Шет ауданында жер дауы азайды
Жергілікті азаматтар пайдаланбайтын жерлерін өз еркімен қайтарып жатыр
Кәсіпкерлікті дамыту үшін, барлық жер тиімді пайдаланылу керек. Шет ауданында 2014 жылы жүргізілген түгендеу науқаны кезінде мақсатсыз пайдаланудағы аумағы 250 000 гектар болатын 256 жер телімі анықталған. Оның 144-інің иелері табылып, жер айналымға қайта енді.
Аудан әкімшілігінің ақпараты ақпараты бойынша, 17 жер телімінің иелері 16 300 га жерді мемлекетке өз еркімен қайтарды, оның ішінде егістік жерлер, тасты жерлер бар. Пайдаланусыз жатқан 41 жер теліміне қатысты материалдар тексеріс жүргізу үшін облыстық жер инспекциясына, ал 54-і – иесінің меншігіне қою үшін әділет басқармасына жіберілді.
Бұл жөнінде Шет ауданы Кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған шағын және орта бизнес комитетінің отырысында белгілі болды. Шет ауданының Жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бауыржан Ғабдуллиннің айтуынша, аудандағы кәсіпкерлікті дамыту үшін барлық жердің тиімді игерілуі маңызды.
«2009 жылға дейін игерілмей жатқан жер учаскесі анықталса, мәжбүрлеп қайтарып алуға болатын еді. Кейін жаңа заң қабылданып, пайдаланылмайтын жердің иесін 1 жыл күту мерзімін сақтау туралы талап енгізілді. Жерге қатысты даулар азайды, пайдаланбайтын жерлерін азаматтар өз еркімен қайтарып жатыр», - дейді Б. Ғабдуллин.
«Дегенмен, бұрынғы заңға сәйкес мәжбүрлі түрде алынған жерлердің облыс орталықтарына не басқа облыстарға көшіп кеткен иелері қайтып келіп, бірнеше сот ісі жүруде», - дейді ол.
Жалпы аумағы 6 569 405 га болатын Шет ауданында 60 елді мекен және 7 кент бар. Қазіргі таңда мұнда 1197 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің мәліметінше, барлық жердің 90 пайызы пайдалануда.
Естеріңізге сала кетейік, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен алдағы уақытта бос жер телімдерінің электрондық базасы құрылмақ. Бұл жөнінде ақпанның онында өткен онлайн-конференцияда «Атамекен» басшылығы мәлімдеген болатын.
Жергілікті атқарушы органдар осы мәліметтің ашықтығын қамтамасыз ете отырып, кәсіпкердің ыңғайын табуы тиіс деп санайды Палата мамандары.
«Кез келген өңірдің экономикасын дамытатын әкімдік емес, бизнес. Кәсіпкерліктің көркеюіне жағдай жасамаса, ешқандай мемлекеттік бағдарламаның нәтижесін көре алмаймыз», деп атап өтті Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Мәдениет Божбанов.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: