Кез келген істің түйінін шешуге болады
«Атамекен» ҰКП-ның Арбитраждық орталықтың арбитрлері мәселенің оң шешімін табуды көздейді
Қазіргі таңда кәсіпкерліктің түрлі саласы дамытылып, кәсіпкерлерге экономикалық қызмет бостандығы берілген. Сондай-ақ, мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынас құқықтық тұрғыда реттеліп, оның формалары жетілдірілу үстінде. Осы тұрғыдан алғанда «Атамекен» ҚР ҰКП Арбитраждық орталық кәсіпкерлердің құқықтық мүддесінің сақталуын, даулы мәселелерінің әділ шешілуін қамтамасыз етіп отыр. Әлбетте, оған Қазақстан Республикасының белді заңгерлері өз үлестерін қосуда.
«Атамекен» ҚР ҰКП-ның Арбитраждық орталықтың жұмысына белсене араласып жүрген заң ғылымының докторы, профессор Төлеш Қаудыровтың арбитраж жайында және өзінің арбитр ретінде қатысқан даулы процестер туралы айтары бар: «Қазақстан арбитражының тарихын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Біз кеңестік елдердің құрамында болған тұста алғаш рет үкіметтік арбитраж деген болды. Олар егемендік алғаннан бастап арбитраждық соттар деп аталып, 1994 жылға дейін жұмыс жасады. Яғни, бір арбитраждық сот жүйесі екі тарихи кезеңде де сабақтастығын үзген жоқ. Одан кейін арбитражды сот үкіметтің сот жүйесінен алынып тасталды. Бүгінгі таңда халықаралық арбитраждар және төрелік соттар бизнес саласында туындайтын шағымдарды қарайтын үкіметтік емес мекемелер болып табылады. Яғни, олар сот емес, бірақ кәсіпкерлердің құқықтарын қорғайтын мекеме. Осы жылы Қазақстанда төрелік сот пен арбитражды біріктіруге арналған заң шығару жұмысы аяқталды. Демек, мұнда арнайы конвенциялар қарастырылып, басшылыққа алынды. Сондай-ақ, қазақстандық арбитраж Стокгольм және Париж арбитражының тәжірибесіне сүйеніп, заңға толықтырулар енгізілді. Сонымен қатар, Қытай арбитражының тәжірибесі де негізге алынды», – дейді. Ал біздің «Атамекен» ҰКП-ның арбитражды орталығына келіп түскен шағымдардың сипатына тоқталсаңыз деген өтінішімізге: «Әлбетте, бизнестің айналасындағы даулы мәселелер күнделікті орын алып жатады. Оның бірнешеуіне арбитр ретінде қатыстым. Бірақ қандай мәселе екенін айту қызметтік құпия ретінде сақталады», – деп мән-жайды түсіндірді.
Ал, Linkage &Mind компаниясының заңгері Нұрлан Макенов бірнеше даулы істерге тарап өкілі ретінде қатысқан тәжірибесімен былайша бөлісті: «Төрелік сот пен «Атамекен» ҰКП арбитраждық орталықтың жұмысына қатыстым. Мәселен, 2015 жылы орталықта кредитор испаниялық компания мен борышкер қазақстандық компания арасындағы тартысты мәселе туындаған еді. Бұл процесске Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының отставкадағы судьясы Ғалия Мақажанованың жетекшілігімен үш арбитр қатысып, мәселе тез арада екі жаққа тиімді шешілді. Осы тұста арбитрлер өздерінің кәсібиліктерін жоғары деңгейден көрсетті», – дейді.
Қорыта айтқанда, бүгінгі таңда Арбитраждық орталық және оның Алматы және Атырау қалаларындағы өкілдері он алты облыстың бизнеске қатысты даулы мәселелерін шешуде. Айта кетейік, Арбитраждық орталыққа келіп түскен шағымдардың басым көпшілігі бизнесті халықаралық компанияларға тиесілі болып отыр.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: