«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Өнерлі жастарға өріс ашқан кәсіпорын

2016 жылғы 03 Наурыз
- Алматы қаласы
5909 просмотров

«Алматы-Көркем» компаниясы жаңашыл дизайнерлерді дайындайтын орталық ашуды жоспарлап отыр

«Алматы-Көркем» компаниясы өз жұмысын 2012 жылы шағын ұжым ретінде бастап,  бүгінде еліміздегі жарнама саласындағы алдыңғы қатарлы компанияға айналды. «Алматы-Көркем» компаниясының басты мақсаты өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа заманауи техникалар мен технологияларды қолданысқа енгізе отырып, еліміздің полиграфия, дизайн саласын дамыту. Қазір мұнда үш баспа цехы күндіз-түні жұмыс істеп тұр. Ал техникалық және дизайнерлік  жұмыстарды 25 маман атқарады.

Бұл мекеме тек жарнама, дизайн және полиграфия саласын дамытып қоймай, жастарға дизайнның қыр-сырын үйретуге үлкен мүмкіндік жасап отыр. Мәселен, қарапайым суретші ретінде еңбек жолын бастаған Гүлназ Сейітханқызы бүгінде цех директоры дәрежесіне дейін көтерілген жас мамандардың бірі.

«Мен бастапқыда қатардағы дизайнер ретінде жұмысқа орналасқан едім. Қазір осы мекемеде көп тәжірибе жинақтап, цех бастығына дейін көтерілдім. Біз ешқандай экономикалық дағдарысқа қарамастан жұмыс істеп жатырмыз», – дейді ол.

Расында елімізде жарнама саласында қызмет көрсететін агенттіктер мен студиялар жетерлік. Бірақ мұндай компаниялар жастарға дизайнерлік өнердің қыр-сырын үйретпейді. Сондықтан бұл мекемеге қаладағы ЖОО студенттерін өндірістік тәжірибеден өткізу жөнінде көптеген ұсыныстар түсуде. Компания басшысы Перизат Нұрбаева бұл ұсыныстарды ескере отырып, әртүрлі жастағы талабы бар жандарға, әлеуметтік деңгейі әртүрлі адамдарға дизайн өнерін, дизайн жасайтын компьютерлік бағдарламалармен жұмыс істеуді үйрететін студия ашуды жоспарлап отыр.

«Біз төрт қабатты ғимараттың жобасын дайындап қойдық. Оның бірінші қабатында құрал-жабдықтар орналастырылса, екінші қабатында өнер студиясы ашылады. Осы жобаны іске асыру үшін біз демеуші іздестірудеміз. Қаржыны үйретуші және оқытушы мамандардың санын арттыруға, жұмыс орындарын кеңейтуге жұмсасақ деген ойдамыз. Өнерлі жастарға өріс ашу біздің парызымыз», –дейді кәсіпкер.

Бүгінгі таңда қазақтың дәстүрлі өнерін дәріптеу өзекті мәселе. Қазақтың ұлттық нақыштағы бұйымдары, ондағы ою-өрнектері қайталанбас туынды екені дәлелденіп жатыр. Шетелдіктер қызыға қарайды. Осы ретте «Алматы-Көркем» дайындаған дизайнер-мамандар ұлттық ою-өрнектерді жаңа заманға сай үлгіде қолданысқа енгізетін болады.

Бұл туралы компания директоры  Перизат Нұрбаева: «Қазақтың ұлттық дәстүрі бірегей нақышымен ерекшеленеді. Соны  жаңаша ойлайтын, заманауи көзқарасы бар дарынды дизайнерлер арқылы көрсету – біздің компаниямыздың басты мақсаты. Сондықтан ұлттық нақыштағы дүниелер жасайтын жаңашыл дизайнерлер дайындайтын кез келді. Біз жоспарлап отырған студия осы ойды жүзеге асыруға арналады.  Бұл  студияда түрлі дәрістер мен көрмелер ұйымдастыруға да  болады. Өнер саласындағы түрлі ұжымдармен серіктестікті арттырсақ деген жоспар бар. Ал бізде бұл істі жүргізуге ниет те, жігер де жетерлік», – дейді ол. 

Осы мақсатын жүзеге асыру үшін бұл мекеме бүгінде «Сәби» қайырымдылық қоры жариялаған «Өз бизнесіңді баста!» атты байқауға қатысқан. Компания директоры Перизат Нұрбаеваның  талантты жастарды талаптандырып, оларға көмек қолын созуын игі бастама десек артық болмас. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер