«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнес өз құқықтары мен мүдделерін қорғауда батылдана түсті

2016 жылғы 01 Наурыз
- Қарағанды облысы
10116 просмотров

2015 жылы ӨКП 153-тен астам бизнесменнің құқықтары мен мүдделерін қорғай алды, бұл жалпы өтініш санының 53%-ы

Бизнес өз құқықтары мен мүдделерін қорғауда батылдана түсті, деді Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасының құқық мәселелері бойынша директорының орынбасары Геннадий Жмук журналистермен кездесуде.

«Біздің міндетіміз – кәсіпкердің проблемасымен айналысу ғана емес, шешімге қол жеткізу. Бұл бір ай, тіпті бір жыл уақыт алуы мүмкін, алайда біз кесімді шешімге қол жеткіземіз. 2015 жылдың қорытындысы бойынша біздегі шешімін тапқан істің көрсеткіші – 53%, ал 2014 жылы бұл көрсеткіш 37% болған», – деп атап өтті құқық блогының жетекшісі.

289 істің арасында 10 жылдан астам уақыт құзырлы органдардың табалдырығын тоздырған кәсіпкерлер Палатаға келісімен қысқа мерзімде шешімге қол жеткізген жағдайлар да кездесті. Мәселен, «Амир» ЖШС автокешенді кеңейту мақсатында 20 сотық жер телімін сұраған. Компанияның иесі Амир Газиев әкімдікке, прокуратураға жүгінген. Бастапқыда жер берілмеуінің себебі, жер телімі үшінші жақтың меншігіне өтіп кеткендігімен түсіндірілген, дегенмен, ол жердің ешкімге тиесілі еместігі анықталды. Кәсіпкер қайта сұрау салғанымен, жер мүлде басқа адамның иелігінде деумен оның өтініші екінші рет қабылданбаған. Алайда, ол адамның бұл жер туралы мүлде хабарсыз екендігі және жер телімі оған қате ресімделгені мәлім болды. А. Газиев үшінші рет сұрау салғанда, қаланы жобалау жоспарына сәйкес келмейтіндігіне байланысты, яғни бизнес аумағынан магистраль өтетіндіктен, өтініші қанағаттандырылмаған. Оның ғимаратының дәл ортасынан өтеді екен. Ескеретіні, мұндай тағы бір жол бұрыннан бар және ол «Амир» ЖШС техникалық қызмет көрсету орталығынан бірнеше метр қашықта жатыр. Кәсіпкер Палатаға жүгінген соң мәселе бір жылдың ішінде шешілді, ақыр соңында оған жер телімі берілді.

Келесі жағдай тіпті ақылға қонымсыз: жеке кәсіпкер Раиса Яйли 2002 жылдан бері бизнес жүргізіп келе жатқан жер телімін 2009 жылы бұрыннан құрылыс орналасқан жер ретінде жекеменшігіне ресімдеуді қолға алғанда, ол аяқ астынан қала картасында жоқ боп шықты. Себеп – толық жоспарлау жобасы бойынша абаттандыруға арналған алаң ретінде қарастырылған. Айта кетерлігі, Яйлидің бизнесі 2002 жылы тіркеліп, ғимарат пайдалануға берілген. Жер дауы 6 жылға созылады. Палатаның сарапшылары жарты жылдың ішінде мәселені кәсіпкердің мүддесіне шешуге қол жеткізді.

Сарапшылар ұсынған мәліметтер бойынша, жаңа жылда өтініш берушілердің саны артқан. Егер өткен жылдың қаңтар, ақпан айларында 38 кәсіпкер арыз-талаппен келсе, биыл екі айдың ішінде 81 хат келіп түсті.

«Кәсіпкерлер Палатаның сарапшысына сенімхат жазып береді, біз барлық сот процестеріне қатысып, олардың мүдделерін қоғаймыз. Егер қалың бұқараның назарын аудару қажеттігі туып жатса, біз келіссөздер үстелінен ұзамай-ақ құзырлы органның жауабын алуға мүмкіндік беретін Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесіне ұсынамыз. Көп жағдайда нақты мәселелер аталмыш орган төрағасының жеке бақылауына алынады», деп нақтылай түсті Г.Жмук. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер