Темір тордың ар жағында да жұмысқа орналасуға болады
Қамаудағылардың 50%-ы бүгінде жұмыс істеп жүр
Мәселені бірлесіп талқылау үшін ірі кәсіпорындардың өкілдерімен қатар кішігірім компания өкілдері де, соның ішінде жазасын өтеушілермен жұмыс істеп жүргендер де шақырылды. ҚАЖ Департаменті бастығының орынбасары Ризабек Дәулетов атап өткендей, бүгінгі таңда Атырау аумағында 4 түзету мекемесі бар. Оның ішінде жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту мәселесі екі мекемеде қарастырылған: ол жалпы алғанда шамамен 500 қамалушы болатын ерлер және әйелдер колониялары. «Облыс прокуратурасының жергілікті түзету мекемелерімен бірлескен жұмысының арқасында жалпы қамаудағылардың шамамен 50%-ы жұмысқа орналастырылған. Бізбен тұрақты түрде төрт компания жұмыс істейді. Мұнда жұмыспен қамтылған жазасын өтеушілер құрылыс-монтаж, дәнекерлеу жұмыстарымен, арнайы киім тігумен, полиграфиялық өнім шығарумен айналысады. Біз Кәсіпкерлер палатасының көмегімен түзету мекемесінің аумағында өз өндірісін ашуға тілек білдіретін бизнес субъектілері санының артатындығына сенеміз»,– деп атап өтті ол өз сөзінде.
Сондай-ақ түзету мекемелерімен серіктестік қарым-қатынастарын орнатып үлгерген бизнесмендер өз тәжірибелерімен бөлісті. «Эртри» ЖШС директоры Олег Тасуньяннің айтуынша, ол осыдан шамамен үш жыл бұрын әйелдер колониясынан арнайы киім тігумен айналысатын тігу және пішу цехтарын ашқан болатын. «Қазіргі таңда бізде 16 әйел жұмыс істейді, бұрын олардың саны 25 болған. Қамаудағылардың шартты-мерзімінен бұрын босатылуымен байланысты кадрлар ауысып отырады. Бірақ, бұл заңды нәрсе. Басқа ешқандай қиындықтар жоқ. Пішуді Еуростандарт бойынша жасайтындығымыздан, бір қызды Мәскеуде оқыттық. Шартты-мерзімінен бұрын босатылғаннан кейін, ол бізде жұмыс істеп қала берді»,– дейді Олег Тасуньян.
«Белый квадрат» ЖШС директоры Нұрберген Дәулетов қамаудағылардың қолымен жасалған бұйым жайлы айтып қана қоймай, оларды көрсетті де. Сапа жағынан ол өзгелерден кем емес, ал бағасы анағұрлым төмен. Сондай-ақ, жазасын Атырау облысында өтеушілерді жұмысқа орналастырумен «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорны да айналысады. Мұнда қамаудағылар түзету мекемелері үшін нан пісіру, құрылыс-монтаж жұмыстары, жылу жабдықтарын ауыстыру және жөндеу тәрізді жұмыстарды атқарады.
Бүгінде барлық кәсіпкерлер үшін, көкейкесті мәселелердің бірі – халықтың сатып алу қабілетінің төмендігі. Соның нәтижесінде тапсырыстар өте аз. Десек те, дөңгелек үстел қорытындылары бойынша бірнеше кәсіпкер түзету мекемелері ұсынатын мүмкіндіктерге қатысты қызығушылық танытты. Ал ірі компанияларға келетін болсақ, олардың өкілдері тікелей тауарлар мен қызметтер жеткізумен айналысатын қосалқы мердігерлік компанияларға жүгінуді ұсынды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: