Омарташыға миллион теңге берді
Арал ауданының кәсіпкері қайтарымсыз гранттың иегері атанды
Кәсіпкерлер палатасының Қызылорда облыстық Арал аудандық бөлімінің директоры Қадырқан Еңсепов «стартап» бастаған кәсіпкерлердің есімдері белгілі болғанын хабарлады. Олар Кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың бірегей бағдарламасы «Кәсіпкерліктің жол картасы – 2020» бойынша қайтарымсыз гранттың иегерлері атанды. «Аудандағы жаңадан іс бастап жатқан кәсіпкерлерге 300 мың теңгеден бастап миллионға дейін қайтарымсыз грант бөлініп отыр. Бір ғана шарты бар. Кәсіпкер бастаған іс тұрақты әрі ұзақ мерзімді жоба болуы тиіс», – деп түсіндірді Қадырқан Еңсепов.
Бөлім директоры және бір жағымды жаңалығымен бөлісті. Грант байқауға қатысушының бірі Арал ауданының жаңадан кәсіп ашықан тұрғыны Нұрбек Сексенбаев омарта ашу жобасы бойынша бір миллион теңгені ұтып алыпты. Осынау инновациялық жоба негізінде екі адамдық жұмыс орны ашылады.
Байқауға қатысудың шарттары мен бизнес-жоспар дайындауға Палата кеңесшілері көмектескен. Оның үстіне Нұрбек Сексенбаев «Кәсіптік кеңесші» курсын оқып шығыпты. Сертификат алған. Оны да кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған.
Биылғы наурызда «Кәсіпкерліктің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында Қызылорда облыстық Кәсіпкерлік пен туризм басқармасы қайтарымсыз грант бөлетінін хабарлаған.
Грант қаржысы қайтарылмайтын негізде тек өз кәсібін ашқысы келетін кәсіпкерлерге беріледі. Ол үшін инновациялық және жаңашыл жобаларды ел алдына шығаруы керек еді. Бұл байқауға өз жобасын ұсынған әр кәсіпкер «Кәсіптік кеңесші» курсын тегін оқуы тиіс болды. Жобаны ұсыну үшін кәсіпкер оның толық бағасының 10%-ын төлеуге міндетті болған.
Жыл басынан бері Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы тарапынан 1087 азаматқа 2069 кеңес берілді. 824 кәсіпкерге 953 қызмет көрсетілген. Одан бөлек, 282 адам «Кәсіптік кеңесші» курсынан өткен.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: