Қазақстанда туристер міндетті түрде баруы тиіс жерлер
Ресейде шығатын National Geographic журналы Қазақстанның табиғи сұлулығы жайында жазды
Таяуда ерекше ғылыми-көпшілік географиялық журнал National Geographic – Ұлттық географиялық қоғамның (АҚШ) ресми басылымының ресейлік нұсқасы өзінің Қазақстан ғажайыптарына арналған тізімін жасады. «Байқоңыр, Шымбұлақ, Қатон-Қарағай, Бурабай мен Балқаш Қазақстанда ешқашан болмағандардың да құлағына тиген атаулар. Алайда, бұл елде айтарлықтай танымал емес, бірақ, қызықты жерлер көп, әрбір турист оларға міндетті түрде баруы тиіс», – деп жазады басылым.
Қазақстандық ғажайыптар тізіміне біздің еліміздің сәулет және табиғат әсемдіктерінің бес ескерткіші кірген, журнал оларды Қазақстанға келгендердің бәріне баруға ұсынады.
Бірінші қазақстандық ғажайып – Қайыңды көлі, ол 1911 жылы жер сілкінісінен кейін тау аңғарындағы жартастардың өзен сағасына құлауынан пайда болған. Көптеген реликтілік Тянь-Шань шыршалары сирей бастады, бірақ әлі де қасқайып тұр. Су үстінде жалаңаш діңдері сорайып тұрса, ал көл айдынында – тау суреті айнадай жарқырайды. Көл суының температурасы Цельсий бойынша 6 градустан аспайды, бұл, алайда, жергілікті дайверлердің қызығушылығына кедергі бола алмайды.
Екінші орында – орта ғасырлық сәулет ескерткіші – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі: қазақстандық мұсылмандардың қажылық жасайтын жері. Кесене 14 ғасырда ежелгі түркі ақыны әрі дін уағыздаушысының құрметіне салынған. Кесенені салу шешімін Ақсақ Темірдің өзі қабылдаған. Қазір бұл «Әзірет-сұлтан» мұражай-қорығының тарихи-мәдени басты нысаны, оған, сарайлар, ортағасырлық монша ғибадатхана кешені және ортағасырлық тағы бірнеше маңызды тұлғаның кесенесі кіреді. Кесененің кірпіш күмбезі – орталық Азиядағы ең үлкен күмбездердің бірі.
Үшінші қазақстандық керемет – Балқаш қаласынан солтүстікке қарай 70 шақырым жерде орналасқан Бектау-ата шатқалы. Жолаушының көз алдынан кішігірім өзендермен алмасып отыратын ғаламат сұлу ғарыштық пейзаж шыға келеді. Таулы мекен оны қоршаған даланың флорасынан мүлде басқаша. Оған қоса, ол жерде шағын, әдемі көлдер бар.
Төртінші орында – Маңғыстау облысы Оғланды жерінде орналасқан Бекет-ата мешіті, ол 17 ғасырда салынған. 18 ғасырда өмір сүрген әулие әрі емшінің құрметіне қойылған. Бүгінгі күні ол күніне үш мыңдай зиярат етушіні қабылдайды. Оның басты ерекшелігі орналасуында жатыр: ішіне кіру үшін келуші 1500 метр жердің астына түсуі керек.
National Geographic тізіміндегі бесінші керемет – «Бәйтерек» монументі, ол Қазақстанның жүрегі Астанада орналасқан. Монумент 1996 жылы басталып, 2002 жылы аяқталған. Құрылыстың ұзындығы 97 метрді құрайды, бұл тегін емес: 1997 жылы Астана Алматы қаласының орнына Қазақстанның астанасы деп жарияланды. Яғни, Бәйтерек ел тарихындағы жаңа дәуір бастамасының нышаны болып табылады. Бәйтеректің ұшар басында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолының бедері бар, ал, монументтің айналасында үлкен саябақ салынған.
«Бәйтерек» сөзі қазақ тілінде жас, жайқалып өскен ағашты білдіреді. Жоба авторларының ойынша, осылайша өзінің тарихи тамырларын сақтаған мемлекеттің тағдыры берік тұғырымен қатар өріліп, болашақ гүлденуге ұмтылысы бейнеленген.
Еске сала кететін болсақ, Қазақстанда National Geographic журналы биылғы жылдың наурыз айынан бастап шыға бастады. Бірінші шығарылым Маңғыстау ғажайыптарына арналған.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: