«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қауіпсіз демалыс

2016 жылғы 24 Ақпан
9428 просмотров

Ұлттық палата мен ҚР ИДМ бірлесе отырып, шетке шығу туризмі саласында ҚР азаматтары құқықтарын кепілдендіру жүйесін жасауда

Туроператор мен турагенттің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру мәселесі жұмыс тобының алғашқы отырысында талқыланды.  «Атамекен» Ұлттық палатасында өткен отырысқа өңірлік кәсіпкерлер палаталарының, мемлекеттік органдардың, ҚР туроператорлары мен турагенттерінің, Қазақстан сақтандырушылар қауымдастығының, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының және өзге де қызығушылық танытқан нарық қатысушыларының өкілдері қатысты.

Жиынға жиналғандардың пікірінше, бүгінде туристік нарық қатысушыларын сақтандыру қажеттілігі туындап отыр.

Жазғы туристік маусым қарсаңында туристік нарықтың 70%-ға жуығы туроператор мен турагенттің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарының болмауынан өз қызметін атқара алмай отыр.

2015 жыл бойы «Атамекен» ҚР Палатасы Туристік сала комитетінің Хатшылығы ҚР Инвестициялар мен даму министрлігінің Туризм индустриясы департаментімен бірге қаржылық құралдарды қамтамасыз етіп, сақтандыру компанияларына төнетін қауіпті азайту үшін шетке шығу туризмі саласында ҚР азаматтары құқығын кепілдендіру жүйесін жасаумен айналысты. ҚР Инвестициялар мен даму министрлігі туризм индустриясы департаменті басқармасының басшысы Асылхан Есіловтың мәлімдеуінше, бүгінде жүйе іске қосылған. Оның пікірінше, мұндай жүйені енгізу туристік нарықтағы төтенше жағдайларға жедел түрде әрекет етуге зор мүмкіндік. Сонымен бірге, 28 ақпан күні шетке шығу туризмі саласында Азаматтар құқығын кепілдендіру жүйесінің әкімшісін таңдау бойынша байқау іске қосылады.

Дегенмен отандық туроператорлар құқықтық алаң аясында жұмыс жасау қалай жүзеге аспақ деген мәселе бойынша алаңдап отыр. Сақтандыру компаниялары, өз кезегінде, туындауы мүмкін қауіптерді қарастыруда. Десек те аталмыш Жүйеден келер пайда да жоқ емес. Сақтандыру компаниялары турагент пен туроператордың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруды қайта қолға алуы ықтимал.

Жұмыс тобының қатысушылары Азаматтар құқығын кепілдендіру жүйесі сақтандыру мен туристік нарықтар мүддесіне қарай жұмыс жасайды деп санайды. Сонымен бірге, олар сақтандырушыларға төнер қауіпті азайтып,  шетке шығатын азаматтар құқығын қорғауды көздейтін жүйе туындап отырған турагент пен туроператор АҚЖ сақтандыру мәселесін шешуге қауқарлы деп есептейді.

Жиында шетелдік, мәселен, Ресей, Қытай, Гонконгтағы серіктестерге сақтандыруды жүзеге асыру мүмкіндігін беру ұсынысы да айтылды. Бұл бәсекелі ортада нарықты дамытуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ «Элит Саяхат» турфирма директоры туроператорларға арналған міндетті сақтандыру жүйесін алып тастаған дұрыс деген пікір айтты. «Егер сақтандыру компаниялары турагенттерді ғана сақтандырар болса, онда оларға төнетін қауіп те азаяр еді», – деді ол. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер