Әкімшілік жауапқа тартылған кәсіпкердің ісі талқыланды
Тазалық сақтамағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған алматылық кәсіпкер «Атамекен» ҰКП-ның Алматы қалалық филиалына арызданды
Алматылық жеке кәсіпкер Таңнұр Алмасова Наурызбай ауданының Табиғатты қорғау полициясы инспекторының іс-әрекетін негізсіз деп есептейді. Оның айтуынша, 22 қаңтар күні Алматы қаласы, Ақжар ауданы, Айманов №36 мекен-жайы бойынша орналасқан «Таңнұр» сауда үйіне Табиғатты қорғау полициясының инспекторы Ж.И.Садибеков дүкен маңайындағы темекі тұқылдары сыпырылмаған, баспалдақтағы мұз тазаланбаған және қоқыс қалдықтарын тазарту мекемелерімен келісімшарт жасалмаған деген айыппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырып, 63630 теңге көлемінде айыппұл салады. Алайда, мұнымен келіспеген жеке кәсіпкер өз кінәсін жоққа шығаратын бейнетүсірілімді алға тартып, инспектордың үстінен сотқа да шағымданған. Бірақ, сот ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 60-бабының 2-тармағы бойынша Табиғатты қорғау полициясы инспекторының әрекеті заңды деген шешім шығарады.
Сотта жеңілген жеке кәсіпкер «Атамекен» ҰКП-ның Алматы қалалық филиалына түйіткілді мәселені шешіп беруді өтініп, арызданған.
Алматы қалалық Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары инспектордың іс-әрекеті түсірілген видеоны Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросы мен прокуратура органдарына жіберу керек деп есептейді. Себебі, бұл мәселенің астарында жемқорлық болуы мүмкін. Олар Наурызбай аудандық Табиғатты қорғау полициясының инспекторы Ж.И.Садибеков өзінің өкілеттігін асыра пайдалана отырып, ҚР заңы шеңберінде жеке кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тартқан деген ұйғарымға келді.
Заңгер Сергей Уткин мұндай жағдайда сот орындаушылары бірінші кезекте өз әріптестері, яғни инспектордың емес, жеке кәсіпкердің құқын қорғауы керек еді деген пікірде: «Мысалы АҚШ-та сот органдары ең алдымен тұлғалардың құқын қорғайды. Өйткені олар салық төлеп отыр. Ал, өз әріптестері – құқық қорғаушы органдардың талабы нақты дәлел болғанда ғана қанағаттандырылады. Бізге осы тәжірибе керек», – дейді.
Істі құзырлы органдардың қарауына жіберген кеңес мүшелері келесі отырыста бұл мәселеге тағы да тоқталу туралы шешімге келді. «Атамекен» ҰКП Алматы қалалық филиалы директорының орынбасары Қайрат Құдайбергенов: «Бұл істі соңына дейін жеткізу үшін, кеңестің келесі отырысында жеке кәсіпкердің құқын заң шеңберінде қалай қорғай аламыз деген мәселені қарастырайық»,– деп түйіндеді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: