Шағын несиеге көбінесе ауыл кәсіпкерлері мұқтаж
Ақмола облысы ӨКП өңірлік микронесиелеу бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы шағын кәсіпкерлікті микронесиелеу бағдарламасын іске қосқаны белгілі. Қайтарымды негізде 1 млрд. 200 млн. теңге көлеміндегі бағдарламаны қаржыландыру «АЛМЭКС» компаниялар тобының жеке капиталын тарту арқылы іске асады.
Бүгінгі күні Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасы ауылдық елдімекендердегі бизнес субъектілерін қамтуды көздейтін өңірлік микронесиелеу бағдарламасы жобасын жасаумен айналысуда. Бұл туралы толығырақ palata. kz сайтына сұхбат берген өңірлік палата директоры Уәлихан Ғабдуллин айтты.
– Дербес өңірлік бағдарламаны жасаудың алғышарттары қандай?
– Ұлттық палата өкілдері бола тұра, бүгінде біз ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерге қаржылық қолдау көрсетуге қатысты орын алған жағдайларды айқын көріп отырмыз. Бүгінгі таңда өңірде 11 993 заңды тұлға мен 47 563 жеке кәсіпкер болса, олардың ішінде 6 206 заңды тұлға және 28 401 жеке кәсіпкер ауылдық жерлерде тіркелген (Бұл жалпы санның 51,7%-ы мен 59,7%-ы).
2015 жылдың 1 желтоқсаны бойынша Ақмола облысы банктері заңды тұлғаларға 89 622 млн. теңге несие берсе, оның 25 662 млн. теңгесі немесе 28,6%-ы ауыл шаруашылығының үлесіне тиді. Тәжірибе көрсеткендей, ауыл кәсіпкерлері банк несиелеріне мүлдем қол жеткізе алмайды. Бұл бірінші кезекте өтімді кепілдік қамсыздандырудың жоқтығынан және ауыл шаруашылығының маусымдық қызметімен байланысты.
«Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының, ең алдымен, жаңадан іс бастаған кәсіпкерлерге арналған екінші бағыты аясындағы микронесиелеу ауылдардағы ШОБ жобаларын қаржыландырудың негізгі көзі болып саналады. Алайда берілген қарыз көлеміне талдау жасағанда бұл қаражаттың жеткіліксіз екені айқындалды.
Кәсіпкерлік пен өнеркәсіп басқармасы деректері бойынша 2016 жылы «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бойынша микронесие алуға 183 өтінім келіп түскен. Әзірге берілетін қарыз сомасы белгісіз болғанымен, былтырғы жыл көрсеткіштерінің орташа сомасы (2,38 млн. тенге) бойынша есептесек, биыл 435 млн. теңгеден кем болмайды.
– Дегенмен ауылдықтар бұл бағдарлама бойынша несие алуға асығар емес...
– Иә, мұның себебі де жоқ емес. Ауыл кәсіпкерлеріне сұрау салу арқылы «Жұмыспен қамту – 2020» аясындағы микронесиелеудің бірқатар кемшіліктері бары анықталды. Олар: несиелеудің қысқа мерзімі (5 жылдан аспайды), берілетін несие көлемінің аздығы (3 млн. теңгеден көп емес). «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» аясында микронесие алу көп жағдайларда бастаушы кәсіпкерлер үшін тиімсіз. Себебі ауыл шаруашылығында шығынның өтелуі үшін ұзақ уақыт керек.
Ауыл шаруашылығы урбандалудың, өнеркәсіп салаларының немесе инновациялық технологиялардың қарқынды дамуына қарамастан, адам қызметінің негізгі түрі болған және солай болып қала береді. Тұтастай алғанда, дағдарыс кезеңінде дәл осы ауыл шаруашылығы секторы ел экономикасы өсімінің жаршысы болады деген болжам бар.
Жоғарыда айтылғандардан ой қорытсақ, біз ауылдық елдімекендердегі кез келген ұйым түріне қолжетімді қаржыландыру мәселелерінің күрделілігін көріп отырмыз. Бұл тұста Ақмола облысында тұтастай өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму флагманы ретіндегі АӨК саласының дамуы аса маңызды екенін бәрі түсініп отыр. Еске салсам, өңірдің жұмысқа жарамды тұрғындарының 38%-ы дәл осы салада жұмыс жасайды, сондай-ақ ӨЖӨ-нің 20%-ын құрап отыр.
– Өзге өңірлерде осыған ұқсас бағдарламалар бар ма?
– Иә. Оңтүстік Қазақстанда «Максимум» өңірлік инвестиция орталығы (ӨИО) бар. Біз өңірлік микронесиелеу бағдарламасын жасауда дәл осы орталықтың нәтижелі тәжірибесіне сүйенгенбіз. Бұдан басқа, бүгінде ӨИО базасында Қызылорда, Ақтөбе және Алматы облыстарында өңірлік микронесиелеу бағдарламалары қолға алына бастады.
Мәселен, «Максимум» орталығы алты жыл ішінде құны 20,5 млрд. теңге болған 8,5 мың жобаны қаржыландырып, 21 мың жұмыс орнын құрды. Сонымен бірге, «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы аясында микронесиелеу бойынша 2,1 млрд. теңге игерілген, бұл қаржыландырылған жалпы жобалардың 10%-на тең. Қарыз қаражаттың қайтарылмалығы 98% болған.
Бұл мысалдан бизнес әлі де қосымша қаржыландыруды, оның ішінде «ЖҚ-2020» бағдарламасы шарттарынан өзгешеленетін микронесиелеу бағдарламалары қажет ететінін көреміз.
Бүгінгі күні өңірлік микронесиелеу бағдарламасы жобасы облыс әкімдігінің қарауында жатыр. Мемлекет тарапынан қолдау тапса, бастама жүзеге аспақ.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: