«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жұмысшы мамандықтар бойынша ережелерді БҒМ емес, кәсіптік мекемелер ұсынулары қажет

2016 жылғы 02 Наурыз
- Қарағанды облысы
11295 просмотров

Болашақ жұмысшы мамандарды дайындайтын өндіріс шеберлері үшін өз шеберліктерін жетілдіретін орын жоқ

Қазақстан заңнамаларында оларды тағылымдамадан өткізу туралы түсінік жоқ. Ал 72 сағаттық біліктілікті арттыру бағдарламасы машықтану ретінде мойындалмайды, тек инженерлік-педагогика қызметкерлерінің (ИПҚ) жұмыс кестесіндегі бір тармақ болып есептеледі.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Еуропалық білім қорымен (ETF) бірлесе отырып осы келеңсіздіктің орнын толтыруды көздейді және кәсіби стандарттар негізінде ИПҚ біліктілігін арттыру бағдарламасын жасап шығарумен мұқият айналысуды жоспарлап отыр.

Колледждерде кәсіптік білім берумен байланысты мәселелерді Қарағанды қаласындағы тәжірибеден өтушілер қауымдастығы талқылады.

ЕБҚ-ның «Кәсіптік білім беру мекемелерін дамыту бойынша ЕБҚ бастамасы» жобасының сарапшысы Валентина Белослюдцева кәсіптік білім берудің орталық-азия жүйесін зерттеумен айналысады. Қазақстанда 2009 жылдан бері еуропалық тәжірибені ұсына отырып, сарапшы бұл саладағы мәселелерді үкіметтік құрылымдарды тарта отырып шешу қажеттілігін алға тартады.

Кездесу қатысушыларымен осы саладағы мәселелер мен келешектегі іс-қимылдарды талқылай келе ол: «Біздің кәсіптік бірлестік әдістемелік орталыққа айналуы мүмкін. Зияткерлік күш-қуатымыз орасан зор. Меніңше, қауымдастық беделді жұмыс тобына айналып, оның көмегіне бейінді мекемелер жүгінетін болады»,–дейді.

Оқу орталықтары, салалық қауымдастықтардың өкілдері инженерлік-педагогикалық қызметкерлерде біліктілікті арттыру мүмкіндігінің жоқтығын бірінші кезектегі мәселе ретінде алға тартты.

«Қазір өндіріс шеберлері аттестациядан педагогикалық қызметкерлер ретінде өтуде, ал олардың шебер ретіндегі біліктілігі белгісіз. Оларды жіктеу қажеттілігі біраз уақыттан бері туындаған. Жұмыстың мән-жайын толық білмейтін жаңа шеберлер, 10 немесе тіпті 40 жылдық тәжірибесі бар шеберлер, басқа саладан ауысқан шеберлер де болады. Және біз олардың деңгейлерін білмейміз», – дейді Адами капиталды дамыту бөлімінің сарапшысы Қарлығаш Оспанова. Ол мұндай қызметкерлердің мәселелерімен іс жүзінде таныс: оқу орталығының директоры болған уақыттан бері ол кәсіпорынның шеберлерді тәжірибеден өткізу үшін өз базаларын ұсынудан бас тартқан, ал кейде шеберлерінің қандай да бір жаңалықтарды оқып-үйренгендігін ауызбен ғана айтып құтылған жағдайларына куә болған.

Қауымдастықтың тәжірибе мамандары жұмыс берушіні ынталандыратын жағдайлардың жоқтығын айтады – салық төлеу бойынша жеңілдіктер, түлектерді тәжірибеден өткізуде белгілі бір артықшылықтар жоқ. Ал бұл уақытта кәсіпорынға тек теориялық білімі бар, станоктардың нобайымен ғана таныс жас буын келуі мүмкін.

Осыған қарамастан, кәсіпорындар жалпы жағдайды біртіндеп түсініп келеді және екіжақты білім беру мәселесіне қызығушылық танытуда дейді Қарлығаш Оспанова. Соңғы жылдары мамандардың жетіспеушілігі байқалып, кәсіпорындар жанынан оқу орталықтары ашылуда. Онда колледж білімгерлері мен түлектері ғана білім алып қоймай, тәжірибелі шеберлер де өз біліктіліктерін жетілдіре алады. Алайда мұнда да проблемалар жоқ емес дейді Алматы облысы КП Адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Алмагүл Оңғарбаева.

«Бүгінде біз апатты жағдайдағы оқу орталықтарын бақылап отырмыз. Өндірістік базасы жоқ, бір үстел мен екі компьютерге ие кейбір пысық адамдар ИПҚ оқыту қызметтерін ұсынады. Жақын арада заңнама базасын ретке келтіріп, оқу орталықтарына арналған типтік ережелер мен талаптарды құру қажет. Салалық қауымдастықтар Ұлттық палата жанынан аккредитациядан өтетіндей, олар да аккредитациядан өтулері тиіс. Ал ережелерді құрастырумен тікелей бейінді мемлекеттік органдар айналысулары керек»,–деп атап өтті ол.

Оның сөзіне қарағанда, бұл бірқатар бағыттар бойынша жұмысты жеңілдетеді – тізілімге енгізу арқылы бүгінде қолға алынбай отырған мониторинг пен тиісті бақылау жүргізілетін болады. Сондай-ақ, ел кәсіпорындарының қажеттіліктеріне сәйкес аса қажетті жұмысшы мамандықтардың тізімі құрылатын болады.

Мәселен, қостанайлық автоөндірушілер арнайы мамандардың жоқтығы мәселесіне тап болып отыр.

«Ірі және ұсақторапты автокөлік жинаумен айналысатын «Агромашхолдинг» ЖШС мен «Сарыарка автопром» ЖШС тәрізді үлкен өндірушілер бар. «Бояу ісін бақылаушы» мамандығына деген қажеттілік туындап отыр. Нарықта автокөлік бояушылардың бар екендігі, ал бақылаушының мүлдем болмайтындығы және бұл кәсіпке еш жерде үйретпейтіндігі анықталды»,–дейді қостанайлық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Зарина Көкжанова.

Қарлығаш Оспанова айтып өткендей, қазақстандық кәсіптік білім беру мекемелері осы уақытқа дейін сонау кеңес дәуірінде құрылған Бірыңғай квалификациялық-тарифтеу анықтамалығын басшылыққа алады екен. Жаңа жұмысшы мамандықтардың құрылып жатқандығына қарамастан, бұл анықтамалық жаңартылмаған. Ал ең үлкен кемшілігі, біз анықтамалықтың ресейлік редакциясын пайдаланамыз, себебі өзіміздікі әлі күнге дейін жасалмаған.

«Мұны қолға алатын адам жоқ, ал Палата аталған процесске белсенді түрде тартылып, енді жұмыс берушіге ережелерді білім министрлігі емес, әрбір саланың талаптарын ескере отырып, бейінді мемлекеттік органдардың ұсынуына қол жеткізу жолында жұмыс жасауда»,– дейді ол. Сарапшының сөзіне қарағанда, мұндай ережелер бүгінде тек Энергетика министрлігімен ғана жасап шығарылған.

Қауымдастық мүшелері жасалып жатқан құжаттар мен ережелер бойынша нақты ұсыныстар енгізу мақсатында жақын арада тағы да кездесу ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Бұл кәсіпкерлер, оқу орындары, мемлекеттік құрылымдар мен салалық бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен өтетін кеңейтілген іс-шара түрінде болады деп жоспарланып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер