«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Коллекторларға арналған жаңа ережелер

2016 жылғы 05 Сәуір
12859 просмотров

Ұлттық банк борышкерлермен жұмыс істейтін компанияларға қойылатын талапты қатайтуды ұсынды

Алдағы уақытта Қазақстандағы коллекторлық ұйымдарды міндетті тіркелуден өту күтіп тұр. Бұл бүгін Парламент Мәжілісінде таныстырылған «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасындағы бір ғана түбегейлі жаңалық емес.

Оған қоса, коллекторлық компанияларға Ұлттық банк тарапынан реттелетін келісім-шарттардан өзге, несиелік келісім-шарттар бойынша үшінші тұлғаларға талап ету құқығын беруіне тыйым салу ұсынылады.

«Егер коллекторлық компания банк құпиясын, микронесиелер беру құпиясын құрайтын мәліметтерді немесе коллекторлық қызмет құпиясын құжаттарды ұрлап алу, сатып алу немесе қорқыту жолымен  жинауды жүзеге асырған жағдайда, сондай-ақ, банк құпиясын заңсыз жария еткен жағдайда, онда мұндай құқық бұзушылықтар үшін заң жобасында жасалған  құқықбұзушылықтың ауырлық дәрежесіне қарай 3 мың АЕК көлеміндегі айыппұл салу немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру ұсынылған», – деп баяндады таныстырылым барысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары  Алпысбай Ахметов.    

Бұдан бөлек, заң жобасын әзірлеушілер коллекторлардың кредиттік тарихтарды қалыптастыру жүйесіне міндетті тәртіппен қатысуын ұсынады. Сонымен қатар, банктердің, жекелеген банк операцияларын жүргізетін ұйымдардың, микроқаржыландыру ұйымдарының талап ету құқықтарын, сондай-ақ банк құпияларын және микронесие беру құпияларын  коллекторлық агенттіктерге беруі жөніндегі құқықтары айтылады. Сонымен бірге, коллекторлық агенттіктердің өздерінің қызметі туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілігін бекіту ұсынылған. Бұған жобаның авторлары борышкерлермен күресудің жұмыс кестесін айтарлықтай өзгертуге бейілді екенін қосамыз. «Заң жобасында борышкермен жұмыс күндері 21.00-ден 08.00-ге дейінгі уақытта, мереке және демалыс күндері 19.00-ден 10.00-ге дейін өзара байланыс жасауға тыйым салу қарастырылған», – деп атап көрсетті А.Ахметов.

Заң жобасындағы тыйымдар банктерге де, микроқаржыландыру ұйымдарына да қатысты болуы ықтимал, оларға коллекторлық құрылымдар құруға және олардың капиталына қатысуға тыйым салу ұсынылады. Сондай-ақ, бұл банктер мен микроқаржыландыру ұйымдарының коллекторларға тұрғын үй түрінде кепілдендірілген физикалық тұлғаның борышын беруге құқықтары жоқ болады.

Заң жобасын талқылау кезінде депутаттар түрлі кереғар пікірлер айтты. Мысалы, мәжілісмен Аманжан Жамалов заң жобасын бірінші нұсқасында қабылдаған жағдайда коллекторлық нарық ойыншыларында проблемалар туындауы мүмкін екенін атап ескертті. «Бұл заң жобасындағы басты мәселе – ол жұмыс істемейді. Өйткені, сол борыштарды заңды түрде берген жағдайда (банктен коллекторларға – Ред.) қыруар салықтар пайда болады, оларды бір де бір жөні түзу коллекторлық компания өзіне алмайды. Бұл мәселелер заң жобасында мүлде реттелмеген», – деп есептейді А.Жамалов.

Бұл ескертуге түсіндірме бере келе, А.Ахметов әрбір коллекторлық компания – «дербес фирма» деп жауап берді. Коллекторлық компанияға салық салу жағына келсек, – оны ереже бойынша заңды тұлға құрады, Салық кодексіне сәйкес,  олар (компаниялар – Ред.) салықты түскен пайдадан  төлеуші болып табылады. Сол себепті бұл жерде коллекторлық компаниялардың салыққа қатысты қиындықтары пайда болады дейтіндей ешқандай проблема көріп тұрған жоқпын», – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Таныстырылымнан кейін заң жобасы ілеспе түзетулерімен Мәжілістің қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің жұмысшы тобы аясында талқыланатын болады. Сонымен қатар, депутаттар бүгін коллекторлар өз жұмысы үшін қандай мөлшердегі сыйақы алуы тиіс екендігі туралы да айтты. Бұл мәселе де заң жобасына берілетін салыстырмалы кестеде ескертілуі мүмкін. 

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер