Мұнайшылар ақтөбелік тігіншілердің қолынан шыққан киімдерді киеді
Ақтөбелік тігін фабрикасының өнімдері импорттың орнын басып отыр
«Азайа» ЖШС қазақстандық жеңіл өнеркәсіп нарығында 2004 жылдан бастап жұмыс істейді. Жас кәсіпкер Айнұр Бақтығалиева нарықтан шетелдік өндірушілерді ысырып шығаруды ойлап, отбасылық бизнес ашыпты. Алдымен, кезінде өзі үй тоқымасы мен арнайы киім тігуге маманданған ақтөбелік «Юность» тігін фабрикасының типтік ғимаратын сатып алады. Барлық цехтарды қалпына келтіріп, құрылғыларды жаңартқан соң, арнайы киімдер, оқушыларға арналған формалар, жастықтар және т.б. тігу мен жеткізуді жолға қойды. Бүгінде шағын кәсіпорын батыс өңірдегі барлық мұнай кәсіпорындарын арнайы киіммен қамтамасыз етіп отыр. Арнайы киімнен бөлек, бұрғылау құрылғыларына арналған түрлі өлшемдегі жамылғылар шығарады.
Айнұр Бақтығалиеваның айтуынша, компания жыл сайын мұнайгаз саласындағы ірі компанияларда еуропалық стандартқа сәйкес аттестациялау мен ұлттық сараптама және сертификаттау орталықтарында сертификаттаудан өтеді екен.
«Сапамен және дизайнмен жұмыс жасаймыз, желімізді жиі ауыстырып тұрамыз. Біздің фабрикада 80 тігінші жұмыс істейді. Ай сайын 10 мың бірлік өнім шығарамыз. Тауар түрі көп, оны көбейтуді жалғастыра береміз. Мәселен, өткен жылдан бері пойыздарға арналған матрастар тігуді қолға алдық. Ал, қазір қалыңдық жасауына арналған «Қызжасау» желісін шығарудамыз», – деп әңгімеледі Айнұр.
Бүгінгі таңда кәсіпорында маман жетіспеушілігі мәселесі белең алып тұр. Оған себеп, қызметкерлердің 80%-ы зейнет жасына таяп қалғандар, «Азайа» басшылығы мамандар құрамын жаңартуды қуана қолға алар еді, алайда, жас мамандардың біліктілік деңгейі олардың талабына сай келе бермейді екен. Сондықтан, Ақтөбе қаласы Кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен кәсіпорынның базасында оқыту орталығын ашу туралы шешім қабылданды. Сервис колледжі дуальді оқыту бойынша арнайы бағдарлама дайындауда.
Жақында өндірістік кәсіпорын базасында «Тігін өндірісі және киімді модельдеу» мамандығының оқытушыларына арналған шеберлік-сыныбы ұйымдастырылды. Шеберлік-сыныбына бітіруші студенттер қатысып, өздерінің авторлық жұмыстарын көрсетті. Жұмыс берушілер студенттердің жобаларын жоғары бағалап, Ақтөбе сервис колледжінің түлектерінің бірі Саша Чернов дизайнерлік салондардың біріне жұмысқа шақырту алды.
«Жұмыс берушілер мен арнайы мамандықтардың оқытушылары кездесетін мұндай шеберлік-сыныптары өте пайдалы. Өйткені, тура сол өндірістік тәжірибе орнында оқытушылар мамандарды дайындау бойынша кеңестер алып, одан ары қарайғы әріптестікті талқылай алады», – деп санайды ӨКП бөлім басшысы Дамилә Құнанова.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: