Ауғанстан Қазақстанның тауарларына мұқтаж
Аталмыш ислам мемлекетінің үкіметі Қазақстан Республикасынан экспортталатын жекелеген тауарларға тарифтерді ішінара азайтып отыр
Ауғанстанда қазақстандық тауарға деген сұраныс тұрақты түрде жоғары болып тұр. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте сол елдегі Төтенше және өкілетті елші Өміртай Бітімов мәлімдеді. Palata.kz тілшісінің сұрақтарына жауап бере отырып, дипломат соңғы деректер бойынша Қазақстаннан Ауғанстанға жөнелтілген тауар айналымының сомасы 239,2 миллион долларға жеткенін атап өтті. «Біз 300 миллион доллар көлемінде жеткіземіз, ал Ауғанстан Қазақстанға өте аз – 2-3 миллион доллар көлемінде ғана тасымалдайды, өйткені олардың қорлары әлі пайдаланылмаған», – деп атап өтті Ө.Бітімов.
Тауар айналым серпініне баға бере келе, елші мырза ислам республикасындағы кез келген саяси жағдайда қазақстандық тауарлар сұранысқа ие болып келгенін, ие болып қалатындығын атап өтті.
Ауғанстанға экспорттың басты салаларының бірі – бидай, ауғандық тарап отандық тауар жеткізушілер үшін жағдай жасап отыр.
«Ауғанстан қазақстандық бидайды жеткізу тарифін 5%-ға азайтты», – дейді елші.
Одан бөлек, Қазақстаннан ұн, сұйық май, медициналық құрал-жабдықтар, дәрілер, металдар – ақ және қара қаңылтыр, бұршақ тұқымдастар, ЖЖМ, пиломатериал, макарон өнімдері тасымалданады. Ал Ауғанстаннан кептірілген жеміс-жидектер, кілем, былғарыдан жасалған бұйымдар жеткізіледі.
«Сатып алуға бюджеттен қаражат бөлінеді, бұл бағытта нақтылы шаралар қабылданған. Ауғанстанның ауылшаруашылық министрі Қазақстанға екі рет келіп, біздің тауарларды жеткізу үшін тарифтерді азайту туралы келісімдерге қол жеткізді», – деді Ө.Бітімов.
Елші мырза келтірген мәліметтер бойынша, Қазақстан Үкіметінде астық пен ұн тасымалдау үшін темір жол тарифтерін азайту туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар, Өміртай Бітімов қос ел арасындағы экспортқа қатысты мәселелер туралы да айтты.
«Бірінші, әрине, бұл қауіпсіздік. Біздің тасымалдаушылар жағдайды меңгере алмайды. Жақында біз Ауғанстанда бизнес-форум өткіздік, Қазақстанның бірқатар өңірлерінен үлкен топ болып шықтық, Кабулде Қазақстанның Сауда үйін аштық. Бұл біршама мүмкіндіктерге жол ашты», – деп хабарлады елші.
Сауда-саттық көлеміне ҚР мен Ауғанстанның географиялық жағдайы да әсер етеді.
«Сауда-саттық үшін жақын орналассақ жақсы болар еді. Қауіпсіздік тұрғысынан бізде шекараның болмағаны жақсы, ал сауда-саттық тұрғысынан тура шекараның болмағаны жаман. Біздің елдеріміздің арасында бірқатар елдер жатыр, келісімді, транзитті және т.б. қажет етеді», – деп түсіндірді Ө.Бітімов.
Ө.Бітімов қазақстандық және ауғанстандық келісімге қатысушылар арасында бір-біріне деген қарапайым сенімсіздік жиі туындап жататындығын айтты.
«Өйткені, біздің тарап жүз пайыздық алдын ала төлемді талап етсе, ауғандық тарап оған күтіктенеді. Өкінішке қарай, көбінесе біздің тараптан бұл міндеттемелерді орындамау деректері кездеседі. Алайда, бұл арнайы жасалмайды. Ақша аударылады, ал тауар тиеліп, дайындалғанша, уақыт өтіп кетеді, нарықта баға өзгереді. Одан бөлек, басқа да объективті проблемалар бар», – деді елші.
Жанар Сердалина
Пікір қалдыру:
Пікірлер: