«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпке бала кезден дағдылану керек

2016 жылғы 19 Сәуір
- Батыс Қазақстан облысы
11574 просмотров

Өкілетті мемлекеттік органдардың мектептегі кәсіптік бағыт беру жүйесін ұйымдастыру үшін жоғарыдан бұйрық күту ұстанымы техникалық және педагогикалық оқу ордаларының да, жұмыс берушілердің де көңілінен шықпай отыр

Бұл туралы Орал қаласындағы мектеп директоры орынбасарларының басын қосқан Өңірлік кәсіпкерлер палатасының кәсіп таңдауға арналған кеңейтілген жиынында айтылды.  

«Мамандықты дұрыс таңдамау өңір экономикасына жаңадан енгізіліп жатқан өндірістік қуаттың қажетті кадрларға мұқтаждығын көрсетіп отыр, – дейді адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Әбілқайырова. – Негізгі себеп қолда бар еңбек нарығы мен білім беру ошақтары қалыптастырған нарық екі бөлек боп кетіп жатыр. Ол елдегі кадр дайындаудың саясаты олқы түсіп тұрғанын көрсетеді. Мамандық таңдаудың басты шарты мектептегі кәсіби баулу болуы тиіс».

Қазақстанда мектеп оқушылары арасында кәсіпке баулу жұмыстары тек Білім мен ғылым министрлігіне жүктелген. Типті кәсіптік мінездемеге сай педагогикалық қызметкерлердің лауазымына лайықты кәсіпке баулу ісін мектеп директорларының орынбасарлары жүргізуі керек. Жиналысқа келген тәрбие жөніндегі орынбасарлар мектептегі кәсіпке баулуды бір жүйеге келтіру керек дегенді бірауыздан айтты. Кәсіпке баулуды өзгерту керектігін педагогтар түсінеді. Бірақ көбіне бұл мәселені қалай шешу керектігін білмейді. Арнаулы тәсілдер жоқ. Жоғарғы сынып оқушыларына бағыт беретін кәсіптік баулудың жүйесі іс жүзінде жоқ.

«Мектеп бұл шаруаны бір өзі шешуге тиісті болып отыр. Бірақ шамасы жетпейді. Бұл дұрыс емес қой, – деді Айгүл Әбілқайырова. – Мұндай мәселені мемлекет боп, мақсатты бағдарламалар негізінде шешу  керек. Елде білікті мамандарға деген сұраныс өршіп тұр. Жоғарғы жақтан пәрмен күтуге уақыт жоқ».

Бөлім басшысының сөзіне сенсек, Ұлттық палата адам капиталын дамытуға бағытталған жұмыстарды бастап кетті. Оның ішінде мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру де бар. Білім және ғылым министрлігі мен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі арасында жасалған меморандум бойынша 2015-2017 жж. арналған кәсіби бағдар берудің Жол картасы бекітілген.

Батыс Қазақстан өңірі бойынша Кәсіпкерлер палатасы облыстық білім беру басқармасымен бірлесіп 2015-2017 жж. аралығындағы кәсіби бағдар берудің ортақ жоспарын құрды. Қазірдің өзінде кәсіби бағдардың жүйеленуі туралы сөз қозғауға әбден болады. Облыста 30 кәсіби бағдар беретін кабинеттер ашылды. Арнаулы форумдар мен семинарлар ұйымдастырылды. «Зенит» АҚ, «КазАрмопром» ЖШС, «Экспо-Сувенир» ЖШС, «ЗКМК» АҚ, «Агрореммаш» АҚ, «Кублей» АҚ, «Желаевский ХПП» АҚ сынды кәсіпорындарға экскурсиялар жасақталды. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар туралы мол ақпарат айтылады. Қала мен облыстағы кәсіпорындар туралы тізім жасалды.

Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің кәсіби бағдар беру қызметімен бірлесе отырып, кәсіпкерлер палатасы мектептерге арналған «Мамандықты дұрыс таңдау» атты әдістемелік жасап шығарды. Жинақтың тұсаукесерін НЗМ кәсіби бағдар беру қызметінің кеңесшісі Марат Иржанов өткізді. Білім басқармасының өкілдері ұйымдастырушыларға тәрбиелік жұмыстар жайы туралы айтып берді. Енді айына екі рет кәсіп таңдау күндері өткізілетін болды. Онда оқушылар облыстағы жоғарғы оқу орындары даярлайтын мамандықтар туралы мол ақпарат алатын болады. Оған қоса мектеп, ата-ана, оқушылар үшін мамандық таңдау бойынша сатылы алгоритм ұсынылды.

Барлық материалдар қала мектептеріне таратылды. Мектептегі кәсіби бағдар беруге жауапты адамдар еңбек нарығындағы сұранысы бар мамандық туралы ақпарат тауып, заманауи мамандықтар туралы хабардар бола алады. Өңірдегі жоғарғы оқу орындары, ондағы негізгі мамандықтар туралы хабар бар. Е.Климов пен Джоан Холланд тәсілімен дайындалған психологиялық тренингтер әзірленді. Жеке бастың белгілі бір мамандыққа деген икемділігін екшейтін тесттер дайындалды. «Мамандықты саналы түрде таңдаудың белгілері» деген тақырыпта 8-11 сынып оқушыларына арналған сынып сағаттары өткізілетін болады.

№17 мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Светлана Ауқатова беріліп жатқан білім туралы алғыс айтты. Кәсіпорындарға экскурсиялардың маңызы ерекше болар еді дегенге тоқталды. «Тоғызыншы сынып түлектері станоктарды қызығып қарайтынын көріп жүрміз. Өндірістегі барлық үдерістерге бар зейінімен қарайды. Көпшілігі ұнатқан мамандықтары бар колледждерге кетіп жатыр», – дейді сынып сағатынан тыс жұмыстарға баса мән берген ұстаз. – Палатаның осындай қыруар шаруаны ұйымдастырып жатқанына алғысым шексіз. Экскурсияларға бізді көбіне палатаның арқасында ғана кіргізеді».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер