Екі жылдың орнына бір ай!
Атыраулық кәсіпкер Бауыржан Баймұрзиевке көптен күткен жерін алу үшін екі жыл күтуге тура келді
Алайда өңірлік кәсіпкерлер палатасы араласқан соң мәселе бір айда шешілді.
2014 жылдың наурыз айында Бауыржан Баймұрзиев Атырау қалалық әкімдігіне 0,14 гектар жерді уақытша екі жылға пайдалануға беруге өтініш жасайды. Жерге кәсіпкер тұрғындарға қызмет көрсететін жаңа ғимараттың құрылысын салмақ еді.
«Химпоселок жақтан жер алғым келді. Ғимарат салып, оны кеңсе, дүкен, ТҚБ, автокөлік жуатын және тағы да басқа кәсіпкерлік ошағына айналдырмақ едім. Бірақ екі жылдан бері өз өтінішіме тиянақты жауап ала алмадым. Сондықтан Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрадым», – дейді Бауыржан Баймұрзиев.
Кәсіпкердің айтуынша, ол қалалық жер қатынастары басқармасына бірнеше рет өтініш білдірген. Ол жердегілер тиісті құжаттар жиналып, жерді беру туралы өтініш Атырау қаласының әкімдігіне қол қоюға жіберілген деп жауап қайтарған. Бірақ шешім сол күйі шықпады.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының сарапшылары Атырау қаласының әкімдігінен сұрау салады. Қалалық жер қатынастары бөліміне, қалалық прокуратураға кәсіпкердің заңды құқын қорғау үшін шағым жазады. Атқарылған іс бойынша мәселе Бауыржан Баймұрзиевтің пайдасына шешіледі.
«Кәсіпкерлер палатасына өтініш айтқан соң мәселе бір айдан кейін шешімін тапты. Жер учаскесін алдым. Уақытша екі жыл қолдануға рұқсатым бар. Сол палатаның сарапшыларына зор алғыс білдіргім келеді. Олар кәсіпкерлердің құқын қорғауда өздерінің білікті маман екендерін көрсетті», – дейді өзінің алғыс хатында кәсіпкер Бауыржан Баймұрзиев.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: