«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мақсат Сералы: Импорт алмастыру саясатынан ұтарымыз мол

2016 жылғы 15 Сәуір
6688 просмотров

Отандық бизнестің алдына қойып отырған міндетінің бірі - импортты алмастыру. Тауар өндірушілер бұл үрдіске қаншалықты дайын? Қазақстандық тауар бәсекеге қабілетті ме? Бұл сұрақтардың жауабын тарқату мақсатында Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Мақсат Сералыны сұқбатқа тарттық.

- Елімізде нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету арқылы, импорттық тауарларды ығыстыру көзделіп отыр. Осы ретте импорт алмастыру саясаты бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

- Қазақстан экономикасын алға сүйрейтін салалар шикізат және ауылшаруашылық секторы болғандықтан,  импорт алмастыру саясатын осы бағыттарда жүзеге асыру тиімдірек. Сондықтан, бұл секторларды дамыту үшін бірқатар мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Мемлекет «Атамекен» ҰКП арқылы шағын және орта бизнес өкілдері үшін кедендік және әкімшілік кедергілерді  қысқартып, жан-жақты көмектер көрсетуде. Шағын және орта бизнесті, өндірістік кәсіпорындарды «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы қаржыландыру жүргізіле бастады. Егер осы қарқынмен алдағы 10-15 жылда өндіріс пен ауыл шаруашылығы саласын  жүйелі дамыта алсақ, болашақта экономикамыз шикізатқа тәуелділіктен құтылатын болады. Сондай-ақ, қазіргі таңда «ҚазАгроФинанс», «ҚазАгроМаркетинг», «ҚазАгроХолдинг» секілді құрылымдар аграрлық бизнеске көп мөлшерде субсидия, несие, лизинг бөліп отыр. Шетелдік инвесторлардың да бұл салаға деген қызығушылығы жоғары.  Ал, ШОБ саласында импорттық тауарларды алмастыру саясатын дамыту  мақсатында қабылданған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде ауқымды істер атқарылды. Бағдарламаның ең негізгі бағыты еліміздің барлық аймағындағы өндіріс орындарын дамыту болып табылады. Сонымен бірге, екінші деңгейлі банктер арқылы 4-7% аралығындағы жылдық пайыздық көрсеткішпен несиелендіру қарастырылған. Бұл бағдарламаның тиімділігі – субсидияның қайтарым пайызы өте төмен. Соңғы уақытта Қазақстан үкіметі жасаған импортты алмастыруға, өндірісті дамытуға, шағын және орта бизнеске қатысты бағдарламаларды Ресей Федерациясы үлгі ретінде алып жатыр. Бұл біздің бағдарламалардың нәтижелігін білдіреді

- Бірақ неге әлі күнге дейін импорттық тауарларға деген тәуелділіктен арыла алмай отырмыз?  

- Бағдарламалар көп, бірақ неге нақты өнім жоқ деген сұрақтың туындауы заңдылық. Өнім бар, бірақ оның нарықта мойындалуы ұзақ процесс. Өнімді нарыққа енгізудің өзіндік заңдылықтары бар. Брендтің танымалдығы, өнімнің сапалылығы және бағасының тартымдылығы секілді мәселелер бірінші орында болуы тиіс. Осы позициялар бойынша біздің өнімдердің сапасы жоғары, сәйкесінше бағасы да қымбат.Тұтынушы үшін баға негізгі фактор болып саналатындықтан, қымбат тауарға қызықпауы мүмкін. Бұл өз кезегінде өндіріске түсетін қаражатты азайтады. Сол себепті, мемлекет тарапынан техникаларды, құрал-жабдықтарды лизингке беру сияқты көмектер артықтық етпейді. Мұның бәрі өнімнің өзіндік құнының төмендеуіне, тұтынушыға тиімді болуына әсер етеді.

- Қазақстанның ДСҰ, ЕАЭО секілді ірі экономикалық интеграцияларға бірігуі импорт алмастыру процесіне қалай әсер етіп отыр?

- Нарық тұрғысынан алғанда Еуразиялық Одақ бізге ауылшаруашылық және шикізат саласын дамытуға үлкен мүмкіндіктер береді. Өйткені, біздің  тауар өндірушілерге 150 миллион халқы бар Ресей  алып нарық болып отыр. Қазақстанның  аграрлық өнімдері ресейлік тауарларға қарағанда сапалы әрі экологиялық таза болып есептеледі. Себебі біздегі ауылшаруашық өнімдеріне гендік модификациялық ағзалар мен дәмдеуіштер, қышқылдар қосылмайды.  Сондықтан, осы тұрғыдан алып қарағанда біздің тауарларға сұраныс жоғары.

ДСҰ туралы айтар болсақ, біздің бұл әлемдік ұйымға мүшелікке өтуіміз еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, отандық өнімдер көршілес Қытай, Ресей секілді алып нарығы бар елдерге сатылады. Бұл біздің ел үшін тиімді құбылыс. Өндіріс, инфрақұрылым өркендеп, жұмыс орындары ашылып, инновациялық технологиялар дамиды. Бұдан мемлекеттік бюджетке салық құйылады. Кәсіпкерлердің арасында белгілі бір деңгейде бәсекелестік пайда болады. Бұл өз алдына тауардың сапалылығын арттырып, баға саясатына оң әсер етеді. Бұдан ұтарымыз мол.  

- Отандық кәсіпорындар көршілес елдердің өнімдерімен бәсекеге түсуге қаншалықты дайын?

- Қазіргі таңдағы импорттық тауарларды алмастыру  саясатындағы ең басты кедергі тауардың бағасы да, сапасы да емес, шетелдерден келетін тауарлар санының көптігі. Мәселен, фармацевтика нарығының  12%-ын ғана отандық өнімдер құрайды. Яғни, отандық өндірушілер үшін бәсекелестік өте күшті. Екінші мәселе, біздің өндірістердегі шығынның деңгейі шетелдік өндіріс орындарымен салыстырғанда 2-3 есе жоғары. Үшінші мәселе, нарықтың сыйымдылығы. Біздегі халықтың саны 17 млн болғандықтан, тұтынушылар саны одан да төмен. Бізде әр өндірушіге түпкі тұтынушыны табу  қиын. Өңірлерге шығару үшін логистикалық шығындар кедергі келтіруі мүмкін. Мұның барлығы тауардың өзіндік құнын көтеріп жібереді. Ал Ресейден келетін тауардың бағасы төменірек. Осы тұрғыдан алып қарағанда, біздің өндірушілердің бәсекеге қабілеті төмендейді. Бірақ соған қарамастан, бізде импорт алмастыруға барлық алғышарттар дайын. Қазақстан экономикасының импортты алмастыруға мүмкіндігі жоғары сала ретінде тамақ өнеркәсібін айтар едім. Тамақ өнеркәсібін алып қарайтын болсақ, ет өнімдерімен нарықтың негізгі бөлігін өзіміз қамтамасыз етіп отырмыз. Шағын және орта бизнесті алып қарасақ, шағын цехтар дамып келеді. Ірі көлемдегі қайта өндіру цехтары құрылып, өз өнімдерін ұсынып жатыр.  

- Сұхбатыңызға рақмет!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер