Қазақстанда өнеркәсіптік (есірткілік емес) кендірден қағаз шығару жоспарлануда
ҰКП Өңдеу өнеркәсібі комитеті Хатшылығының жиналысында техникалық кендір шаруашылығын дамыту мәселесі талқыланды
Аталған тақырып мүдделі мемлекеттік органдар, кәсіпкерлер, салалық қауымдастықтардың қатысуымен қызу талқыға түсті. Сонымен бірге пікірталасқа бейнеконференция режімінде Қазақстанның өңірлері мен Киев қаласы қосылды.
Кездесу модераторы, «Атамекен» ҚР ҰКП өңдеу өнеркәсібі комитеті хатшысының орынбасары Батырбек Әубәкіров бұл жиналыстың импорттың орнын алмастыру саясатының аясында жүргізіліп отырғандығын атап көрсетті. Және күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – бұл өнеркәсіптік кендір негізіндегі қағаз өндірісі болды.
«Бүгінгі таңда кеңсеге арналған қағаз импорты шамамен 100 млн. АҚШ долларын құрайды. Сонымен қатар шикізат мүмкіндіктерін дұрыс пайдаланған жағдайда, біз қағазды өзіміздің Қазақстанда шығаруымызға болады, сол арқылы бюджетке түсетін түсімді арттыруға, жұмыссыздықты қысқартуға және импорттық тәуелділікті жоюға жол ашылар еді»,– деді Б. Әубәкіров.
Оның ойымен «Kagaz Shahary SEZ» бас директоры Максим Скрынник те келіседі. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Қазақстан кеңсеге арналған қағазды Ресей мен Финляндиядан сатып алып отыр, ол үшін жылына 30 млрд. теңге шығындалуда. «Біздің мақсатымыз – толық кезеңде қағаз өндіретін комбинат құрылысы үшін, барлық жағдайлар жасау және шикізат тәуелділігінен толығымен бас тарту»,– деп мәлімдеді кәсіпкер.
«Біз шикізат іздестіру жолында зерттеулер жүргіздік. Екінші дәрежелі шикізаттан қағаз өндіру мүмкіндігін қарастырып, алайда бұл ойымыздан бас тарттық, себебі одан жақсы сападағы қағаз алу мүмкін емес. Тағы бір жолы – қамыстан жасалған қағаз, үшіншісі – зығыр мен бидайдан жасау. Бірақ бұл ұсыныстар да талшықтың жеткілікті деңгейде қатты болмауының салдарынан техникалық себептер бойынша жарамсыз болып қалды. Содан кейін зерттеу барысында біз бір ерекше, тіпті мен үшін сол уақытта аса таңғажайып жайтқа тап болдық. Ауыл шаруашылығындағы әріптестеріміз бізге техникалық кендірді зерттеу жөнінде ой тастады. Мен бұл идеяға бастапқыда аса мән бермедім. Бірақ, зерттеулер көрсеткендей, кендірден қағаздың тұтас ауқымы – банкноттықтан бастап кеңсе қағаздарын орауға дейін қажет болатын бірегей целлюлоза ғана емес, сондай-ақ өте жақсы тоқыма мен тағам өнімін де алуға болады»,– дейді ол.
Скрынник қағаз комбинаты қызметкерлерінің кендірді өнеркәсіптік мақсаттарда пайдаланудың дүниежүзілік тәжірибесін білетіндіктерін, әртүрлі елдердегі бизнес өкілдері, инвесторлар, мемлекеттік органдар мен зерттеу институттарымен кездескендіктерін атап өтті. «Орасан зор жұмыс жүргізілді. Біз жиналысты өзіміздің дүниежүзілік тәжірибемен қаруланып отырғандығымызды жеткізу мақсатында өткізіп отырмыз. Қысқаша айтсақ, біз қазіргі уақытта, былайша айтқанда, дүние жүзінде қайта өрлеп келе жатқан осы бастамамыз туралы жан-жақтан тек қана жағымды пікірлерге қол жеткіздік»,– деп қосты ол.
«Дүние жүзінің әр түкпіріндегі өнеркәсіпшілер мен аграрлық қызметкерлер бұның қаншалықты келешегі зор мәдениет екендігін айтты. Әсіресе олар оны өсіру үшін Қазақстан климатының аса қолайлы екендігін атап өтті»,– дейді кәсіпкер.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде көптеген шетелдік инвесторлар аталған бағытта Қазақстанмен бірлесіп жұмыс істеуге дайын. «Біздің нарығымызға кіріп, бірқатар заманауи өндірістерді әкелуге, сонымен бірге Қазақстанның өз ішінде қиындықтарға тап болып отырған тоқыма кәсіпорындарын қалпына келтіруді қалайтын және соған дайын жекелеген серіктестермен жұмыс істеп те үлгердік»,– деді Скрынник.
Алайда, Kagaz Shahary басшысының сөзіне сүйенсек, саланың ешбір кедергісіз дамуы үшін ҚР заңнамасын жетілдіру қажет. «Бірінші кезекте осы мәдениетке деген қарым-қатынасты өзгерту керек. Қазақстандағы заң кендірдің барлық сұрыптарын есірткілік ретінде қабылдайды. Олай емес. Біз қолға алуды жоспарлап отырған есірткілік емес сұрыптары да бар. Бұл сұрыптарда психикалық белсенді заттардың аздығы сонша, ол адам ағзасына ешқандай психотроптық әсер етпейді»,– деп мәлімдеді ол.
«Украинская техническая конопля» қауымдастығының президенті Александр Игнатюк осы мәселеге қатысты өз елінің тәжірибесі туралы ой бөлісті. «Украиналық селекция тіпті теориялық тұрғыдан әлеуметтік жағынан қауіпті болмайтын сұрыптарды өсіріп шығарды»,– деп хабарлады ол.
Сондай-ақ, Игнатюк есірткілік емес кендірден өнімнің шамамен 50 мыңдай түрінің жасап шығарылатындығын да мәлімдеді. «Құдайға шүкір, сіздерде қағаз өндірумен айналысуға дайын мүдделі тұлғалар бар. Бұл жаңа тәжірибе емес, ол Италия, Швейцария, Францияда қолданылып отыр. Осылайша, аталған елдер өз ормандарын сақтайды. Есірткілік емес кендірдің дүниежүзілік нарығы соңғы 10 жылда нөлден бірнеше жүздеген млрд.долларға дейін көтерілді»,– деп көрсетті ол.
Өз кезегінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Бақыт Ілиясов өзі басқарып отырған мекеменің техникалық кендір өсіруге қарсы еместігін жеткізді. «Бұл өсімдіктің болашағы зор, біз мұны жоққа шығармаймыз. Кеңестік кезеңде ол біздің республикамызда өсірілген, кейін белгілі бір себептерге байланысты өндірілмейтін болды. Ауыл шаруашылығы министрлігі техникалық кендірдің өндірісін «қолдайды»,– дейді ол.
ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Химиялық және фармацевтика өнеркәсібі басқармасының бас сарапшысы Дидар Өсеманов мекеменің «Есірткі құралдары туралы» заңына түзетулер енгізу туралы нақты ұсыныстарын алға тартты. Оның сөзіне қарағанда, мынадай түзетулер енгізілуі тиіс: «ТГК – бұл кемінде 0,3% тетрагидроканнабинол есірткі құралдарынан тұратын каннабис өсімдіктерін өсіру және жинау және оларды өнеркәсіптік мақсаттарда пайдалануға рұқсат етіледі және халықаралық конвенцияларға сәйкес осы заңға қатысты болмайды». «Сонымен қатар өнеркәсіптік мақсаттарда есірткілік емес кендірді техникалық қайта өңдеу үшін квота белгілеу қажеттілігін алып тастаған және есірткі құралдары туралы заңның ықпалынан өнеркәсіптік мақсаттардағы есірткілік емес кендір түсінігін шығарған жөн деп есептейміз»,– деп қосты сарапшы.
ҚР Ішкі істер министрлігі есірткі бизнесіне күрес департаменті жедел-іздестіру басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Рахымбеков заңнаманың осы мәселені реттейтін нормалары бөлігінде Украинаның бағдарлы ведомствосындағы әріптестермен тәжірибе алмасуға қатысты қызығушылығын білдірді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: