Welcomе to Kazakhstan!
Алматыда туристік саланы дамыту мәселелері бойынша республикалық жиын болып өтті
Орталық және жергілікті атқарушы органдар, туризм саласына жетекшілік ететін және сонда жұмыс жасайтын туристік компаниялар мен қоғамдық ұйымдар саланың таяу жылдардағы даму перспективаларын талқыға салды.
Бұл бағытқа ЭКСПО – 2017 «Болашақтың энергиясы» халықаралық мамандандырылған көрмесі жаңа шабыт берері сөзсіз. Орталық Азия мен ТМД елдері аумағында алғаш рет өтетін әлемдік деңгейдегі бұл маңызды оқиға 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында Астанада өтеді. Астана мен бүкіл Қазақстан үшін, бұл алғашқы кезекте мемлекетті, оның мәдениетін, тарихын, дәстүрі мен заманауи жетістіктерін көрсету мүмкіндігі. Мұндай шараны өткізу, әлбетте, ауқымды дайындықты талап етеді.
«93 күн бойы біз кез келген турөнімді байыта түсетін 3 мың тақырыптық, мәдени және көңіл көтеретін шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз. Астана әлемнің ең үлкен сахнасына, ал ЭКСПО – 2017 көрмесі туризм мен эдьютейнменттің жаңа бағытына айналады», – деп хабарлады «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы кеңесшісі Роза Асанбаева.
Көрме кезінде 5 млн.-нан астам адам келеді деп күтілуде. Олардың 85%-ы қазақстандықтар болса, қалған 15%-ы шетелдіктер. «Бүгінгі таңда «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ ҚР Инвестициялар және даму министрлігімен және Астана қ. әкімдігімен бірлесе отырып көрменің өзіне, одан кейін қаланың ең әсем демалыс орындарына апаратын Recommended by EXPO туристік бағыттарының реестрін жасауда. Негізгі туристік бағыттарға қолжетімділікті қамтамасыз ету, оның ішінде туристік бағыттарға енетін туристік нысандарды түгендеу жөніндегі шаралар кешені қарастырылған. Туристік өнімдерді ілгерілету үшін роуд-шоу, воркшоптар және ақпараттық турлар өткізіледі. Анкеталарды толтырыңыздар, ұсынатын қызмет түрі туралы ақпарат беріңіздер», – деді Роза Асанбаева туркомпаниялар өкілдеріне.
Оңтүстік астананың туристік әлеуеті және жасалып жатқан Алматы қ. Туризмді дамыту жол картасы туралы өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Юрий Тілеумұратов айтып берді.
«Алматыдағы туристік саланы дамытудың маңыздылығын түсіне отырып, біз жол картасын – бұдан кейінгі іс-қимылдар механизмі кезең-кезеңімен жазылған құжатты жасауды ұсындық. Бір жарым айдың ішінде Алматы Кәсіпкерлер палатасы Карта жобасын даярлады, ол қазір келісім алу үшін Алматы қ. әкімдігінде жатыр. Онда біздің сарапшылар негізгі проблемаларды жүйелеп шыққан. Олардың қатарында бәсекелестіктің төмен болуы, гидтердің жетіспеушілігі, қаланың урбандалуы, этникалық нысандардың жоқтығы, биік шыңдарға апаратын гидтер мен жолсеріктердің жетіспеушілік проблемалары бар. Тілді білетін және спорт біліктілігі бар кәсіби экскурсия жетекшілері Қазақстан бойынша әзер дегенде 35-ке жетеді екен, ал қалғандары әуесқой және энтузиасттар. Осы мәселеге байланысты Кәсіпкерлер палатасы туристік бизнеске арналған курстар мен мектептер ұйымдастыру үшін ғимарат, қажет болса дәріскерлерді де ұсынуға дайын», – деді Юрий Тілеумұратов.
Сонымен бірге, Алматы қ. Туризмнің жол картасына сәйкес туристік навигация жүйесін жасап шығару, әуежайдан қала орталығына апаратын шатлдарды іске қосу, Боралдай қорғандарында этноауыл салу, автоүйлер мен туристік тұрғын тіркемелерді прокатқа беруді ұйымдастыру жоспарланып отыр. Республикалық деңгейдегі міндеттер арасында мыналар бар: визасыз елдер тізімін арттыру, ішкі әуеқатынас бағасын арзандату, суқоймаларда жағажай аймақтарын ұйымдастыру ісіне стандарттар енгізу мен қоғамдық дәретханалар орналастыру. Сарапшылардың сөзіне сенсек, бұл шаралардың барлығы бірлікте екі-үш жылда өз нәтижесін береді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: