«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қостанай колледждері дуальды оқыту жүйесіне көшуде

2016 жылғы 20 Сәуір
- Қостанай облысы
11526 просмотров

1 қыркүйектен бастап Қостанай облысында тағы алты колледжге дуальды оқыту жүйесі енгізіледі

Мұндай жоспармен арнаулы орта оқу орындарының директорлары мен Кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысқан кездесуде білім басқармасының мамандары таныстырды.

Кездесу дөңгелек үстел түрінде өтті. Онда әр қатысушы тәжірибелік білімге басымдық бере отырып, маман дайындаудағы өз тәжірибесімен бөлісті.

Дуальды жүйені енгізудің табысты мысалдарының бірі – Әулиекөл ауылшаруашылық колледжі. Онда «Агрофирма Диевская» және «Арман-Терсек» кәсіпорындарының қолдауымен болашақ тракторшы-машинистер дайындалады. Колледж директорының орынбасары Ғалымжан Мамытановтың айтуынша, жүйені енгізу процессі біраз уақыт алғанымен, біртіндеп сіңісіп кеткен.

«Алдымен, біз сұранысқа ие мамандықтардың тізімін, осы жүйенің артықшылықтарын бағалап отырған кәсіпорындардың, кәсіпорын басшыларының талаптарын анықтап алдық. Шебердің комбайнды екі күн жөндегені бір басқа болса, колледж оқушылары келіп, көмектесіп, бұзылған жерін бір күнде жөндеп шығару басқа. Оған қоса, ерекше көзге түскендерді сол кәсіпорынға жұмысқа алулары мүмкін. Оның үстіне оқушыларға да қызық. Егер кейбір оқушылар теориялық сабақтарға қатыспайтын болса, практикалық сабаққа жүз пайыз қатысады», – дейді Ғаылмжан Мамытанов.

Қостанай автомобиль көлігі колледжі де көптен бері қалалық кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатып үлгерген. Дуальды жүйенің енгізілуіне құрамы оқытушылармен қатар, әріптес кәсіпкерлерден жасақталған сабағаттық-кеңесші кеңестің жұмысы оң рөл атқарған.

«Қорғауға компания өкілдерінің де қатысатынын айтпағанның өзінде, біз бағдарламаларды, курстық жұмыстардың тақырыптарын бірлесе отырып талқылаймыз. Кәсіпорындардың өздері геодезистерге арналған шеберлік байқауын ұйымдастырды, тапсырмаларды өздері құрастырды. Менің ойымша, бұл – оң тәжірибе. Бүгінде мердігерлік ұйымдардағы жұмысшылардың 70 пайызы біздің кешегі түлектеріміз», – деп атап өтті оқытушы Сергей Болат.

Білім беру басқармасы Қостанай колледждерінің жанынан кеңесші кеңестерін құру тәжірибесін жаппай таратуды ұйғарып отыр. Дөңгелек үстел қатысушыларына таныстырылған бұл норма дуальды білім беруді енгізудің бірыңғай механизмінде жазылған. Сондай-ақ, онда оқытушыларға арналған оқыту семинарларын, мамандыққа бағытталған топсеруендер ұйымдастыру бойынша қосымшалар да бекітілген.

Палатада аталып өткендей, бүгінгі таңда дуальды оқыту жүйесі Қостанай облысындағы 18 колледж бен екі жоғарғы оқу орнына енгізілген. Бір колледж өткен жылы «дәнекерлеуші» мамандар дайындап үлгерді. Процесске барлығы 84 кәсіпорын мен мыңнан астам студент жұмылдырылған. Білім басқармасы 2020 жылға қарай дуальды оқыту жүйесі бойынша білім беретін колледждер саны 80 пайызға артатынын атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер