«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ресейдің үздік сауда желілері қазақстандық өнімге қызығушылық танытуда

2016 жылғы 07 Сәуір
- Жамбыл облысы
5105 просмотров

Жамбыл облысында көкөністер мен жеміс-жидектердің түр- түрі өседі. Табиғаттың мұндай байлығын нарыққа шығару - шаруалар үшін өзекті мәселе.

Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасы Тараздың тауарларын Ресейге тасымалдаудың төте жолын қарастыруда. Қос мемлекет арасындағы азық-түлік пен жеміс-жидек саудасын делдалсыз жүзеге асыру мақсатында ресейлік ірі сауда желілерінің өкілдері мен жергілікті шаруалардың бас қосып, келелі кеңес жасады. Оған көрші елде 792 сауда нүктесі бар  «Мария Ра», 170 сауда нүктесі бар  «Кировский», 186 сауда нүктесі бар  «Ритм 2000», 205 сауда нүктесі бар «В.Лига» және Ресейде жүзден астам сауда нүктелеріне иелік етіп отырған тағы басқа да ірі компаниялардың өкілдері қатысты.

- «Мария Ра» сауда желісі Ресейде кеңінен танымал. 800-ге жуық сауда нүктеміз бар. Осы жылы бұл көрсеткішті 900-ге дейін жеткізуді көздеп отырмыз. 2015 жылдың рейтингі бойынша біздің сауда желіміз Ресейдегі алғашқы үздік бестіктің құрамына енді. Бүгінгі келуіміздің басты себебі – сіздермен тікелей байланыс орнату. Сол арқылы сапалы тауарға қол жеткізу. Себебі, кез-келген сауда желісі үшін азық-түлік негізгі тауар түрі болып табылады. Сондықтан да азық-түлік тауарларының сапасы аса маңызды. Біз сіздермен делдалсыз байланыс орнатқымыз келеді. Ал оның екі жаққа да тиімді болатыны, тауардың сатып алу және сату бағасына әсер ететіні айтпаса да түсінікті,- деді  «Мария Ра» сауда желісінің өкілі Роман Горбатов.

 – Қазақстандық шаруалармен біз бұған дейін де жұмыс істеп келгенбіз. Алайда, ол тауарлар бізге жеткенше 2-3 делдалдың қолынан өтеді. Соған сәйкес бағасы да 2-3 есе өзгереді. Мұндай жағдайда тауардың сапасына кепілдік беруде қиын. Сауда желілеріне қажетті көлемді жинауда оңайға соқпайды. Егер арадағы делдалсыз жұмыс істейтін болсақ осы аталған проблемалардың барлығының алдын алған болар едік,-деді  «Эссен» сауда желісінің өкілі Лейсан Туктарова.

Осы орайда, бұл мәселені шешеуде жамбылдық шаруалар мен ресейлік әріптестердің ойы бір арнада тоғысты. «Амангелді» шаруа қожалығының жетекшісі Қасымхан Қанаев: «Тауардың тасымалы мен бағасына келіссек болды. Қажетті көлемдегі азық-түлік пен жеміс-жидекті жинап беруге біз әзірміз»,-деді.

Әрине, шаруалар үшін тауар тасымалдау деген оңай шаруа емес. Көпшілігінің оған мүмкіншілігі жете бермейді. Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөнідегі орынбасары Аспандияр Сейсебаев бұл проблеманы шешудің оңтайлы жолын ұсынды.

- Азық-түлік пен жеміс-жидекті арнайы қойма болмаса ұзаққа сақтау мүмкін емес. Бұлар тез бұзылатын тауарлар қатарына жатады. Сондықтан да бұл істі бірлесіп атқармаса жеке дара жол табу қиын. Меніңше, он шақты шаруа бірлесіп тауар өткеру кооперативін құру қажет. Бұл кооператив өнім өндіру, оны сақтау, логистика, сату, сатып алушымен тікелей байланыс орнату мәселелерімен жүйелі түрде айналысатын болады. Сонда көлік табу да, оны жеткізу де оңайға түседі. Сауда желісінің өкілдері де әр біріңізбен жеке емес бір ғана кооператив жетекшісімен келісім шарт жасасып барлық жұмысты сол арқылы атқаратын болады,-деді.

Шаруалар бұл ұсынысты қуана құптады.  Демек, Жамбыл облысында тағы бір коүоперативтің құрылар күні алыс емес. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер