«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстандықтар келешекте клиникаларды өздері таңдайды

2016 жылғы 15 Сәуір
8960 просмотров

ҰКП мен Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау саласында МЖӘ механизмдерін қолдана отырып, пилоттық жоба дайындап жатқандығы жөнінде хабарлады

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаеваның төрағалық етуімен және ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау вице-министрі Елжан Біртановтың қатысуымен денсаулық сақтау саласында МЖӘ-ні дамытуға байланысты жұмыс тобаның алғашқы отырысы өтті.

Барлық өңірлердің қосылуымен видеоконференция режимінде өткен шараға Денсаулық сақтау министрлігінің, Ұлттық экономика министрлігінің, Қаржы министрлігінің, «Қазақстандық МЖӘ орталығы» АҚ-ның, ҚР Ұлттық денсаулық сақтау палатасының өкілдері қатысты.

Жиналысты аша отырып, Юлия Якупбаева МЖӘ-нің дамуына кедергі болып отырған негізгі мәселелерге назар аудартты: ұзаққа созылатын жобаларды мақұлдау процесстері, инвесторлық тәуекелдіктердің орнын толтырудың, мемлекеттік қолдау мен кепілді өткізудің жоқтығы. ҰКП Басқарма төрағасы орынбасарының пікірінше, алдымен МЖӘ жобаларын жүзеге асыру рәсімдерінің мерзімдерін қысқартып, жеңілдету қажет. «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында қолданылып жүрген нормативтік-құқықтық базаларға жүргізілген талдау нәтижелері МЖӘ жобасын жоспарлаудан бастап, МЖӘ шартына қол қойғанға дейінгі рәсімдердің барлығы ұзақ мерзімге созылатынын көрсетіп берді. Жалпы алғанда құжаттарды дайындауға, сараптама жүргізу мен конкурс өткізуге 300 жұмыс күнінен артық уақыт кетеді. Бұл жобаның тартымдылығын төмендедеті», – деді Юлия Якупбаева.

Сонымен қатар, ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары конкурс жеңімпазын анықтау рәсімінің өзі күрделі әрі ашық еместігін атап өтті. Жеңімпаз 12 критерий негізінде таңдалады. Бұл өте күрделі. Жеңімпазды іріктеу рәсімі қызығушылық танытқан барлық тараптарға түсінікті болуы шарт.

Осыған байланысты Юлия Якупбаева Ұлттық палатаның рәсімді жеңілдету және әлеуетті инвесторлар үшін МЖӘ нысандарының тартымдылығын арттыру жөніндегі ұсыныстарын айтып өтті. Сол ұсыныстардың қатарында МЖӘ жобалары бойынша құжаттарды қызығушылық танытып отырған органдармен бірге қарау, рәсімдерді өткізу мерзімін қысқарту, жеке құрылымдарды тарту арқылы (қаржылық институттар, аудиторлық және консалтингтік компанияларды) МЖӘ жоба тұжырымдамасы мен конкурстық құжаттарына сараптама жасау үшін мемлекеттің қаржы агенттерінің қатарын көбейту мәселелері де бар. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге арнап МЖӘ механизмдері нақты сипатталған түсінікті жадынама дайындау қажет.

«Пилоттық жобаларды табысты жүзеге асыру тәжірибесі өңірлерде жүзге асырылған жоба үлгілерін тираждауға мүмкіндік беріп, МЖӘ механизмдерін енгізуге серпін беретініне сенімдімін», – деді ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау вице-министрі Елжан Біртанов, өз кезегінде, ҚР ҰКП-ға МЖӘ-ні дамыту мәселелеріне қатысты өнімді сұхбат орнатқаны үшін алғысын білдірді. Ол Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті жандандыру бойынша қандай шаралар қарастырылғанын айтып берді.

«Біз денсаулық сақтау жүйесінде жылға арналған МЖӘ-ні дамыту жол картасын әзірледік. Ең алдымен, онда әрекет етуші жеке компанияларды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қызметтеріне көмек көрсетуге тарту рәсімдерін жақсарту қарастырылған. Қазіргі уақытта медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтерді жеткізушілерді іріктеу мен шарт жасасу ережелерін әзірлеудеміз. Жоба апта соңына дейін дайындалып, соңғы кезде мемлекеттік клиникалардың талабына бет бұрып, жеке клиникаларға деген наразылықтар көбейіп кеткендіктен, әсіресе, жеке клиника өкілдерінің қатысуымен талқыланып, мақұлдау үшін ҰКП-ға жіберіледі. Біз стратегиялық тұрғыдан мұны түзетуге дайынбыз», – деді ол.

Біртанов мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің бірнеше бағыттарын тізбелеп берді. «Бірінші бағыт – «МЖӘ туралы» және «Концессиялар туралы» заңдарға сәйкес, жеке инвестордың есебінен құрылыс салу және басқару». Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Юлия Якупбаеваның «оларды жүзеге асыруда дайындау процессінің ұзақтығы, қаржылық қолжетімділік пен тариф жасау және қаржылық модельдеу сияқты мәселелер бар» деген ойларымен келісті. Ол: «Пилоттық жобаларды тираждау мерзімді айтарлықтай қысқартады», – деген сенім білдірді.

Екінші бағыт ретінде шенеунік мемлекеттік медициналық нысандарды сенімді басқаруға беруді атап өтті. «Оның мәні мынада, біз ақыр соңында медициналық сақтандыру жүйесінде азаматтарымызға клиниканы өз еркінше таңдау мүмкіндігін ұсынуды көздеудеміз. Қазіргідей емес: қалалыққа – тегін, жекеге – ақылы. Міндетті сақтандыру жүйесінде, егер адам жеке клиниканы таңдаса, онда оның төлемдерін медициналық сақтандыру қоры төлейді. Осыған сәйкес, жеке клиникалардың басым бөлігінің медициналық сақтандыру қорымен жұмыс істеуіне мүдделіміз. Бүгінгі таңда медициналық қызметтердің орнын толтыруға кететін  мемлекеттік қаржының 9%-дайы жеке секторға орналастырылған. Бұл өте аз. Біз бұл соманы жақын арадағы үш жылдың ішінде кем дегенде екі есе көбейтуді қалап отырмыз», – деп түсіндірді ол.

Жиналысты қорытындалай келе, ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева Жұмыс тобының құрамынан денсаулық сақтау саласындағы МЖӘ жобаларын мақұлдау рәсімдерін оңтайландыруға бағытталған жобалық топ құруды ұсынды. Сонымен қатар, пилоттық жобаларды келесі бағыттар бойынша анықтауға шешім қабылданды: құрылыс, қайта қалпына келтіру және жаңғырту, сервистік шарт және сенімді басқаруға беру.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер