«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Астаналық стартаптарға – тағы да 2 млрд теңге!

2016 жылғы 31 Наурыз
- Астана қаласы
10683 просмотров

Екінші жартыжылдықтан бастап қосымша 2 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінеді

«Даму» қоры мен Астана әкімдігі арасында осыған сай Меморандумға қол қойылды.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағанбетовтің айтуынша, бұл астанада енді ғана кәсібін ашып жатқан жас кәсіпкерлерді қолдау үшін жасалып жатқан бастама.  

«Стартап-жобаларды қолдау туралы жаңа бағдарламаны жүзеге асыруды Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков наурыз айының басында өткен астаналық кәсіпкерлердің үшінші конференциясында атап өтті. Ол конференцияға «Атамекен» ҰКП Төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев та қатысқан еді. Қазіргі таңда осы келісім жүзеге асып жатыр. Бұл қаржы экономиканың сан тарапты салаларына қатысты шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталады. Оларды екінші деңгейлі банктер мен арнаулы комиссия шешімі арқылы бөледі. Біздерге, аймақтық кәсіпкерлер палатасына, жобаларды таңдауға, солар бойынша кеңес беруімізге рұқсат етілді. Бұл салада ниет етушілер қарасы көп болады деп ойлаймын», – дейді Ғани Тасмағанбетов.

Астаналық кәсіпкерлер палатасы директорының сөзіне сенсек, Астана жаңа жобаларды қолдау бойынша алдыңғы қатарда келеді. Бұған дейін жастардың кәсібін қолдауға арналған ZhasStarT атты жоба жүзеге асқан. Ол жоба арқылы сауда саласына 600 млн және 1,6 млрд теңге көлемінде несие бөлінген. Бұл қаржы толыққанды еңсерілді. Осы бағдарлама бойынша биылға қосымша 300 млн теңге бөлінбек.

Ғани Тасмағанбетов қазіргі кезде Астана қаласының кәсіпкерлер палатасы жаңадан кәсіп ашушы, қызмет көрсетуші кәсіпкерлерге кәсібін игеріп кеткенше тегін қызмет көрсетіп жатқандарын айтты. Олар есеп-қисапты жүргізу, салықты есептеу, статистикалық мәліметтерді жинақтау, кедендік және маркетингтік зерттеу жүргізуді, кеңес беруді, менеджмент жүйесін енгізудің бүкіл үдерістерін үйрету, қызмет көрсету саласындағы ақпараттық технологияларды ұсыну, мемлекеттік тапсырыс саласы бойынша заңды көмек ұсыну, ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың сатып алуына қатысу бойынша көмектеседі.  

«Жас кәсіпкерлер жобаны қаржыландыруға келгенде көптеген қиындықтармен бетпе бет келеді. Стартап-жобаларға екінші деңгейлі банктерден қаржы алу өте қиын. Банктер кәсібі бар адамдарды қолдауға пейілді. Кепіл қоя алатын адамдарға ғана несие береді. Ісін енді бастаған жас кәсіпкерге бұл тиімсіз. Олардың қолында кепіл бола бермейді. Бірақ ісімді бастасам деген ниеті зор болады. Сондықтан қазір әкімдіктің осынау қолдауының арқасында жастардың өз ісін дөңгелетіп алып кетуге мүмкіндігі бар. Мұндай жобаларға қатысам деушілердің де қатары мол» – дейді Ғани Тасмағанбетов.

Стартаптарды қолдаудың жаңа бағдарламасы бойынша елу миллион теңгеге дейін несие беріледі. Сыйақы бағамы жылына 7,9% болады, несие  мерзімі – 7 жыл. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер