«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Суға мұқтаж суармалы жер

2016 жылғы 17 Наурыз
- Қарағанды облысы
13410 просмотров

Осакаров (Шеткібұлақ) ауданының шаруаларына күтпеген жерден, әрі негізсіз әкімшілік айыппұл салыну қаупі төніп тұр

Еліміздегі ауыл шаруашылығы өндірушілері суармалы жерлерге жататын аумақтарды тиімді түрде пайдалануға қатысты қатаң тексеруден өтуде. Аталған мәселе шешілмеген жағдайда, жақын арада Қарағанды өңірінің Мирный, Звездный, Трудовой, Есіл, Молодежный ауылдық округтерінің фермерлері айыппұлдарға «ілігуі» мүмкін.

Бар қиындық ауыл шаруашылығына арналған жерлердің құжат жүзінде суарылатын жерлер ретінде ресімделіп, жерлерді тез арада мемлекет есебінен қолдан суарылмайтын егіндік санатына аудару қажеттілігінде болып отыр.

Звездный ауылдық округіндегі «Спектр» шаруа қожалығының иесі Игорь Дедуренкоға жер телімдері 1999 жылы берілген. Фермер шаруа қожалығымен айналысу үшін, жер беру туралы өтініш берген уақытта суарылатын жер сұрамағандығын, алайда оған дәл осындай жердің берілгендігін алға тартады.

«Сондай-ақ қабылдау-тапсыру актісі бойынша мен оларды суармалы жер ретінде алған жоқпын. Сол уақыттың өзінде жерді суаруға арналған барлық суландыру және суды сіңіру жүйелері болған емес, немесе қалпына келтіруге жарамайтын жағдайда болатын. Мұнда ешқандай суару әдісі болмаған. Сорғы станциялары жұмыс істемейтін. Бізге бұл жерлерді бидай егу үшін қолдануға тура келген. Ол кезде суару жүйелерін қалпына келтірудің қажеті болмаған, қазірдің өзінде одан түк пайда жоқ, қалпына келтіру үшін орасан зор қаржы қажет»,– дейді осы мәселені шешу жолында талай есікті тоздырған Иван Дедуренко. Ал 2012 жылы оған «бұзушылыққа» жол бергені үшін, айыппұл да салынған болатын.

Естеріңізге сала кетсек, ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 4 қарашадағы №1297 Қаулысына сәйкес, Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді ұтымды пайдалану қағидалары бекітіліп, олар 2015 жылдың наурыз айынан бастап күшіне енген. Аталған құжат ауыл шаруашылығы мақсатында қолданылмайтын жерлерді тартып алу механизмдерін, олардың мақсатқа сай пайдаланылуын, сонымен бірге басқа санаттағы жерлерге аударылуын қадағалайды. Осыған сәйкес, қадағалау органдары санкциялар – 200 АЕК дейінгі айыппұлдар қолдануға мәжбүр болады.

Қазіргі таңда суармалы жерлерді мақсатына қарай пайдалану, сондай-ақ оларды суармалы жерлерден қолдан суарылмайтын – онда ауыл шаруашылығы өнімдері жасанды суарусыз өсірілетін жерлерге аудару мәселесі мұқият қарастырылып жатыр. Сорғы станцияларын, суару жүйелерін қалпына келтіру, осы жерлердің маңызын арттыру, сонымен қатар бұл жерлерді жеке қаражат есебінен бір түрден екінші түрге құжат жүзінде көшіру мүмкін болмай отыр. «Бұндай «керемет» өте қымбатқа түспек, оны іске асыру да оңайға соқпайды, себебі көптеген комиссиялар мен процедуралардан өту шарт»,–дейді аудандағы шаруалар.

Фермерлік шаруашылық басшысы,  Мирныйдағы жер телімі ата-анасынан мұраға қалған Сергей Головченко да дәл осындай жағдайға тап болған.

«Біз, онда тұратын шаруалар, құлдыраған кеңшарды қайта көтеруге бар күшімізді салдық, астық егумен айналыстық, себебі ол уақытта суармалы жерлерді көкөніс егу үшін пайдалану мүмкін болмады. Округіміздегі барлық қоймалар астық сақтауға арналған.  Аталған суармалы жерлерді өз мақсатында пайдалану үшін, өте көп қаражат қажет, қызмет түрін түбірімен өзгертіп, мүлдем басқа техника сатып алу керек. Ол аздай, үнемі суарып отыру, көкөніс сақтау орнын салу керек, өйткені округте бірде-бір көкөніс сақтайтын орын жоқ. Өнімді сақтау үшін алыс жаққа апару да тиімсіз», – дейді ол.

Ал «Анастасия» ШҚ басшысы Андрей Баканов, депутат қызметінде болған уақытында осы мәселеге қатысты ҚР Парламентінің мәжілісіне екі рет өтінім жіберіп, олар бұл мәселені ҚР ауыл шаруашылығының қарауына сілтеп жіберген.

«Маған әлі ешкім нақты әрі толыққанды жауап берген жоқ. Құжат бойынша суармалы жерлерді қалпына келтіру дегеніңіз ондаған миллион ақшаны желге ұшырып жіберумен тең. Ал қазір егістік алқабында мұнай құбыры жүргізілген, бұл өз алдына тағы бір тосқауыл»,– деп мәлімдеді фермер.

Осы жағдайға қатысты мемлекеттік мемлекеттердің ұстанымдарына тек таңқалуға болады. Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы жанындағы шағын және орта бизнес комитетінің төрағасы Ерлан Оспановтың пайымдауынша, 2013 жылы ауданға комиссия келіп, жерлерді тексерген. Комиссия бұл жерлерді суармалы жер ретінде пайдаланудың мақсатқа сай еместігі туралы тұжырым жасаған.

«Бірнеше шауашылық, соның ішінде «Бутеев» ШҚ, «Лущак» ШҚ, «Спектр» ШҚ, «Жанаай» ЖШС тексеріліп, оларға айыппұлдар салынған. Суару жүйелерінің көптеген жыл бұрын қирағандығын дәлелдеу мүмкін болмады, себебі жер инспекциясы тек құжат жүзіндегі растамаға ғана сүйенді»,– деп түсіндіреді ол.

Осакаров шаруалары аң-таң: бұл жерлер оларға құжатта көрсетілген түрінде өтпеген болса, неліктен ауыл шаруашылығы өндірушілері жердің мақсатын өз қаражаттары есебінен өзгертулері керек?

Аудан әкімі Қайрат Шайжанов таяуда Молодежный кентіне суармалы жерлерді қолдан суарылмайтын жерлерге аудару мәселесі бойынша Қарағанды облысы жер инспекциясы өкілдерінің келетіндігін хабарлады.

Жерлердің ұтымды пайдаланылуы бойынша тексерулерге мораторий белгілеу қажет пе немесе жер телімдерін мемлекет есебінен суармалы жерлер санатынан қолдан суарылмайтын жерлер санатына көшіруге көндіру керек пе? Бұл мәселені фермерлер депутаттарға ұсыныспен шығатын Ұлттық кәсіпкерлер палатасының көмігімен шешуді көздеп отыр. Даулы жағдайды болдырмас үшін, халық қалаулылары жер заңнамасының нормаларын, соның ішінде жерді мемлекет есебінен өзгерту тәртібін қайта қарастыру мүмкіндігін қарап шығулары керек. Ал онсыз да көптеген қиындықтарға тап болып отырған шаруаларға, әрине, аталған процедураны айыппұлдар салусыз жүзеге асыру үшін уақыт қажет болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер