Өмірге құштар жандардың күресі
Ағзасына трансплантация жасатқан адамдарға қолдау ауадай қажет
Жақында Астана қаласында өткен турнирдің лейтмотиві осындай болды. «Наурыз» мейрамы қарсаңында ағзасына трансплантация жасатқан науқастардың «Өмір тынысы» қоғамдық бірлестігі «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ-ның қолдауымен ағзасын ауыстырып салған адамдар арасында боулингтен жарыс өткізді.
Науқанға қолдау білдіргендердің қатарында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері де болды. «Соңғы кездерде Қазақстанда ағзаға трансплантация жасау жақсы дамып келеді. Отандық емханаларда бірегей ота жасайтын мүмкіндіктер пайда болды, ең бастысы бұл мәселеге бей-жай қарай алмайтын адамдардың түсінігі бар, олар жанына аяздай батқан қасіретіне қарамастан, өз туған-туыстарының ағзаларын донорлыққа беруге рұқсат етеді. Сондай қазақстандықтардың арқасында үміті сөнуге айналған науқастар екінші мәрте өмір сүруге мүмкіндік алады», – деп атап өтті шараның ашылу барысында турнирдің жүргізушісі, белгілі қазақстандық саяси және қоғам қайраткері Нұрлан Өтешев.
Бүгінгі таңда тек қана Астана қаласының өзінде 17 мыңнан астам адам мүгедектікпен өмір кешуде. Олардың ішінде 80 адам жүрегіне трансплантация жасатқандар. 2012 жылдан бастап Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында бүкіл Қазақстан бойынша донорлық жүрек ауыстырып қондыру бойынша 30 ота жасалды. «Көптеген зерттеулер нәтижесі дене шынықтырумен айналысу реципиенттердің – донорлық ағзамен жүрген адамдардың өмір сүру сапасы мен ұзақтығын арттыратындығын көрсетіп берді. Әлемде 1978 жылдан бастап ағзасына трансплантация жасату арқылы екінші рет «дүниеге келген» емделушілердің толық ментальды, физикалық және әлеуметтік оңалуын көрсететін Трансплантациялық спорттық ойындар өткізіледі. Сондықтан, шараның мақсаты – спортпен шұғылдануға тарту арқылы реципиенттердің оңалуын жақсарту, сонымен қатар ағзалары трансплантталған адамдардың әлеуметтік бейімделу проблемаларына қоғам мен мемлекеттің назарын аударту және донорлық пен трансплантацияға оң көзқарас қалыптастыру», – деді ағзасына трансплантация жасатқан сырқаттардың «Өмір тынысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы әрі Қазақстан мен Орта Азияда бірінші болып донорлық жүрек трансплантациясы бойынша ота жасатқан адам Жәнібек Оспанов.
Жәнібек Оспанов трансплантталған науқастар үшін, әлеуметтік және психологиялық бейімделу үлкен рөл атқаратындығын атап өтті. Сол үшін вирустық және инфекциялық аурулардың профилактикасына баса назар аударып, суық тиюден сақтану қажет. Сонымен бірге физикалық жүктемелер бойынша да шектеулер бар – оларға 5 келіден артық салмақ көтеруге болмайды. Көптеген реципиенттер ота жасалғаннан кейін Астанаға, ота жасалған трансплантациялық орталыққа жақынырақ көшіп келуге мәжбүр болады. «Жоғарыда атап өткен қиындықтарға қарамастан, ерте оңалту кезеңінен кейін толыққанды өмір сүру үшін: еңбек етіп, бала тәрбилеу үшін көптеген реципиенттер өзінің кәсіби қызметіне оралғысы келеді. Алайда шектеулерге байланысты мұны істеуге олардың мүмкіндіктері бола бермейді. Трансплантталған науқастардың басым бөлігінің кәсіптері ауладағы еңбекпен және ауыр физикалық жүктемемен байланысты қара жұмыстар. Бұл азаматтардың жағдайындағы ерекшеліктерді ескере отырып, олардың толық емес жұмыс күні бойынша жеңіл жүктемемен жұмыс істеулері мүмкін. Жұмысқа қабылдайтын компанияларда қайта оқыту қарастырылса, олар одан өтуге дайын», – деді әңгіме барысында Жәнібек.
Біздің елде ондай компаниялардың бар екенін айта кетуіміз қажет. Мәселен, киім тігумен айналысатын «Ютария Астана» ЖШС бұрын құрылыспен айналысқан реципиенттердің бірін жұмысқа қабылдады. Компания өз қаражаты есебінен бір ер адамды тігін құралдарын жөндеу бойынша слесарлыққа қайта оқытты. Міне, осындай қолдаудың арқасында оның бүгінде еңбек етуге, отбасы мен қоғамға пайда әкелуге мүмкінідігі бар. Жәнібек қайырымды қазақстандықтарды ағза трансплантациясын басынан өткерген адамдарға белсенді түрде көмектесіп, олардың әлеуметтік және психологиялық бейімделуіне жәрдемдесуге шақырады.
Турнирге төрт команда қатысты: реципиенттер, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының Басқарма төрағасы Юрий Пи бастаған ұжым, Мүгедектердің жастар ұйымы мен журналистерден құралған команда. Атамекеннен турнирге журналистер командасының құрамында Қоғаммен байланыс департаментінің қызметкерлері қатысты. Қазақстанның блогерлер қауымдастығының президенті Ғалым Байтүк қазылар алқасының төрағасы болды. Жеңімпаздар мақтау қағаздарымен және сыйлықтармен марапатталды. Шараның соңында ұйымдастырушылар реципиенттердің қатысуымен мұндай науқандарды өткізу дәстүрге айналып, ел аумағынан тыс аймақтарға да тарайтынына сенім білдірді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: