«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ШОБ-қа арналған микронесиелер наурыз айынан бастап беріле бастайды

2016 жылғы 24 Ақпан
11340 просмотров

Таяу күндері микроқаржы ұйымдары ашылып, несие алудың шарттары бекітіледі

«Жоба осы аптада басталады. Қазір қаржы агенттерімен ортақ келісімге қол қойылып жатыр. Сонымен қатар, Маңғыстау облысынан да микроқаржы ұйымы ашылмақ. Наурыз айынан бастап қаржыландыруды бастамақпыз. Біздің жоспарымыз бойынша, бағдарлама 6 жыл жұмыс жасайды – инвестор бізге ақшаны 3 жылға береді, сосын оның мерзімі тағы 3 жылға ұзартылады», – деп хабарлады «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Жұмыспен қамту департаментінің директоры Жеңісбек Дулатов.

Оның сөзінше, жуық арада микронесие алудың негізгі шарттары мен талаптары, керекті құжаттар тізімі белгілі болады. «Содан кейін микронесие алғысы келгендер микроқаржы ұйымына және Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барып, барлық сұрақтарына жауап ала алады», – деді Ж.Дулатов.

Сондай-ақ, ҰКП өкілі бір адамға берілетін несие көлемі 15 млн теңгеден, қаржыландыру мерзімі 5 жылдан аспайтынын, ал сыйақының ең жоғарғы мөлшерлемесі 7% болатынын жеткізді. «Басты мақсат – жобаны қаржыландырудан пайда табу емес, қаржы институттарының шығынын жабу. Қаржыландыру не микроқаржы ұйымдарын құру арқылы, не біздің қаржы агенттігіміз – Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы іске асады. «Атамекен» бұдан пайда алуды көздемейді», – деп атап өтті ол.

«Комиссия бір реттік қана болуы мүмкін: борышкер микроқаржы ұйымдарын қамтамасыз етуге немесе қаржы агенттіктерінің қызмет ақысын төлеуге қажетті комиссиядан бөлек, тек негізгі соманы ғана өтейді», – деді департамент директоры.

Дулатовтың айтуынша, кепіл ретінде кәсіпкердің қолындағы кез келген мүлік қабылданады. «Олар төрт-түлік мал, тұрғын үй, техника, жер телімдері болуы мүмкін. Қайтарым бірнеше жолмен іске асады: Несие біз ұсынған график бойынша қайтарылу керек, егер оны график бойынша қайтаруға мүмкіндік болмаса, не несиені қайтару мерзімі ұзартылады, не несие комитетінің мүшелері қаржыны қайтару жөніндегі жауапкершілікті өз мойындарына алады», – деді ол.

«Бізде әзірге Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Алматы облыстарында 4 пилоттық жобамыз бар. Біз ол облыстардың әрқайсысына 300 млн теңгеден бөлуге дайынбыз. Біз не себепті бұл өңірлерді таңдадық? Өйткені ондағы жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджеттен де 300 млн теңге бөлуге келісім берді. Демек, әр өңірге 600 млн теңгеден жұмсалмақ. Егер басқа аймақтар осындай схемамен жұмыс істегісі келсе, біз қосылуға дайынбыз», деп өз сөзін қорытындылады Дулатов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер