Жемқорлардың тізімін жариялау керек!
ӨКП-ның Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңесі заңды бұзған шенеуніктердің есімдерін атады
Батыс Қазақстан облыстық Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің ақпан айындағы отырысында қаралған басты мәселенің бірі 2015 жылы мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне араласу фактілері туралы мәселе болды.
«Қазір көптеген мемлекеттік қызметтер ХҚО арқылы, қызметтерді алу кезінде қызмет көрсетуші мен қызмет пайдаланушының қарым-қатынасын жеңілдету үшін электронды форматта көрсетіледі. Бірақ, өкінішке орай, мемлекеттік қызметкерлер кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне ашықтан-ашық араласатын фактілері де кездеседі. Осындай фактілерді жариялау үшін біз осы мәселені Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің талқысына салуды жөн көрдік», – деді Кеңес отырысынан кейін өткізілген брифингте Құқықтық мәселелер жөніндегі директордың орынбасары, Кеңестің хатшысы Нұржан Мақсотов.
Жалпы, 2015 жылдың қорытындысы бойынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюроның департаменті 9 мемлекеттік қызметкерге қатысты 10 қылмыстық іс қозғаған, оның ішінде – 1 іс лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша, 1 іс заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау фактісі бойынша қозғалды. Мемлекеттік органдардың лауазымды қызметкерлерінің кәсіпкерлік субъектілерін бопсалауы және пара алуы фактілері бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды. Барлық қылмыстық істер бойынша соттың айыптау үкімдері бар.
Кеңесте бизнесмендердің қызметіне заңсыз араласқаны үшін жауапқа тартылған мемлекеттік қызметкерлердің аты-жөні жарияланды. Оның ішінде – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бастығы Ж.Серікопов бар. Бұл шенеунік жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға жалға тұрғынжай алуға көмектесіп, жалпы қамқорлық көрсету арқылы олардан жүйелі түрде пара алып келген. Жемқорға 43 млн. теңге сомасына айыппұл салынды, оның мүлкі тәркіленді, және де ол бұдан былай мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан айрылды.
Сондай-ақ, сот облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі территориялық инспекциясы жетекшісінің орынбасары қызметін атқарған тағы бір жемқор Г.Тұралиевке қатысты дәл осындай жаза тағайындады. Тек мұндағы айыппұл көлемі 1,3 млн теңгені құрайды. Ол фермерді бопсалап, шаруашылықтың су қоймасын жалға алу және балық өсіру қызметіне араласып, қамқорлық көрсеткені үшін пара сұраған.
Тағы бір шенеунік, Бөрлі ауданы әкімдігінің Жер қатынастары бөлімін басқарған Ж.Саратаевқа да 42 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, мүлкі тәркіленді және өмір бойы мемлекеттік органда жұмыс істеу құқығынан айрылды. Ол шешкен мәселенің құны бар болғаны – 300 мың теңге, ол бұл ақшаны кәсіпкердің жер учаскесін мақсатты бағытта пайдаланбағаны үшін, оны мемлекетке өткізу шараларын қолға алмағаны үшін талап еткен.
«Ақсай» кеден бекетінің жетекшісі М.Сатаев тауар декларациясын кедергісіз ресімдегені және қамқорлық жасағаны үшін кәсіпкерден 925 мың теңге сұраған. Мұндай «өтініш» шенеунікке тым қымбатқа түсті: жемқор мемлекетке 55,5 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс! Оған қоса, оның мүлкі тәркіленді және мемлекеттік органда жұмыс істеу құқығынан айрылды.
Орал қаласының Құрылыс бөлімінің басшысы М.Еснияз жеке кәсіпкерді құрылыс нысандары бойынша орындалған жұмыстың жалған актілеріне қол қоюға мәжбүрлегені үшін миллион теңге айыппұл тартты. Ақшаға құныққан шенеунік те бұдан былай жергілікті атқару органдарында және мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды. Оның мүлкі де мемлекет қарамағына өтті.
Осы тұрғыда биылғы жылдың өзінде кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне араласудың 3 фактісі анықталды. Айталық, ЖШС директорынан әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны және жалпы қамқорлық көрсеткені үшін пара алған бір республикалық мемлекеттік мекеме басшысының орынбасарына қатысты қылмыстық іс аяқталып, ол облыс прокуратурасына жіберілді. Тағы екі қылмыстық іс мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларын ыстық тамақпен қамтамасыз етуде пара алуы фактілері бойынша қозғалды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: