«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жуалылық іскер әйелдің Сән үйі

2016 жылғы 04 Наурыз
- Жамбыл облысы
10790 просмотров

Жамбыл облысының Жуалы ауданында Өңірлік кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен  «Алтын-Ай» сән үйі ашылды.

Гүлмира Әсемованың кәсіпкерлік жолы қиыншылыққа толы болды. Осыдан үш жыл бұрын Г.Әсемова белгілі себептермен несиесін төлей алмай «қара тізімге» кіріп кеткендіктен, екінші деңгейлі банктердің барлығы дерлік кәсіпкерді қаржыландырудан бас тартқан болатын.  Алайда, көзін тапқанға кез келген тығырықтан шығудың жолы бар. Бұл жолы кәсіпкерге Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының аудандық Іскер әйелдер кеңесі мен Кәсіпкерлікті қолдау орталығының мамандары көмек қолын созды.

Ұзақ әрі қажырлы еңбектің нәтижесінде жеке кәсіпкер Гүлмира Әсемова  «Қазақстанның халық банкі» АҚ арқылы 12,3 миллион теңге несиеге қол жеткізді, жобаның жалпы құны 27,3 млн теңгені құрады.

– Жеке кәсіпкер Гүлмира Әсемовоға  тігін машинасы алу және айналым қаражатын толықтыру үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы несие алуға көмектестік,– дейді Өңірлік палата директоры Қарлығаш Аралбекова. 

Бүгінгі таңда «Алтын-Ай» сән үйінің құрылыс және әрлеу жұмыстары толықтай аяқталып, жуырда оның салтанатты ашылуы болды. Мұнда нақтылы кезеңде 4 адам жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта тігіншілер санын 10-ға дейін арттыру жоспарланған. Кәсіпкер әйел алған соңғы үлгідегі төрт тігін машинасы тігіншілер жұмысын едәуір жеңілдетуде. Жергілікті шеберлер қолынан шыққан киімдер тұтынушылар таңданысын тудыруда. Сонымен қатар сапасы жоғары, бағасы арзан. 

Сән үйінің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Өңірлік палата директоры Қарлығаш Аралбекова Палата тарапынан әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға, әсіресе ауылдық жерлерде нәзік жандылар басқаратын кәсіпорындардың ашылуына көп күш жұмсалып жатқандығын тілге тиек етті.

– Біз тек сәнді емес арнайы киімдерді де тігеміз. Сонымен қатар, тапсырыстар тек аудан аумағынан ғана емес өзге облыстардан да түсіп жатыр. Егер кәсіпкерлер палатасы тарапына қолдау-көмек болмағанда біз өз ісімізді аша алмас едік,– деп Г.Әсемова алғысын білдірді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер