«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Арбитр әділ болса, инвестор көп

2016 жылғы 11 Сәуір
3066 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП жанынан құрылған Төрелік және аралық сотта талқылау орталығы тәуелсіздігі тек кәсіпкерліктің дамуына ықпал етіп қана қоймай, елдің инвестициялық климатын да жақсартады

Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, тәуелсіз арбитраждық орталықтар үлкен беделге ие екені белгілі. Мысалы,  Лондон, Стокгольм, Париж, Сингапур халықаралық арбитраждық орталықтардың қызметіне әлемдік нарықты бағындарған компаниялар жүгінеді. Өйткені көп жылдық тәжірибесі бар, халықаралық деңгейде жұмыс істейтін мұндай арбитрлік ұйымдардың көмегі арқылы кез келген мемлекет өзінің сыртқы экономикалық саясатына ықпал ететін инвестициялық келіссөздерге қол жеткізе алады. Сондай-ақ, олар инвесторлардың сеніміне ие болып, кез-келген деңгейдегі дауды әділ шешетіндігіне кепілдік бере алады. Яғни, арбитраждық орталықтарға қойылатын басты заман талабы – тәуелсіздік әрі бейтараптық. Сондықтан «Атамекен» ҰКП жанынан құрылған Төрелік орталық та әлемдік тенденцияға сай мейлінше тәуелсіз әрі шынайы болуы тиіс.

Аталған Төрелік орталықтың төрешісі, «Шеврон» Еуразиялық Бизнес Юнита корпорациясының басқарушы кеңесшісі, з.ғ.д., профессор Жұмагелді Елубаев кәсіпкерлер мен инвесторлардың сеніміне ие болу үшін арбитраждық орталық  мемлекетке немесе өзге де құрылымдарға тәуелді болмауы керек деген пікірде. «Кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың арасындағы  коммерциялық даулы мәселелерді, инвестициялық шиеленістерді шешетін арбитраждық орталықтар тәуелсіз институт ретінде дамуы тиіс. Мұндай ұйымдарға мемлекеттің ықпалы болмауы керек. Әлемдік арбитраждардың тарихына көз жүгіртсек, олардың барлығы мемлекеттің көмегінсіз қалыптасып, саяси үрдістердің алшақ, өз бетінше дамып келеді. Кәсіпкерлік орта мен инвестициялық сектор субъектілері  тәуелсіз арбитраждық орталықтардың көмегіне жүгінуді құп көреді. Сондықтан төрелік орталықтың тәуелсіздігі бәрінен маңызды. Менің ойымша, «Атамекен» ҰКП жанынан Төрелік орталықтың құрылуы  осы сала бойынша Қазақстанның дұрыс бағытта келе жатқандығының белгісі. Қазіргі кезде арбитраждық жүйе әлі қалыптасу үстінде. Егер әуел бастан бұл орталыққа мемлекеттің ықпалы болмай, өзге коммерциялық арбитраждық орталықтармен бір деңгейде дамитын болса, оның болашағынан көп үміт күтуге болады», – дейді ол.

Сонымен бірге, заңгер маманның пікірінше, Төрелік орталыққа тек мемлекеттік ұйымдардың ғана емес, ұлттық палатаның өзінің де ықпалы болмауы тиіс. «Атамекен» ҰКП билік пен бизнес арасындағы алтын көпір іспетті ұйым. Ендеше,  палатаның еншілес ұйымы – Арбитраждық орталықтың нұсқаусыз дамуын да қамтамасыз ету  керек. Ұлттық палата Арбитраждық орталықтың құрылтайшысы ретінде оның  тәуелсіздігін алдыңғы орынға қоюы керек», – деп өз ойын ортаға салады Ж.Елубаев.

Ал, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Төрелік және аралық сотта талқылау орталығының  басшысы Асқар Қалдыбаевтың пікірінше, арбитраждық орталықтың тәуелсіз ұстанымы тек отандық кәсіпкерлерге ғана емес, инвесторлардың келуіне де үлкен мүмкіндік береді. «Егер мемлекет  төрелік соттарды дамыту үшін барлық жағдайлар жасап, олардың тәуелсіз дамуына кең мүмкіндік берсе, бұл инвесторлардың елімізге көптеп келуіне жол ашады. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, шетелдік инвесторлар өзі келген елдің мемлекеттік соттарына сенбейді. Халықаралық инвесторлар белгісіз мемлекетке келетін болса, тәуелсіз төрелік орталықтарға жүгінуді жөн санайды. Сондықтан елдегі төрелік орталықтардың жұмысы тәуелсіз әрі ашық болса, инвесторлардың елде еркін келіссөздер жүргізіп, жұмыс істеуіне зор мүмкіндік болар еді. Сондықтан, біз тек отандық бизнес үшін ғана емес, шетелдік серіктестер үшін де тәуелсіздік принципінің маңызды екенін түсінеміз», – дейді ол.   

Шетелдік инвесторлар жаңа елге келгенде өз талаптарын қорғайтын әділ арбитрларды таңдауы заңды құбылыс. Егер арбитраждық орталықтың белгілі бір тараптың, сол мемлекеттің мүддесін қорғайтыны белгілі болса, инвестордың айнып кетері сөзсіз. «Егер арбитраждық орталыққа немесе оның төрешілеріне мемлекеттің нұсқауы жүріп, өз еліне қарай бұра тартатын болса, инвестор серіктес болудан үзілді-кесілді бас тартуы ықтимал. Сондықтан,  «Атамекен» жанындағы Төрелік орталық бейтарап әрі  әділ  ұстанымдарды басшылыққа алып дамуы тиіс. Төреші   ретінде  өз ісіне адал, жемқорлықтан ада, кәсіби абыройы биік заңгер мен өзге де мықты мамандар таңдалып алынғанда ғана кәсіпкерлердің де, инвесторлардың да бұл орталыққа деген сенімі күшейе түседі», – дейді заңгер Ж.Елубаев.

Қорыта айтқанда, «Атамекен» жанындағы Төрелік орталықтың төрешілері отандық және халықаралық дауларды шеше алатындай білікті, таласқан тараптарды татуластыратын бітімгер болуы тиіс. Қазіргі нарықтық қатынастар жағдайында арбитраждық орталықтарға қойылатын басты талап осы болып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер