Мысырлықтар Қазақстанда дәрі-дәрмек шығармақ
Египет бизнесмендері біздің елімізде фармацевтика саласы бойынша бірлескен инвестициялық жобаларды іске асырмақ ниетте
Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Египет Араб Республикасының президенті Абдул Фаттах Ас-Сиси мырзаның және Қазақстанның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Қазақстан-Египет Іскерлік кеңесінің бірлескен мәжілісін ұйымдастырды.
Қазақстан-Египет Іскерлік кеңесі екі елдің іскерлік орталарын үйлестіру мақсатымен құрылған және екі ел арасында сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты нығайту және кеңейту бағытында өзара тиімді іскерлік байланыстарды дамытуға бағытталған. Жалпы алғанда, мәжіліске Қазақстан мен Египеттің жүзден астам кәсіпкері қатысты, және де олар В2В форматында өткен екіжақты сессиялар барысында өздерінің бизнес-жобаларымен таныстыруға мүмкіндік алды.
Күн тәртібінде тараптар фармацевтика мен туризм саласындағы өзекті мәселелердің, сауда, мұнай, газ саласындағы проблемалардың кең ауқымын қарастырды және оларды шешу жолдарын ұсынды. Сондай-ақ, Қазақстан мен Египет арасындағы көлік логистикасы саласындағы перспективалар туралы сөз қозғады. Әсіресе, Қазақстандағы жекешелендіру процесіне айрықша назар аударылды. Египет тарабына Қазақстанның инвестициялық тартымды жобалары ұсынылды.
«Қазіргі жаңа үрдістерге сай, екіжақты қатынастарды жандандырудың жаңа арнасын қалыптастыру үшін, барлық мүмкіндіктерді пайдаланатын сәт келді. Ынтымақтастық аясында отандық кәсіпкерлер елдегі астықты экспорттау үшін, Египетпен сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға ерекше қызығушылық танытты. Қазақстандық экспорттаушылар 2008 жылы экспорттың ең жоғарғы шегіне жетіп, Египет нарығына 215 млн АҚШ доллары сомасында 744 мың тонна астық жіберді. Алайда, кейінгі жылдары бұл қарқын күрт бәсеңдеп, соңғы екі жылда Қазақстан астығын экспорттау толығымен тоқтады. Ал Египеттен келетін экспорттың 50%-ын фармацевтикалық өнім құрайды. Осыған байланысты, мысырлық кәсіпкерлер Қазақстанда осы саладағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға және оны біртіндеп Еуразиялық одақ елдеріне қайта экспорттауға қызығушылық білдірді», - деп атап өтті Қазақстан Сыртқы сауда палатасы басқармасының төрағасы Мейірбек Мәжитов.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: