасында МЖӘ-ні енгізу және дамыту бойынша жұмыс тобы құрылды. Біз төрт пилоттық жобаның жүзеге асатынын анықтап қойдық: біреуі МЖӘ нысандарының құрылысы бойынша, екіншісі – қайта құрылымдау мен жаңғырту, келесілері сервистік шарт жасау мен сенімді басқармаға беруге қатысты», – деді ҰКП басқарма төрағасының орынбасары.

«Тағы бір маңызды мәселе – міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу. Бұл міндетті толығымен жүзеге асыру үшін Денсаулық сақтау министрлігі 140 нормативті-құқықтық акті қабылдауы қажет. Біз де «Атамекен» алаңында осы нормативтік-құқықтық актілердің барлығын талқыға салуды жоспарлап отырмыз. Соның ішінде 20-сы бизнеспен тікелей байланысты», – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, Ұлттық палата басқармасы төрағасының орынбасары денсаулық сақтау саласындағы тағы бір басты мәселе ретінде медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыруды атап өтті. «Қызмет көрсету сапасын арттыру мен стандарттар әзірлеуді басты міндет деп есептеймін. Бұл мәселенің барлығында «Атамекен» ҰКП-ның стратегиялық әріптесі ретінде Ұлттық денсаулық сақтау палатасы белсене қатысады деп ойлаймын. Қауымдастықтармен күш біріктіре отырып, Елбасы жүктеп отырған барлық міндеттерді атқара алатынымызға сенімдімін», – деп мәлімдеді ол.

Якупбаева «Атамекен» ҰКП-ның ұсыныстарын ескерусіз қалдырмағаны үшін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне алғысын білдірді.

Палата басқармасы төрағасы Қадыр Омаров медициналық бизнес-қоғамдастықты салалық қауымдастықтарға бірігуге шақырды. «Біз заңды тұлғаларды, медициналық ұйымдардың бірінші басшылары мен ұжымдарын қорғау мақсатында құрылдық. Көптеген қызметтерді үйлестіру кеңесі арқылы кәсіби қауымдастықтарымызға беруді көздеп отырмыз. Қалайша уролог-дәрігер кардиохирургке жоғарғы санат бере алады? Әр кәсіби қауымдастық өз мамандарын өзі реттеуі қажет. Екіншіден, барлық дәрігер-мамандар өз қауымдастықтарының мүшелері болуы тиіс. Бүкіл әлемде осылай», – деді ол.

Одан бөлек, Денсаулық сақтау палатасының қазіргі ахуалы мен 2016-2019 жылдарға арналған стратегиялық даму жолы талданды.

Ұлттық денсаулық сақтау палатасы – 2013 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан медицина саласындағы ірі бизнес-қоғамдастық. Палата – жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың ерікті бірлестігі. Негізгі мақсаты – Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту. Ұйым қызметі бәсекеге қабілетті денсаулық сақтау жүйесін құруға бағытталған. Бүгінгі таңда жеке меншік түрі әр түрлі 100-ден астам медициналық ұйым Палатаға мүше.

Денсаулық сақтау палатасы қызметінің басты бағыттарының бірі – «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен өзара қарым-қатынас орнату. Денсаулық сақтау палатасы «Атамекен» алаңындағы түрлі шараларға қатысады, денсаулық сақтау саласындағы кәсіпкерлік ортаның мүдделерін реттейтін нормативті-құқықтық актілерге түзетулер енгізу арқылы жұмыс тобының комиссияларының жұмысына жәрдемдеседі.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер