«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Арулар бизнесі

2016 жылғы 05 Наурыз
- Ақмола облысы
13359 просмотров

Ақмола облыстық Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесі жылға жуық жұмыс істеп келеді. Негізгі мақсаты әйелдердің бизнес-процеске белсенді қатысуына ықпал ету болып табылатын бірлестік тым қысқа мерзімнің өзінде біраз іс тындырды. Көктемнің әдемі мейрамы – 8 наурыз қарсаңында кеңестің төрайымы Әмина Әділбекова palata.kz сайтына берген сұхбатында бастамалардың іске асуы жайында айтып берді және болашаққа жоспарларымен бөлісті.

 – Әмина Вагисқызы, бірінші жыл – өте қиын, аяққа тұру жылы. Кеңес осы уақыт ішінде қандай бастамаларды іске асырды, қандай қиындықтарға тап болды?

 – Ең бастысы, біз Кеңеске жақсы әрі сапалы құрам жинай алдық, оған жұмыс істеп тұрған, не болмаса даму үстіндегі бизнеске қолдау көрсетуге даяр белсенді және табысты кәсіпкер әйелдер кірді. Олар жалпы әйелдер кәсіпкерлігін қалыптастыруға көмек көрсетеді.

Біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – Кеңестің тұсауын кесу. Осы тұрғыда біз түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, әрбір өңірде кездесетін және көп жерлерде қайталана беретін проблемалар туралы ақпарат жинаймыз. Бұл қаржыландырудың жетіспеушілігі, қарапайым білімдердің жоқтығынан туындайтын түрлі мәселелер, мысалы, бухгалтерияны жүргізу, заңға қатысты мәселелер. Бұған қатысты, мен өңірлік палата бұл мәселелерді өте тиімді шешіп отыр деп есептеймін, және де бұған келтіретін мысалдарымыз көп.

Біз әйелдердің экономикалық ілгерілеуі мәселелеріне, әсіресе, олардың көпшілігі «өзін-өзі қамтыған» деп аталатын санатқа жатқызылатын ауылдық жерлерге баса назар аударамыз. Атап айтқанда, жаңадан бастаған кәсіпкерлерге арналған оқыту тренингтері, семинарлар ұйымдастырылады, әйелдер кәсіпкерлігінің өңірлік ерекшеліктері айқындалады, өсу нүктелері мен әлсіз тұстары белгіленеді.

Осы жұмыс шеңберінде біз Зеренді, Бурабай, Бұланды, Астрахан аудандарына және Степногор қаласына барып қайттық, бұл сапарлар барысында Кеңес мүшелері ӨКП-ның қызметі, Іскер әйелдер кеңесі жайында айтып берді, несиелеу бағдарламалары туралы ақпарат берді, тәжірибе алмасты, біз сөзбен айтқанда, жұмыс бастан асады.

– Түсіндірмелік жұмыстар аз емес және Кеңес жұмысының ажырамас бөлшегі екендігі сөзсіз. Ал іс жүзінде қандай мәселені шештіңіздер?

– Иә, мен сізбен келісемін: кез келген ұйымның тиімділігі нақты істермен дәлелденеді. Өткен жылы бізге түрлі өңірлерден бизнеспен айналысқысы келетін әйелдер көптеп келді. Олардың өтініштерін қарау нәтижесінде Көкшетау қаласының сұлулық салондарында шаштараз өнері бойынша тегін шеберлік сыныптары ұйымдастырылды.

Оған қоса, бірнеше өтініш білдіруші кондитерлік іс бойынша тегін білім алды.

Осы жылдың басында Макинск қаласында «Мари» сұлулық салонының ашылуы «алғашқы қарлығаш» болды. Біздің көмегіміздің арқасында кәсіпкер Мариям Рахимова бизнес ашуға грант алды, оқыту курстарынан өтті, және де қазір салон табысты жұмыс істеуде.

– Әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру жағы қалай?

– Асылы, кез келген мемлекеттің негізін бәсекеге қабілетті жастар құрайды. Осыны терең түсіне отырып, біз түрлі ұйымдармен тұрақты негізде кәсіби бағдарлық іс-шаралар өткіземіз. Мысалға, облыстық білім басқармасымен бірге 2015 жылдың мамыр айында «Менің таңдауым» атты байқау өткіздік. Оған өңірдің 18 мектебінен өкілдер қатысты.

«Жұмыс беруші күні» акциясы аясында бірқатар ТжКБ оқу орындарында, ЖОО-ларда Өңірлік кеңес, Іскер әйелдер кеңесі мүшелерімен, табысты кәсіпкерлермен  кездесулер өтті. «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Тігін өндірісі және киімді үлгілеу», бизнес негіздері бойынша дәрістер ұйымдастырылды.

Оған қоса, Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен, Кеңес жас мамандарды жастар арасында жұмысшы мамандығының жағымды мәртебесін көтеруге, жұмысшы кәсібі өкілдерінің шығармашылық, танымдық және әлеуметтік белсенділігін ынталандыруға бағытталған республикалық «Үздік маман» конкурсына қатысуға тарту жөнінде қолдау көрсетті.

Біз аға ұрпақ өкілдерін де назардан тыс қалдырмаймыз. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Ұрпақтар алғысы» акциясы аясында ардагерлерімізге арнап тегін шаштараздық қызмет ұйымдастырылды. Кеңес мүшелері Ленинград блокадасын бастан кешкен әйелдердің, Ұлы Отан соғысына қатысушылардың, концлагерь тұтқындарының үйлеріне барды.

– Биылғы жылы Кеңестің алдында қандай жоспарлар бар?

– Біз өткен жылы қамтылмай қалған өңірлерге шығамыз, аудандардың жұмысы жедел әрі сапалы жүруі үшін аудандарда Іскер әйелдер кеңесін ұйымдастырамыз. Жалпы алғанда, осы жылы біз бастапқы сатысынан бастап соңына дейін жеткізетін отыздан астам жоба құруды жоспарлап отырмыз. Әйелдер іске асыра алатын салалар бойынша біз жүргізген мониторинг пен келешегі бар тың нарықтарға талдау көрсеткендей, бұл, ең алдымен, әлеуметтік сала (балабақшалар, басқа да әлеуметтік мекемелер), қызмет көрсету саласы және т.б. Бүгінгі күні мемлекеттік-жекеменшік серіктестік біздің алдымыздан орасан зор мүмкіндіктер ашып отыр деп санаймын.

Таяу уақытта өңірде «Алғыс үшін» және «УниверMAG.kz» дүкендері тәрізді сату орталықтарын ашуды жоспарлап отырмыз, бұл кәсіпкерлік қызметті жандандыра түседі деген ойдамын.

– Әмина Вагисқызы, cіз өзіңіз, менің білуімше, кез келген әйелдің қолынан келе бермейтін бизнесті басқарасыз...

– Дұрыс айтасыз (күлді). Біздің компаниямыз хауыздар, сауналар, субұрқақтар, тазартқыш ғимараттар салумен айналысады, яғни спортпен, белсенді іс-әрекетпен байланысты нәрселер. Біз тек құрастырумен және құрал-жабдық жеткізумен ғана емес, құрылысты кілтіне дейін тапсырумен айналысамыз.

Және де бұл бизнес әйелдерге тән емес болса да, мені бұған тағдыр айдап әкелді. Менің жұмысым өзіме әбден ұнайды, сондықтан әрі қарай ісімді жалғастыру үшін ешбір кедергі жоқ деп есептеймін.

Осы сәтті пайдаланып, мен бүкіл әйел қауымын келе жатқан 8 наурыз мерекелерімен құттықтағым келеді. Ең бастысы, әйел бақытын тілеймін. Менің көзім жеткен нәрсе, әйел бақыты дегеніміз – бұл, әйелдің отбасында арман-тілектерінің орындалуы, арқа сүйейтін адамдарының болуы, сонда ол аяғынан нық тұрып, басқа салаларда да өзін дамыта алады. Аяулы әйелдер, әрдайым жарқырап, әдемі болып жүре беріңіздер, еркектерге шабыт сыйлай біліңіздер, қашан да көздеріңізден көктемнің нұры төгіліп тұрсын!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер