«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тауарларды қаптау индустриясын кім қамқорлығына алады?

2016 жылғы 30 Наурыз
10066 просмотров

«Атамекен» Ұлттық палатасы: егер мемлекет бұл саланы қолдамаса, ол жойылады

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңдеу өнеркәсібі комитеті хатшылығы басшысының орынбасары Батырбек Әубәкіров қаптау индустриясының проблемалары туралы айтып берді. «Қаптау индустриясы тағам өнеркәсібімен тығыз байланысты. Алайда Қазақстанда қаптау индустриясын қолдаудың мақсатты бағдарламасы жоқ. Әр саланың қандай да бір бейінді министрлігі болады десек, қаптау саласында ол жоқ. Қаптау тағам өнеркәсібінде де, құрылыс та да, химия және жеңіл өнеркәсіптерде де қолданылады. Алайда қаптау индустриясын толықтай қолдап отырған бірде бір орган жоқ. Мұнымен нақты ешкім айналыспай отыр», – деді ол.

Әубәкіровтың айтуынша, «Атамекен» бұл мәселені Ауыл шаруашылығы министрлігімен, сондай-ақ Инвестиция және даму министрлігімен талқылаған, алайда ешбір ведомство қаптау индустриясының жауапкершілігін өз мойнына алмай отыр. «Мұнымен алғашқы кезекте Ауыл шаруашылығы министрлігі айналысуы керек, себебі тағам өнеркәсібі қаптаудың 70%-ына ие.  Ауыл шаруашылық өндірушілеріне дотациялар мен субсидиялар бере отырып, министрлік олардың өнімдеріне арнап қорап шығаратын кәсіпорындарға да қолдау көрсетуі тиіс. Мәселе бізде кешенді қолдаудың жоқтығында. Егер бізге, Ұлттық палатаға қандай да бір проблема бойынша шағым түсетін болса, онда біз оны шешеміз. Ал тұтастай алғанда мәселе ашық түрде қалады», – деді ол.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанда әйнек ыдыс шығаратын барлығы 4 зауыт бар. Олар – «САФ» компаниясы, «ЕуроКристалл» ЖШС,  «Достық» ЖШС және «Әйнек» ЖШС. 2014 жылы орын алған ресей рублінің құлдырауынан кейін, «Достық» және «Әйнек» компаниялары өз өндірісін тоқтатқан. Әйнек шығаратын «САФ» компаниясы бүгінде үлкен проблемаларға тап болуда, себебі Қазақстан нарығының көп бөлігін ресейлік өндірушілер жаулап алған. 2014 жылы Шымкентте құрылған «ЕуроКристалл» компаниясы да баға белгілеуге демпингті қолданып отырған ресей өндірушілері тарапынан айтарлықтай қысым көруде. Алайда ол арнайы экономикалық аумақта жұмыс жасап отырғандықтан, мемлекеттік қолдау шаралары бойынша басым жеңілдіктерге ие», – деді ол.

Әубәкіровтың айтуынша, қаптау индустриясының барлығына ортақ проблема – бұл шикізаттың болмауы. Екінші кадрлардың жоқтығы. Бүгінде біздегі ірі кәсіпорындарда негізінен шетелдіктер жұмыс жасайды.

Комитет өкілінің айтуынша, бүгінде бизнес-қауымдастық Атыраудағы алғашқы біріктірілген газ-химиялық кешеннің ашылуын күтіп отыр, кешен полимерлік қорап өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз етер еді.

«Кедендік одақ құрылғанға дейін біздегі полимерлік қорап өндірушілері шикізатты ең тиімді ұсыныс бойынша таңдап алатын (Оңтүстік Корея, БАЭ, Сауд Аравиясы). КО құрылғаннан кейін ресейлік тарап ЕАЭО аумағына полимерлік шикізатті енгізуге кедендік баж салығы мөлшерлемесін көтеруді тықпалаған. Осылайша, біздегі полимерлік шикізат тұтынушыларын шикізатты жасанды түрде ресейлік өндірушілерден алуға мәжбүрлеп отыр», – деді ол.

Сонымен бірге, Әубәкіровтің сөзінше, ресей зауыттары өз елінің қажеттіліктерін өтеуге үлгермей жатыр, сондықтан Қазақстанмен қалдық принципі бойынша жұмыс жасауда. Мұнымен қоймай, Қазақстан үшін белгілеген баға ресейліктермен салыстырғанда жоғары.

«Осыған байланысты қазіргі таңда қазақстандық қайта өңдеушілерге арнап сатып алуды жеңілдету мен шикізатқа қолжетімділікті бақылау үшін Қазақстанның атынан бірыңғай өтінім жолдау мәселесі қарастырылып жатыр», – деп хабарлады ол.

«Атамекен» өкілі Қазақстанда қаптау индустриясын мемлекеттік қолдаудың нақты шараларын жасап шығару қажет деп түйіндеді.

«Шамамен бір аптадан соң біз қаптау индустриясы жөнінде комитет ішілік отырыс ұйымдастырып, онда ірі әйнек ыдыс тұтынушыларымен кездесеміз. Біз олармен бірлесе отырып қажетті қолдаудың ортақ концепциясын жасап шығармақпыз. Шарап-арақ кәсіпорындарына мемлекет көмек береді делік. Егер саған көмек берілсе, сен өзің өнімін алып отырған өндірушіге көмектесуің керек. Былай жасасақ: бар күшімізді шарап-арақ өндірушілерін қолдауға жұмсасақ, олар, өз кезегінде, отандық әйнек ыдыс өндірушілеріне қол ұшын созса», – деді ол.

Сонымен бірге, сарапшы жедел шешімін табуы тиіс тағы бір маңызды мәселенің басын ашты. Бұл – шикізат тапшылығын тартып отырған целлюлозды-қағаз өнеркәсібі. Оның екі түрі бар: кеңсеге арналған қағаздар шығару мен гофроқағаз өндірісі.

«Кеңсе қағаздары бойынша бүгінде «Kagaz Shahary» компаниясы  «Атамекен» ҰКП қолдауымен техникалық қарасорадан қағаз өндіру зауытын іске қосуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында шамамен 50 га жерге техникалық қарасора егу көзделіп отыр. Өсімдік ұрықтары әкелініп қойды», – деп мәлімдеді ол.

Гофроқағаз өндірісінің шикізаты – макулатуралар да Қазақстанда жеткіліксіз дейді Әубәкіров. Оны ресей өндірушілері белсенді түрде тасып әкетуде. Ал Ресейдегі макулатураның көп бөлігін Украина мен өзге елдер сатып алуда. «Осыған байланысты бүгінде КО қатысушы мемлекеттері деңгейінде макулатураны ЕАЭО құрамына енбейтін елдерге шығаруға тыйым салыну жоспарланып отыр», – деді ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер