Қымбат болса да, отандық өнімді таңда!
«Атамекен» ҰКП отандық өнімді елде бағаламаса, олардың ең сапалысы шетелдік нарыққа кетіп қалуы мүмкін дейді
Ұлттық палатада импортты алмастыру тақырыбында ұйымның әр түрлі комитеттерінің өкілдері қатысқан баспасөз мәслихаты өтті.
Өндірістік және инвестициялық саясат департаментінің директоры Әлихан Ержанов журналистерге «Атамекен»-нің сарапшылары тоғыз түрлі өндіріс түрінен – металлургия, машина жасау, химия, құрылыс материалдарын өндіру, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі, қаптау, жиһаз, ағаш өндірістері бойынша сараптама жасап, 147 импорт тауарды алмастыра алатындығын атап көрсеткенін баяндады.
Оның айтуынша, 147 тауардың Қазақстанда 101-і өндіріледі екен. «Талдаудың келесі кезеңі 2015 жылы 147 тауарды ұлттық компаниялар, қазба байлықты өндіру компаниялары мен мемлекеттік мекемелер сатып алғанын көрсетті. Импорт тауардың саны 96,6% болған», – деп сөзін жалғады Ержанов.
Экономикалық интеграция департаментінің сарапшысы Әсел Дангилова импортты алмастыруға қатысты шараларды атап айтты. Олар Еуразиялық экономикалық одақтың аясында қарастырылған.
«Ең тиімді тәсіл – субконтрактация. Ол өзара байланыс орната білу. Тарихтан көрші елдердің Ресейдің, Беларусьтің өнеркәсібі біздікінен әлдеқайда дамып кеткенін білеміз. Сондықтан импорт алмастыру кезінде солардың ресурстарын пайдалансақ та болады. Мысалы, Қазақстанда сапалы өнім өндіріп, сол арқылы көршілердің қосалқы бөлшектерді қолдану, технология мен адам ресурсын пайдалануға әбден болады», – дейді ол.
Дангилованың айтуынша, Одақ негізінде бес елге ортақ бірегей мәліметтер орталығын жасақтау ыңғайлы болмақ. Онда шамасы толыққанды тапсырыс берушілер, жеткізіп беруші, өнімнің аталымдары көрсетіліп тұрар еді. «Ақпарат жетіспеушілігі анық байқалады. Көбінесе субъектілер бір-бірін танымай, білмей жүреді. Кім, не өндіретінін білу маңызды», – дейді ол.
Сарапшының сөзіне сүйенсек, субконтрактация биржалары құрылмақ. Барлық бес елдің өкілдері бас қосып, серіктес іздеп, табуына ыңғайлы алаң пайда болады. «Одақтың негізіндегі кез келген елінің заңы бойынша әр кәсіпкерге кеңес беру ұйымдастырылады», – деп қосты Дангилова.
Ол «Атамекен» ҰКП аясында Қазақстанның субкотрактациясын жасақтауды ұсынғанын басып айтты. Бұл ұйымның оны құруға барлық шама-шарқы жеткілікті. Аймақтық бөлімдері, қолдау орталықтары, кәсіпкерлері баршылық.
Өңдеу өнеркәсібі Комитетінің хатшысы Төлеген Молдахметов журналистермен әңгімелесу барысында өз бөліміне қатысты импорт алмастыру жөнінде айтып берді.
Молдахметовтың айтуынша, химия саласында Ұлттық палата 8 тауарды алмастыра алатынын анықтаған. Олар: лак, бояу, антифриз, антимұздатқыштардың түрлері. «Былтыр «Атамекенге» Астанада орналасқан жаңа компания өтініш жасады. Антимұздатқыштар шығарады екен. Олар негізінен әуежайлармен жұмыс істегісі келетінін айтты. Астана әуежайына антимұздатқыш ұсынуда қиындықтар барын алға тартты. Осы өтінішке қатысты ҰКП аясында жиналыс жасап, нәтижесінде 125 миллион теңгенің өніміне тапсырыстар жасалды», – дейді ол.
Комитет басшысы жиһаз өндіру бойынша да біраз түйткілдерді атап өтті. «Сатып алынатын жиһаздың 70%-ын мемлекеттік мекемелер – негізінен ұлттық компаниялар алатыны анықталды. Біздің отандық жиһаз өндірушілерге B2B нарығында аяққа тұруы қиын», – деп жағдайды толық түсіндірді сарапшы.
Молдахметовтың айтуынша, жеңіл өнеркәсіпте бүкіл тауарға тапсырысты мемлекеттік мекемелер, қорғаныс саласы мен ұлттық компаниялар жасайды.
«ҰКП қазір мектеп киімі жобасы бойынша жұмыс жасап жатыр. Мектеп киімінің нарығы 37,5 млрд теңгені құрайды. Орташа бағамен алғанда бір баланың киімі 15 мың теңге. Үкіметке отандық сапалы мектеп киімін өндірушілердің тізімін жасақтау керек деп өтініш жібердік. Өндірушілер мен тапсырыс берушілер арасында кездесулер ұйымдастыру керектігін алға тартып отырмыз. Содан кейін барып мектеп киімін тігетіндерге жеңілдіктер жасап, арнайы сауда жасау орындарын бекіту керектігін айтып жатырмыз. Үкімет біздің ұсыныстарды қолдады», – дейді комитет басшысы.
Сарапшы журналистерді бірінші республикалық мектеп киімі форумына шақырды. Ол 5 сәуірде өтеді. Оның айтуынша, отандық мектеп киімін тігушілердің өнімі ұсынылатын болады.
Машина жасау комитетінің хатшысының орынбасары Өмірсерік Ержановтың айтуынша, Қазақстанда ауылшаруашылық және автокөлік өндірісі де импортты алмастыруға қауқарлы.
«Бүгінгі таңда ірі құрамалы өнімдер бар. Ұлттық палата аймақтардағы жұмысты ұйымдастырып жатыр. Әр өңірдің өз өндірісі болуын жүзеге асырмақшы. Ауылшаруашылық машиналары үшін бөлек бөлшектер қажет, оған қоса жабылмалы құрылғылар керек, автопром бойынша отандық шикізаттан жасалған бөлшектер бар» дейді ол.
Тамақ өнеркәсібі комитетінің төрағасы Ербол Есенеев БАҚ-тың назарын қазақстандықтардың арзан дүниеге құмар екендігін аударды. Арзан импортты сатып алушылар, отандық сапалы, экологиялық таза өнімдерге мән бермей жүр дейді ол.
«Біздегі сапалы өнімнің бәрін басқа елдер, оның ішінде қытайлықтар сыпырып кетер деген қаупіміз бар. Өндірушіге экспорт жасау тиімді бола бастаса, ішкі нарық сапалы дүниеден қағылады. Қазіргі жағдай тура солай қалыптасып келе жатыр. Қытайға сатылған өсімдік майының соңғы тапсырысы соның айғағы. Біздің өндірушілер қытайлық ритейлерге литрін 3015 теңгеге сатты. Ал, біз дүкенде ол майды 300 теңгеге сатып аламыз», – дейді Есенеев.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: