«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Оңтүстік астананың іскерлік ахуалы қалай?

2016 жылғы 15 Сәуір
- Алматы қаласы
3531 просмотров

Қазақстанның «Doing Business» рейтингіндегі позициясы 53-ші орыннан 41-орынға көтерілген. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жетістікке Алматы қаласының бастамасымен жасалған реформалардың арқасында қол жеткізілді

Алматы қаласы Қазақстандағы бизнес пен капиталдың орталығына айналып отыр.  Мегаполис мемлекеттік ЖІӨ-нің 21%-ын,  салық түсімінің 31%-ын береді. Шағын және орта бизнес жалпы өңірлік өнімнің 34%-ын құраса, жергілікті бюджет кірісінің 43%-ы осы саладан құйылады. Сонымен қатар, бизнесті дамыту үшін Алматының 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасының жеті тұжырымының үшеуі бизнесті дамытуға бағытталған. Ал әрбір он алматылықтың алтауы шағын кәсіпкерлікте еңбек етеді. Бұл көрсеткіштердің барлығы Алматы қаласының  болашағы жарқын екендігін көрсетеді.

Мегаполисті ортаазиялық және әлемдік қаржы орталықтарының деңгейіне жеткізу үшін бизнеске қолайлы жағдай жасалу керек екені белгілі. Осы ретте «Атамекен» ҰКП бизнес пен билік өкілдерінің арасына дәнекер болу арқылы, кәсіпкерліктің төңірегіндегі қордаланған мәселелерді шешіп, әкімшілік кедергілерді жоя отырып, бизнес субъектілеріне түрлі  кеңестер беріп, қолдау көрсетіп келеді. Бұл туралы Алматы қалалық ӨКП Экономикалық сараптама бөлімінің басшысы Нариман Әбілшаиқов: «2016 жылдың басынан бастап 1000-нан астам кәсіпкерге қызметтік қолдау көрсетілді. 89 алматылық кәсіпкерге бизнес-жоспар жасап бердік, олардың жартысына жуығы маркетингтік көмекке ие болды.  Ал, бұған дейін жасалған 22 жоба «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының көмегімен дайындалған бизнес-жоспардың арқасында екінші деңгейлі банктер арқылы жалпы соммасы 12,8 млрд теңге несие алды. Ұлттық палатаның ықпалымен 200 бизнес-жоба «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының  несие комитетінде кепілдемеге ие болды»,– дейді.  

Маманның мәліметінше, жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде 16 үйлестіру кеңесі өткізілген. Негізгі бағыт – шағын және орта бизнес субъектілеріне қаржылық қолдау көрсету. Кеңес нәтижесінде 161 ұсыныс қаралып, оның 104-і мақұлданған.

Алматының инвестициялық тартымдылығын арттырып, отандық және шетелдік инвесторлар үшін оңтайлы жағдайлар жасау да қолға алынуда. Нәтижесінде 50 елдің 185 кәсіпкерімен серіктестік туралы келісімдерге қол жеткізілді. Бұл Алматы қаласының әлемдік бизнесмендер үшін де маңызды аймаққа айналуына жасалған алғышарттардың бірі.

Алматы қаласы кәсіпкерлігін қолдаудың басым бағыттарының бірі – жергілікті өндіріс орындарына қолдау көрсету. «Қазақстанда жасалған» белгісімен өндірілетін тауарлардың сатылымына ықпал ету де Ұлттық палатаның назарынан тыс қалған емес. Отандық өндірушілерді қолдау мақсатында «Универсиада – 2017» ойындарының дайындық шараларын жүргізіп отырған кәсіпорындармен жалпы құны 20 млрд теңгені құрайтын сату-сатып алу туралы құжатқа қол қойылды. Ал «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясымен құрылыс жұмыстарына 10 млрд теңге көлеміндегі құрылыс материалдарын жөнелту жөнінде келісімге келді. Айта кетейік, бұл көрсеткіш бұған дейін 50 млн теңге ғана болатын. «Қазір Алматыда орналасқан 26 мемлекеттік мекеменің және 48 ұлттық компанияның сатып алу туралы жоспарлары қаралуда», – деді Ұлттық палата сарапшысы.

Сондай-ақ, «Атамекен» ӨКП жергілікті билік өкілдерімен  де тығыз жұмыс істеп келеді. Екі тарап кәсіпкерлер мәселесін тез, әрі тиімді шешуге, әкімшілік кедергілерді жоюға мүдделі. Алматы қаласының әкімшілігімен бірлесе отырып, заңсыз тексерістерді болдырмау жөнінде ауқымды жұмыс атқарылуда. Мәселен, 2012 жылы қадағалау органы кәсіпкерлерге 20 000 тексеріс жүргізсе, 2015 жылы бұл көрсеткіш 7 000-ға кеміген. Кей мемлекеттік бақылау органдарының  кәсіпкерлік субъектілеріне жүргізген тексерулері де едәуір азайған. Бұлардың барлығы қала және тұтас мемлекет аумағындағы бизнестің тұрақты дамуына септігін тигізеді.

Өзара ықпалдастық Алматы қаласы кәсіпкерлігінің жалпы ахуалына оң әсер еткені нәтижелерден  байқалады. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукеновтің ойынша, Қазақстанның «Doing Business» рейтингіндегі позициясы өзара тиімді ықпалдастықтың арқасында жоғарылаған. «Егер 2014 жылы Қазақстан іскерлік ортаның  жағдайларын жақсарту рейтингінде 53-орында тұрса, 2015 жылы бұл көрсеткіш бойынша 41-орынға көтерілді. Бұл Алматыда атқарылған құқықтық реформалардың арқасында жүзеге асып отыр. Процедуралардың жалпы саны 41-ден 14-ке дейін, ал орындау мерзімдері де бес есеге азайған. Ай сайын «Атамекен» ҚР ҰКП-мен, Үкіметпен, министрліктермен, Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлескен отырыстар өтіп тұрады. Оған Жоғарғы Сот өкілдері де келеді. Біз алдын ала  нені қалай түсіндіру керектігін айқындап алып, нәтижелерді ұсынамыз», – деді Ерлан Әукенов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер