«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қытайдағы бірқатар өндіріс орындары Қазақстанға көшеді

2016 жылғы 25 Ақпан
9989 просмотров

Қытай кәсіпорындары Қазақстанда түрлі өнімдер өндіруге дайындалуда

Бірлескен жаңа өндірістер құру және өндіріс қуатын Қытайдан Қазақстан аумағына көшіру қандай деңгейде жүріп жатыр? Өнеркәсіп орындарының көшуіне қатысты кейбір мәселелер туралы бүгін қазақстандық БАҚ өкілдерімен өткен кездесу барысында ҚХР-дың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Уәкілетті елшісі Чжан Ханьхуэй мәлімдеді.

«Зауыт құрылысын, металлургия комбинатын қайта құруға байланысты, сонымен қатар,  инфрақұрылымдық жобалар жасау мәселесі қарастырылған 52 жоба (Қазақстан аумағында өткізілуі мүмкін жобалардың тізіміне енгізілген – ред.) бар. Мәселен, Астанада жеңіл рельсті жол, цемент, әйнек шығаратын зауыттар салу және өзге де қайта өңдеу жобалары да бар»,– деп көрсетті елші мырза.

Чжан Ханьхуэй «барлық жобалардың халықаралық нарыққа өнім жеткізуге немесе импорттық тауардың орнын басу мақсатында ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етуге негізделгендігін» айтып өтті.

«Сіздердің (Қазақстанның – ред.) валюталық қорларыңыз әрине өте қомақты, осы қор есебінен сіздер көп нәрсеге қол жеткізе аласыздар. Тек негізгі тауарларды импорттаудан өзге де көп нәрсе жасауға болады»,– дейді елші мырза.

Қазақстан мен Қытайдың өндірістік кооперациясы мәселесіне қайта орала отырып, Чжан Ханьхуэй «материалдардың да, жағдайдың да бар екендігін» жеткізді. Бұл ретте ол қазақстандық өндірістерді жетілдіру ісіне қытайлық компаниялардың да қатысып отырғандығын да жоққа шығармайды. «Ал ол зауыттар мен фабрикалар мұнда бұрыннан жұмыс істеп келеді, жаңарту керек, қайта құру қажет және біз бұған қолұшымызды береміз. Әрине, жаңа жобалар да бар, біз өз тарапымыздан ауыл шаруашылығы өнімін шығару мен қайта өңдеумен байланысты жобалардың тағы бір бөлігін енгізу мақсатында жұмыс істейтін боламыз»,– деп мәлімдеді елші.

«Мен мұны өте жақсы бастама дер едім. Үстіміздегі жылдағы біздің басты міндетіміз – жұмыстарды іске асыру. Осы міндетті қалайша уақытында жүзеге асыратынымызды ойласам, ұйқым да қашып кетеді. Біз тек нақты істермен айналысуымыз керек», – дейді ҚХР-дың Қазақстандағы елшісі.

Сондай-ақ, Чжан Ханьхуэй Қазақстан мен Қытай арасында «жақсы байланыстың» бар екендігін айтты. Одан бөлек,  елші ҚХР елшілігінің «Екі жақтың кәсіпкерлеріне көмектесу үшін» ұлттық министрлікке мамандар алмасу қажеттілігіне қатысты ұсыныстар жібергендігін де мәлімдеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер