«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Арбитраждық орталық - құқық қорғаудағы үздік тәжірибе

2016 жылғы 08 Сәуір
6530 просмотров

Арбитраж орталығының бүгінгі күнге дейін атқарған жұмыстарын білу мақсатында, сонымен қатар кейбір сұрақтарымызға толық жауап алу үшін, «Атамекен» Қазақстан Республикасы ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанындағы Төрелікте және аралық сотта талқылау орталығының жауапты хатшысы  Айша Жұмабековамен сұхбаттасқан едік

– Сөз басында Арбитраждық  орталық туралы қысқаша мәлімет берсеңіз.

– «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанындағы Төрелікте және аралық сотта талқылау орталығы (Арбитраждық орталық) 2014 жылы Астана қаласында құрылды. Бұл орталықтың құрылтайшылары ­«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және ҚР Сауда-өнеркәсіптік палатаcы екендігін атап өткен жөн. Сондай-ақ, орталығымыз осыған дейін 20 жылға жуық жұмыс істеген Сауда-өнеркәсіптік палатасының Халықаралық арбитраж сотының іс жүзіндегі құқықтық мирасқоры болып табылады.  Орталықтың Астана қаласында орналасуына қарамастан, өңірлік палаталар базасымен және республикамыздың өзге қалаларымен байланыс құралдары арқылы арбитраждық талқылау отырыстарын жүргізуімізге мүмкіндік бар.

– Орталыққа жүктелген міндет қандай?

– Арбитраж орталығы азаматтардың, жеке кәсіпкерлердің және заңды тұлғалардың араларындағы азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды қарайды. Дауларды қарау үшін тараптар арасында жазбаша түрде жасалған келісім-шарт болуы шарт. Яғни, осы келісім-шартқа байланысты туындаған барлық даулар, келіспеушіліктер немесе талаптар ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төрелікте және аралық сотта талқылау орталығында, оның қолданыстағы Регламентіне сәйкес нақты-түбегейлі шешілуі тиіс. Тараптар істі қарау үшін арбитрлерді және істі қарау барысында қолданылатын заңды да өздері сайлап алады. Демек, тараптар  арбитражға сенім білдіреді деген сөз. Сонымен қоса, іске басқа адамдардың қатысу не араласпауын тараптардың өздері шешеді. Бұл жағдайлар арбитраждық шешімнің заңдылығына тараптардың күмән келтірмейтіндігін көрсетеді.

Арбитраждық орталықтың арбитрлары даудың негізін қарап, шешім қабылдайды. Олардың шешімі түпкілікті қабылданып, сол күннен бастап өзінің заңды күшіне енеді. Сондықтан арбитраждық сот дауды мемлекеттік соттарға қарағанда әлдеқайда тезірек шешеді. Атап айтқанда, оның шешімі апелляциялық, кассациялық тәртіпте қаралмайды. Алайда, бұл шешімге наразылықпен мемлекеттік сотқа шағымдануға болады. Мәселен, егер тараптың бірі арбитрларды таңдау немесе оны тағайындау жайлы, арбитраждық талқылаудың қай күні, қай уақытта, қай жерде болатындығы жөнінен бейхабар болса, осыған байланысты ол тарап өзінің мүдделерін қорғай алмай қалса, арбитраждық шешім арбитраждық келісімге қайшы немесе арбитраждық соттың құзіретіне жатпайтын істі қараған болса, құқықтарына залал келтірілген тарап мемлекеттік сотқа жүгіне алады. Бірақ, ол сот арбитраждық сот шешімінің құқықтық негізін тексермейді, тек осы істі қарау кезінде арбитраждық сот іс жүргізу талаптарын сақтаған ба, әлде қателіктер жіберді ме деген сұрақтарға назар аударады. Әрине, бұл жағдайлар істі қарар алдында арбитрлермен жан-жақты тексеріледі. Сондықтан, ондай кемшіліктерге жол берілмейді. Бір ескере кететін жағдай, ол дауды қараған кезде белгілі болған мағлұматтарды тараптар құпия деп тапса, онда олар жария етілмейді.

– Орталықта көбінесе қандай мәселелер қаралады?

– Қаралған істерге талдау жасайтын болсақ, кәсіпкерлердің басым көпшілігі алу-сату, өтелмелі қызмет көрсету және мердігерлік шарттар бойынша туындаған даулар бойынша арызданады. Сондай-ақ, шетелдік компаниялардың, атап айтқанда Польша, Испания, Ресей және Белоруссия резиденттерінің қатысуымен бірталай істер қаралды.

– Орталықта қанша адам жұмыс істейді және олардың лауазымдары қалай аталады?

– Бізде басқару органы, яғни Басқарушы кеңес бар, оның құрамында атақты заңгерлер, ғалымдар, жоғарғы лауазымды мемлекеттік қызметкерлер біріктірілген. Төрағасы белгілі заңгер Байрамалы Ахмедов. Олар қызметтерін ақысыз негізде атқарады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тарапынан куратор ретінде осы палатаның Басқарма мүшесі Рустам Жүрсінов тағайындалған. Арбитраждық орталықтың Бас хатшысы үш тілді еркін меңгерген тәжірибелі заңгер, заң ғылымдарының кандидаты Асқар Қалдыбаев. Орталықта кеңесші ретінде жоғары дәрежедегі білікті, Жоғарғы соттың отставкадағы судьясы жұмыс жасайды. Арбитраждық орталықтың төрелік істер бойынша хатшылығында жауапты хатшы және бірнеше мамандар қызмет істейді. Жалпы алғанда, ұйым қызметкерлерінің тәжірибесі кәсіпкерлердің дауларымен байланысты мәселелерді тиімді реттеуге мүмкіндік береді.

– Арбитраждық орталыққа кәсіпкерлер көбінесе қандай мәселемен келеді?

– Азаматтық-құқықтық келісім-шарттардан туындаған дауларды шешуден басқа, көбінесе арбитражға ескертпеге байланысты сұрақтар бойынша хабарласады. Алдымен айта кететін жайт, біздің Орталығымыз құрылғаннан кейін Қазақстан қосылған Сыртқы сауда-саттық арбитражы туралы Еуропалық конвенцияның 10-бабы көздегендей, бұл туралы Біріккен ұлттар ұйымына хабарлама жіберілді. Аталмыш Конвенцияға қосылған мемлекеттердің ішінде Қазақстан да бар. Яғни, Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілдігі 2014 жылғы 11 қыркүйектегі хаты арқылы Еуропалық конвенцияның 4-бабында баяндалған функцияларды еліміздегі Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Арбитраждық орталығы жүзеге асыратыны жайлы хабарлады. Біз осылайша Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы арбитраждық орталықтың мәртебесі мен құзыреті жайлы хабардар болдық. Бұл дегеніміз, егер тараптар пайда болған немесе пайда болатын дауларды тұрақты төрелік сотқа беруге келіссе, алайда нақты төрелік сотты тағайындамаса немесе бұл сұрақ бойынша келісім болмаса, онда Сыртқы сауда-саттық арбитражы туралы Еуропалық конвенцияның (Женева, 21сәуір 1961 ж.) 4-бабына сәйкес Арбитраждық орталық талапкердің сұрауы бойынша арбитражды тағайындай алады. Тәжірибемізден мысал келтірсек, алу-сату туралы келісім-шартта «осы шарттан туындаған даулар Арбитраждық сотта қаралады» деп белгіленген, алайда, бізде ондай сот жоқ. Осыған орай мәселе туындады. Яғни, талапкер жауапкерге өзге сотқа жүгіну туралы өтініш айтады. Бірақ, жауапкер келіспейді. Осы жағдайда, талапкер арбитраж орталығына дауды шешетін нақты арбитраждық органды тағайындау туралы өтініш-хат жіберіп, тағайындалған арбитражда өз мәселесін шешуге мүмкіндік алды.

– Оларға көрсеткен қызметтің ақысы қолжетімді ме?

– Талап-арызды арбитраждық сотта қарар алдында талапкер арбитраж орталығына тіркеу жарнасын төлеуі тиіс. Оның көлемі ереже бойынша 60 000 теңге. Содан кейін талап-арыздың сомасына байланысты арбитраждық жарна саналады. Заң талабына сай, егер арыз қанағаттандырылатын болса, онда ол төлемдер жауапкер жақтан талапкердің пайдасына өндіріледі. Айта кету керек, бұл төлемдер көлемі басқа арбитраждармен салыстырғанда және мемлекеттік соттардың бажынан  төмен.

– Орталықтың алдағы жоспары қандай?

– Осы жылға арнайы бекітілген кешенді жоспар бар. Онда арбитраждық істерді қарау процесін оңтайландыру, беделді заңгерлерді арбитрлер тізіліміне енгізу, аймақтарда Орталықтың қызметі туралы ақпаратты тарату басты бағыттар ретінде белгіленген. Басым бағыттардың бірі арбитраждық процесті жүргізу ерекшеліктеріне арналған төрешілерге арнайы семинарлар өткізу және осы салада білімдерін толықтыруға ниеті бар заңгерлерге арнайы тренингтер жүргізу болып отыр.

– Арбитраждық сот жөніндегі заңға биыл толықтырулар мен өзгертулер енгізілді ме?

– Бүгінгі күнде унификацияланған және халықаралық стандарттарға сай «Төрелік туралы» заң жобасы Сенатпен қабылданып, Мемлекет басшысының қарауына жіберілді. Бұл заң жобасын әзірлеуге Арбитраждық орталықтың мамандары белсене қатысып, өз үлестерін қосты.

– Түйткілді мәселелерін шешкісі келген кәсіпкерлерге арбитр таңдауда қандай мүмкіндіктер берілген?

– Тараптар арбитрлер тізілімінде көрсетілген кез келген төрешіні таңдай алады. Арбитрлер тізілімі «Атамекен» ҚР ҰКП-ның www.palata.kz ресми сайтында бар. Онда төрешінің білімі, жұмыс өтілі, ғылыми дәрежесі және қай қалада орналасқандығы көрсетілген. Сонымен қатар, егер кәсіпкерлерде қосымша сұрақтар болса, arbitration@palata.kz электрондық поштасына немесе 8 (7172) 919-382 телефонына хабарласу арқылы толық ақпарат алуға болады.

– Сұхбатыңызға рахмет! Істеріңізге сәттілік тілейміз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер