«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жарықты сөндір!

2016 жылғы 21 Сәуір
9627 просмотров

Бүгінгі таңдағы ең күрделі түйткілдердің бірі – өңірлік кәсіпкерлер мен табиғи монополиялар субъектілерінің қарым-қатынасы. «Атамекен» ҚР ҰКП бұл жайтты бақылауға алды

Нақты айтқанда, кәсіпкерлер «Көкшетау энерго» ЖШС-не шағым түсірді. Күрделі мәселелер тізіміне енетін жайт. Бұл туралы «Атамекен» ҚР ҰКП кәсіпкерлерді құқын қорғау кеңесі мен өңірілк палата жиынында айтылды. Оған Қазақстан бойынша кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі өкіл Болат Палымбетов қатысты.

«Щучинский шипажайы» АҚ директоры Асқар Жүнісов кеңес мүшелеріне басына түскен қиындықты шешіп беруді сұрады. «Щучинск қалалық электр желісі» ұйымының электр тарату ісіне қатысты. Ол «Көкшетау энергоның» бөлімшесі екен. Жүнісовтың айтуынша, энергокомпания шипажайға келісім шарттың қайтадан бекіту керек деп хабарлама жіберген. Бірақ шипажай келісімге отырып қойған. Ешбір қарызы жоқ.

«Біздің шипажайдың ғасырлық тарихы бар. Біз тәртіпті, заңды бұзбайтын төлеушілерміз. Бірақ «Көкшетау энерго» ұйымымен қарым-қатынасымыз бір ізге түспеді. Неге бұл компания бізді қайтара келісімге отырғызбақ? Бұл жағы маған түсініксіз. Монополист үздіксіз бір кедергілерді тауып алады. «Көкшетау энерго» ЖШС 30.09.2015 жылы бекітілген келісімде үш жылға дейін деп көрсетілген. Техникалық жағдайға қатысты сылтаулар айтады, себеп жоқ. Энергияны өшіріп тастаймыз деп қорқытады», – деп өзінің ішкі көңіл-күйін игере алмаған кәсіпкер наразылығын бұрқ еткізді.

Бұл монополистке «Казгер-Құс» ЖШС директоры Борис Оздоев та шағымданып отыр. Оның ойынша, тарифтер кәсіпкерлердің қалтасын қағу үшін ғана жасалатындай. Құс фабрикасы үздіксіз энергияны тұтынатын өндіріс. Олар үшін апаттық қорғаныс анықталады. Бірақ «Көкшетау энерго» ЖШС техникалық жағдайды әдейілеп нашарлатады. Құс фабрикасы оларды толыққанды атқара алмай қиналады.

«Әріптесімнің әр сөзінің астына қол қоямын. Ай сайын электр энергиясына 10 миллион теңге төлейміз. Бұл компанияның тарифі елдегі ең жоғарғы тарифтің бірі. Мұндай жағдайда кәсіп қалай дамиды?», – деп ашынды Борис Оздоев.

Табиғи монополияларды реттеу департаментінің өңірлік басшысының орынбасары Әсет Құрашевтің айтуынша, бұл мәселе нысанға алынды. «Әзірге «Көкшетау энерго» ЖШС не қатысты бірінші сотта жеңіліс таптық», – дейді ол. Бірақ бұл сөз ҰКП кәсіпкерлер құқын қорғау кеңесінің мүшесі Серік Төрегелдиннің көңілінен шықпады. «Жауабыңыз сенімсіз. Мұндай күресте жарты жолда шатқаяқтап қалған жөн емес. Ол қауіпті. Электроэнергетика жүйе құратын үлкен сала. Энергетикалық инфрақұрылымның ашықтығы, қызметтің бағасы үнемі қоғам назарында. Қазіргі мәселе – монополистердің қысымы жағдайды қиындатып жатыр», – деді Серік Төрегелдин.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Ұлттық палатада жаңа жоба жасалып жатыр. Соған сай үш жақты реттеу жүріп отыратын болады. Олар: монополия субъектілері, мемлекеттік орган, кәсіпкерлер өкілі. Кәсіпкерлерге бақылаушы рөлі берілетін болады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер