Асқар Қалдыбаев: "Кәсіпкерлерге құқықтық қызмет көрсету - басты міндет"
Дауларды шешудің баламалы әдістерін дамыту – Қазақстандағы құқықтық реформаның өзекті, заманауи міндеттерінің бірі болып табылады. Осы ретте «Атамекен» ҰКП-ның еншілес құрылымы – Төрелікте және аралық сотта талқылау орталығының қызметі бұл міндеттің орындалуының жарқын дәлелі
Төрелік орталық – коммерциялық даулы мәселелерді шешуге бағытталған әлемде кеңінен таралған үздік құрылымдардың бірі. Бүгінгі күнге әлемде оннан астам ірі арбитраждық орталық бар. Мәселен, Вашингтондағы инвестициялық дауларды шешу жөніндегі халықаралық орталық (ICSID), Париж, Лондон, Вена, Стокгольм, Токио, Гонконг, Сингапур, Дубай, Куала-Лумпурдың арбитраж орталықтары жоғары беделге ие. Мұндай орталықтардың басты мақсаты – сауда-өндірістік және қаржы нарықтарын дамыту және инвестициялық байланыстарды реттеу, коммерциялық дауларды соттан тыс шешу болып табылады. Қазақстанда да әлемдік тәжірибеге сай арбитраждық орталықтардың жұмысы жанданып келеді. Коммерциялық арбитраждық орталықтардан бөлек, «Атамекен» ҰКП жанынан құрылған Төрелік орталық әлемдік заңнамаларға негізделіп, жедел және объективтік ұстанымдарды басшылыққа алып жұмыс істеуде. Сонымен бірге, орталық бизнес субъектілеріне құқықтық қызметін көрсетіп, сот қорғауына жүгінуге мүмкіндік береді.
«Атамекен» ҰКП жанындағы Төрелікте және аралық сотта талқылау орталығының бас хатшысы Асқар Қалдыбаевтың пікірінше, Төрелік орталықтың басты қызметі кәсіпкерлерге құқықтық қызмет көрсету. «Кәсіпкерлер арасында туындаған азаматтық-құқықтық дауларды тез арада әділетті шешу үшін 2014 жылғы 21 шілдеде «Атамекен» ҰКП жанынан Төрелікте және аралық сотта талқылау орталығының жұмысы басталды. Бірақ іс жүзінде 1993 жылы құрылған Халықаралық Төрелік соттың жұмысын жалғастырып келеміз. Біздегі төрелік орталықтың барлық жұмыс талаптары сол бұрынғы Халықаралық төрелік сотының негізінде жасалған. Біздің төрешілеріміз де осы орталықта бұрыннан жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған мықты мамандар», – дейді ол.
Орталық құрылған екі жыл ішінде кәсіпкерлер тарапынан келіп түскен 20-ға жуық іс қаралған. Негізгі даулы мәселелер құрылыс, сату-сатып алу, қызмет көрсету салалары төңірегінде туындайды. Кез-келген дауға талапкер мен жауапкердің мүдделерін тең дәреже қорғай отырып, әділ шешім шығарылады.
Қазіргі таңда орталықтың құрамында жоғары білімді, халықаралық сертификаттарға ие, төрелік талқылау саласындағы тәжірибесі мол білікті төрешілер бар. Дауласушы тараптар төрешіні өздері таңдап алады. Бұл туралы бас хатшы: «Біздің арнайы сайтымызда 80-ге жуық төрешінің тізімі жарияланған. Дауласушы тараптар өздеріне ұнаған арбитрды таңдап алуға құқылы. Төрешілердің барлығы дерлік білікті заңгерлер. Бірақ ҚР «Халықаралық Төрелік туралы» заңына сәйкес өзге саланың мамандарының да төрелік етуге мүмкіндіктері бар. Бірақ, заң саласының мамандары іс жүргізу, шешім шығару мәселесіне шебер болғандықтан, процессуалдық құқық жағынан білімі бар заңгерлерге басымдық беріледі. Болашақта өзге саланың мамандарымен қатарымыз толығады деген сенімдемін», – дейді.
Бүгінгі таңда нарықта тәуелсіз коммерциялық арбитраждық орталықтар баршылық. Бірақ «Атамекен» ҰКП-ның еншілес құрылымы – арбитраждық орталықтың олардан қандай ерекшелігі бар? Бұл туралы орталықтың бас хатшысы Асқар Жұмағалиұлы былай дейді: «Біз «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылғандықтан, негізгі мақсатымыз пайда табу емес, кәсіпкерлерге көмек көрсету. Тағы бір ерекшелік, біздің көмегіміздің төлемі өзге коммерциялық төрелік қызметтерге қарағанда өте төмен. Шағын және орта бизнес өкілдерінің қымбат коммерциялық орталықтардың қызметтерін пайдалануға қалталары көтермеуі мүмкін. Арбитраждық төлемдер мемлекеттік сот төлемдеріне қарағанда екі есе аз. Сондықтан бұл кәсіпкерлер үшін уақыт және қаржы тұрғысынан алғанда, мемлекеттік сотқа жүгінгеннен әлдеқайда тиімдірек. Біз кез келген деңгейдегі кәсіпкерлердің істерін қарап, дауларын шешуге дайынбыз. Сонымен бірге, өзге коммерциялық төрелік орталықтары Алматы мен Астана секілді ірі қалаларда шоғырланса, ал «Атамекен» ҰКП жанындағы Төрелік орталық өңірлердегі заңгерлері арқылы барлық даулы мәселелерге шеше алады. Қазір ұлттық палатаның өңірлік филиалдарындағы заңгерлер арқылы кәсіпкерлерге көмек көрсетіп, ақыл-кеңес береміз. Ал күрделі, даулы мәселелерді өзіміздің орталықта қараймыз. Қазір электронды байланыстың дамыған кезеңінде, бейнеконференцияларға шығу арқылы өңірлердегі кәсіпкерлермен тікелей тілдесіп, мәселенің мән-жайын анықтап, шешім шығара аламыз».
Төрелік орталықтың тағы бір ерекшілігі, даулы мәселелер мемлекеттік сотқа қарағанда тезірек қаралады, шешім де жедел түрде шығарылады. Тараптардың өтінішіне және істің күрделілігіне байланысты бір даулы мәселені қарап, шешім шығару процесі 2 айға дейін созылуы мүмкін.
Әлемдік тәжірибеде бизнес өкілдері тәуелсіз арбитраждық орталықтарға жиі жүгінеді екен. Себебі олардың ұстанымдары бейтарап, ешкімнің мүддесін қорғамайды. Осы тұрғыдан алғанда ұлттық палатаның Арбитраж орталығы тәуелсіз құрылым ретінде қалыптасуға дайын. «Біріншіден, «Атамекен» ҰКП жанына құрылған Төрелік орталықты мемлекетке тәуелді деп айтуға болмайды. Екіншіден, даулы мәселелерді Төрелік орталық емес, төрешілер шешеді. Ал төрешілерді тараптардың келісімімен таңдайтын болғандықтан, оларда бұра тарту деген ой болмауы тиіс. Төрешілер кез-келген істі тәуелсіз, тек заң шеңберінде ғана шешуге міндетті», – дейді Асқар Қалдыбаев.
Қазіргі таңда Төрелік орталықтың Астанадағы бас орталығын есепке алмағанда, Алматы және Атырау қалаларында арнайы өкілдіктері бар. Болашақта өзге өңірлерде де филиалдары ашылып, өрісін кеңейтетін болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: