«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тимур Құлыбаев: «Отандық кәсіпкерліктің бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету маңызды»

2016 жылғы 07 Сәуір
8551 просмотров

Бүгін «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Павлодар облысына келді

Сапар кезінде ол «Павлодар» атты еркін экономикалық аймақта орналасқан мұнай коксын өңдейтін отандық зауыт «УПНК-ПВ» ЖШС-на барды. Бұл зауыт 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді және Индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасына қатысады. Жылына 205 мың тонна өнім өндіреді. Содан кейін Тимур Құлыбаев облыс әкімі Болат Бақауовпен бірге Павлодар облыстық Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің жиналысына қатысты.

«Павлодар облысы – Қазақстанның ірі индустриалды орталығы. Сан салалы өнеркәсіпті дамытып отыр. Осыншалық зор индустриалды әлеуетті тиімді пайдалану үшін бүгінгі таңда барлық жағдай жасалған. Енді біздерге кәсіпкерлік ортаның ынтымағын арттыру керек. Сонда шешімін таппай отырған мәселелер бірізділікке түседі. Ол үшін отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруымыз қажет. Өндірісті өңірлерден ашып, технологияны модернизациялау керек. Біздің мақсатымыз атқарушы органдармен бірлесіп осы мәселені жолға қою», – деп атап көрсетті Тимур Құлыбаев.

«Атамекеннің» Төралқа төрағасы отандық өндірушілердің ірі кәсіпкерлермен ұзақ мерзімді келісім жасауына, мемлекеттік тапсырысқа қатысуының маңыздылығына баса назар салды.

«Бүгінгі таңда Ұлттық палата кәсіпкерлердің мемлекеттік тапсырыстарға қатысуын шынайы әрі қолжетімді ету үшін ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Осы бағытта палатаның өңірлік бөлімдері кәсіпкерлердің белсенділігін арттыруы тиіс. Жергілікті тауар өндірушілердің мемлекеттік тапсырыстарға қатысуын қамтамасыз ету керек. Оның таза, заңды жүруін қадағалау шарт», – деді «Атамекеннің» басшысы.

Тимур Құлыбаев осы тарапты дамыту үшін кәсіпкерлерді белсене атсалысуға шақырды.

«Кәсіпкерлікті қолдаудың бірнеше алғышарттары бар. Мемлекеттік бағдарламалар жұмыс жасап жатыр. Кәсіпкерлер белсенді болып, соларға қатыссын. Барлық мүмкіндікті қолдансын. Өз ісін дамытсын», – деп сөзін аяқтады Құлыбаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер